АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Әлсіз тіреу, осал ұстын көптеген көпірдің құлауына себепкер болуда

скачанные файлы (4)Өткен ай еліміз үшін ғана емес, тұтас ғаламшарымыз үшін сынаққа толы кезең болды. Табиғи һәм өндірістік апаттар туралы ақпараттар ағынынан құлағы тұнған жұрт көктем келгенде ауыздарынан тастамайтын тәмсілдің өңін айналдырып: «Сәуір кетпей, тәуір болмас» десті. Болған оқиғалар туралы тереңірек қалам тарту үшін тілші қауымы да мамырдың туғанын асыға күткендей. Бірі өрттің, бірі зілзаланың, бірі су тасқынының себеп-салдарына үңілсе, тағы бірі адамның салғырттығынан болған өндірістік апаттардың сырын іздеп әуре. Біздің нысанамызға кешегі бесқабатты «Бесобаның» «ізбасарлары» – ел игілігіне қызмет етіп үлгермей құлаған көпірлер нөпірі ілікті.

Айналма көпірдегі апат

24 сәуір, 11 сағат 57 минут. Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне Т.Рысқұлов даңғылы мен Сайын көшесінің қиылысындағы апат туралы хабар дәл осы уақытта келіп түскен. Салынып бітпей жатып құлаған көпір құрылыста жұмыс істеп жатқан 52 адамның 21-ін жарақаттап, бір құрылысшының өмірін жалмады.

Төтенше жағдай салдарынан қаза тапқан Тоқтасын Иманқұловты аумағы шамамен 1000 шаршы метрді құраған үйіндінің арасынан табу оңайға соққан жоқ. Құтқару жұмыстарына 200 адам және 95 техника, 3 із ке­суші ит жұмылдырылды. Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Мадияровтың: «Зардап шеккен 21 адам жедел жәрдеммен №7 қалалық ауруханаға жеткізілді. Оның ішінде 2 адамның жағдайы ауыр. Олар әртүрлі жарақат алған. Бір адамды таба алмай жатырмыз. Қазір үйінділер тазалануда. Жоғалып кеткен құрылысшы компа­нияға жаңадан жұмысқа тұрғандықтан оны ешкім білмейтін болып шықты» деген түсініктемесін журналистер оқиға орнынан жарыса жариялап жатты. Марқұмның мәйіті үйіндіні аршу жұмыстарының төртінші күні бір-ақ табылды.

28 сәуір, яғни Тоқтасын Иманқұ­лов­тың денесі табылған күннің ертеңіне «КТК» телеарнасы құры­лыс­шының қара жамылған шаңырағына бас сұқты. Жалғыз асыраушысынан айрылған отбасыға құры­лысқа жауапты мекеме өкілде­рінің қарайласпағаны сол кезде анық­талды. Көмек түгілі, «Базис-А» компа­ниясының басшылары марқұмның жесіріне көңіл айтуға да жарамаған.

Қайғылы оқиғадан бір ай бұрын бұл отбасы отағасының 60 жылдық мерейтойын тойлапты. Жасының егде тартқанына қарамастан Тоқтасын Иманқұлов жас құрылысшылармен қатар ауыр жұмыстарды атқарып жүрген. Отбасының жалғыз асырау­шысы бетон көтеріп, тасты да арқалап­ты. Күйеубаласын құрылыстан үнемі ыстық шайымен қарсы алатын кейуана Ұлбике Баймұрзаеваның айтуын­ша, ол өте кішіпейіл, шаруақор адам болған.

Марқұмның артында қалған екі қызы әкелерін енді қайтып көре алмайтындарына сенгісі жоқ.

«КТК» телеарнасынан берілген сюжет­тен кейін «Базис-А» компания­сының өкілдері өзгеріп сала берді. Көпір астында қалған Тоқтасын Иманқұловтың отбасына 2 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсететіндерін айтты. Артында қалған жесіріне өмірінің соңына дейін зейнетақы тағайындауды ойластырамыз деді. Жарақат алған құрылысшыларға да өтемақы төлеуге уәде берді. Тек берілетін қаржы көлемі олардың алған жарақаттарына қарай тағайындалмақ.

Салынып жатқан көпірдің құлауы­на не себеп болғанын анықтау үшін арнайы комиссия құрылған болатын. Оның құрамына қалалық Ішкі істер, Төтенше жағдайлар департаменті, Еңбек және көші-қон инспекциясының өкілдері кірді. Қала билігі комиссия өз жұмысын аяқтағанша апат туралы жаңсақ дерек таратуға тыйым салды, БАҚ-тың біраз уақыт тынышталып қалғандығы сондықтан. “Комиссия тергеуді қорытындылап, нақты деректерді таппайынша сыбыстар айтуға, оған сенуге болмайды. Бұл оңай жұмыс емес, аса ауқымды, көп еңбекті қажет ететін шаруа. Тергеу жүргізу үшін үйінділерді толық тазалау керек”, – деді Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ерік Алпысбаев. Күттік. Апаттан кейін араға он күн салып, «Базис-А» халық алдына шықты. Жай шыққан жоқ, кінәліні көрсетпекке. Құрылыс жүргізген компанияның айтуынша, көпірдің құлауына ресейлік маман­дар­дың салғырттығы себеп.

Бетон құйылатын қалып пен тіреуіштерді «Базис-А» Мәскеуден сатып алыпты. Сондай-ақ, қалыпты қалай орнату кезінде құрылысшылар ресейлік мамандардың сызбасы мен нұсқауын басшылыққа алғандарын айтады. Көпірдің үстіне барлығы 2350 текше метр цемент құйылуы тиіс болған. Оның небәрі 900 текше метрі төселген кезде апат орын алып, ұзындығы 129 метр аспалы жол опырылып түскен.

Сараптама қорытындысы бойын­ша өздерін ақтап алған «Базис-А» шығынды қайтарту үшін қалыпты сатқан ресейлік компанияны сот­қа бермекші. «Жағдай кейбір адамдар таратқандай аса күрделі емес. Алдымызда үлкен жұмыстар тұр. Біздің компания ішкі тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, қалыпты шығарушы, жеткізуші копанияның кесірінен апат орын алған. Ол жазалануы тиіс. Біз олардың кінәсін дәлелдеуге тырысамыз»,– деді «Базис-А» холдингінің президенті Александр Беловия.

Айналмалы көпір 2016 жылдың қыркүйегінде қолданысқа берілуі тиіс болса, компания оны мерзімінен 8 ай бұрын аяқтауды жоспарлаған көрінеді. Қазақтың «Асыққан – шайтан ісі» деген тәмсілін ескермесе керек.

Құлаған үйінділер тазартылып болған соң, құрылысты жалғастыру үшін материалдар Польшадан жеткізілмек. Жалпы көпірге 10 миллиард теңге жұмсалу тиіс болса, оның 10 пайызы қалалық, қалғаны республикалық бюджеттің қаржысы. Кісі өліміне әкеп соқтырған қайғылы жағдайдың шығыны мамыр айының ортасына қарай анықталуы тиіс.

Бұл – елімізде құрылысы жүріп жатқан уақытта құлаған алғашқы көпір емес. Естеріңізде болса, 2009 жылы дәл осындай төтенше жағдай Атырау қаласында болған еді. Қаладағы Мечников пен Баймұханов көшелерін байланыстыратын көпірдің ұзындығы 106 метр, ені 18 метр болатын орталық бөлігі құрылыс-монтаж жұмыстары барысында Жайық өзеніне құлап, салдарынан 4 адам қаза тауып, 10-ға тарта адам зардап шеккен болатын. Алыстағы Атыраудан хабар таратқан ақпарат құралдары облыстың сол кездегі әкімі Бергей Рысқалиевке сілтеме жасап, көпір апатының себептерін тергейтін комиссия құрылғанын мәлімдеді. Алайда комиссия жұмысының қоры­тындысы туралы толыққанды ақпарат берілген жоқ. «Техникалық себептерге байланысты» деп жылы жабылды. Он күн бойы Алматыдағы комиссияның аузына телмірген жұрт та тұщымды жауап ала алмады. Бұл жолы да тараптар кінәні бір-біріне ысырумен шектелетін сияқты. Бұл – «эстафета» жалғаса береді деген сөз.

Су шайған көпірлер

Еліміздің 5 облысын бірдей шар­пыған су тасқыны өңір тұрғындарына ғана емес, сол аймақтардағы ірілі-ұсақ­ты көпірлерге де сынақ болды. Сынақтан сүрінгені, топан суға төтеп бере алмағаны көп.

Қызыл су Шығыс Қазақстандағы көпірлердің осалдығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Арнасынан асқан өзендер бұл өңірдегі төрт көпірді құлатты. Соның бірі – Тишинский ауылындағы өзен үстіне салынған нысан. Қызыл суға шыдас бере алмаған көпір бір түнде құлаған. Салдарынан жағада орналасқан бүтін бір ауыл көрші елді мекендермен байланысты үзіп алды. Енді Тишинский ауылының тұрғындары жақын маңдағы дүкендер мен дәріханаларға жету үшін 10 шақырым жолды айналып өтуі қажет. Құлаған көпір 70 отбасының жалғыз күре жолы болыпты. Ауыл басшылығы нысанды су арнасынан қайтқанда ғана қалпына келтіре аламыз деп отыр. Оған дейін жергілікті тұрғындар біраз қиындық көретін болды.

Су тасқынына төтеп бере алмаған тағы бір нысан – Өскемен мен Семейді байланыстыратын көпір. Қарасу өзені арқылы өтетін көпірдің құлау салдарынан республикалық маңызы бар тасжолдың бойында көлік қатынасы тоқтап тұр. Жергілікті халық айналма жол арқылы жүруге мәжбүр. Апаттың салдарын жою үшін 20 трактор және грейдер, бульдозер сынды техникалар жұмылдырылған. Абырой болғанда төтенше жағдай кезінде адам шығыны болған жоқ. Соған шүкірлік еткен шығысқазақстандықтар кінәнің бәрін табиғатқа ысыра салғанды құп көрді. Қызыл судың бұл өңірге жыл сайын қауіп төндіретінін біле тұра, нысан неге тасқынға төзімді етіп салынбаған деген сауалға ешкім бас ауыртқысы келген жоқ. Оның үстіне, Алматы-Өскемен, Семей-Қайнар, Шар-Бақыршық секілді бірқатар тасжолдарды су шайып, берекесі қашқан жұрттың кінәліні іздеуге мұршасы да болмады. Десе де, өңірде әр жыл сайын кем­ дегенде бір көпір құлайтынын ескер­сек, шығысқазақстандықтардың қоры­тынды шығаратын уақыты бая­ғыда туған. Құрылыстың ескі әдісі әлсіздігін бір емес бірнеше рет көрсетті. Ендеше жергілікті құрылысшылар көпірдің табиғи һәм өндірістік қысымдарға төзімділігін арттыратын жаңа тәсілдерді неге іздемейді?

Шығыс Қазақстан мүндай төтен­ше жағдаймен 2013, 2014 жылдары да бетпе-бет келді. 2013 жылы су тасқыны мен жаңбырдан Семей қаласының Холодный ключ ауылында көпір құлаған болатын. Ертіс өзенінің үстінен салынған көпірдің бетон іргетасы ағынды суға төзбей, опырылып түскен. Ал былтырғы жылдың көктемінде арнасынан асқан Өрел мен Арасан өзендері 3 көпірді шайып кеткен еді. Бұзылған көпірлерді қалпына келтіру үшін 500 миллион теңге жұмсалды.

Қарағанды облысында да су тас­қыны салдарынан бірнеше көпір қирап қалды. Атап айтсақ, Құланөтпес өзенінде екпінді мұз көшкіні мен су ағыны кезінде аудандық маңызы бар Ізенді-Соналы автожолында орналасқан Кеңжарық ауылының көпірі қирады. Сондай-ақ, Баршын-Тікенекті автожолындағы көпір құлады. Нұра ауданы әкімдігі таратқан хабарламаға сүйенсек, Астана-Қорғалжын-Баршын-Шұбаркөл автожолындағы көпір тірек­терін су шайып кеткен. Бұқар Жырау ауданындағы Ботақора және Тоғызқұдық кенттері арасында орналасқан Нұра өзеніндегі Кузнецкий көпірі де су тасқынына төтеп бере алмады. Аталмыш нысан істен шыққан күні журналистерге сұхбат берген Қарағанды облысының әкімі Н.Әбдібеков мұндай жағдай қайталанбас үшін алдағы уақытта конс­трукцияны нығайтуға баса мән берілетініне сендірді. Биыл­ғы сынақтан сабақ алған қараған­дылықтар көпір құрылысы жүрдім-бардым қарайтын дүние емес екенін түсінген сияқты.

Павлодар облысы, Баянауыл ауданындағы Ащысу өзенінен өтетін көпірді салу кезінде де табиғаттың тосын мінезі ескерілмеген болып шықты.

KMS_8732Құлаған нысанды қайта тұрғызу үшін шамамен 800 млн. теңге қажет екен. Мұндай болжамды «ҚазАвтоЖол ҰҚ» АҚ Павлодар облысындағы филиалының өкілдері жасап отыр. Су тасқынынан опырылып қалған 72 метрлік өткел 1981 жылы салынған. «ҚазАвтоЖол ҰҚ» АҚ облыстық филиалы жол қауіпсіздігі және пайдалану бөлімінің басшысы Ақылбек Қабылдиннің айтуынша, көпірді жөндегеннен пайда жоқ. Оны апаттық жағдайларға бейімдеп, қайта салған дұрыс дейді мамандар. Бұл іске кем дегенде төрт айдай уақыт керек екен. Демек, Баянауыл тұрғындарына әзірге Ащысуды айналып өтуге тура келеді.

Көршіге көз тіксек…

Еліміздегі көпірлердің осалдығын мойындағысы келмейтіндер дәл осындай төтенше жағдайлардың әлемнің барлық түкпірінде орын алып жатқанын алға тартуы бек мүмкін. Бірі күні кеше Боливияда құлаған көпірді, тағы бірі ондаған адамның өмірін жалмаған Бразилияның Белу-Оризонти қаласындағы көпірді мысал етуі ықтимал. Көпірлердің табиғи апат салдарынан құлау деректері әлемдік тәжірибеде жиі кездесетінін жоққа шығара алмаймыз. Орыс ғалымдары су тасқыны мен зілзалаға, жауын мен желге төтеп бере алмаған өткелдердің жауапкершілігін нысанның жобасын жасаған сәулетші арқалауы тиіс деп есептейді. Өйткені ол жобалау кезінде көпір салынатын орынның жағрафиялық жағдайын, климатын, табиғи апаттардың қауіп-қатерін басшылыққа алуы тиіс. Зерттеушілер сәулетшілердің салғырттығынан құлаған бірнеше көпірді атап көрсетеді. Мәселен, Ұлыбританияның Данди қаласындағы Ферт-оф-Тейдің үстінен өтетін көпір 1879 жылы қатты дауыл салдарынан қирап, 75 адамның өмірін қиған. Ал Жаңа Зеландиядағы Вангаэху өзенінің үстінен өтетін көпірдің құлауына жанартаудан ақтарылған лава себеп болыпты. 1953 жылы болған апат салдарынан 151 адам қаза тапқан екен. 1989 жылы Калифорниядағы ірі жер сілкінісі бірден екі көпірдің қирауына себеп болды. Оклендтегі қираған көпір 42 адамның өмірін жалмаса, Сан-Франциско бұғазы арқылы өтетін нысан 1 адамды мерт қылды.

Көпірлерді лаңкестік шабуыл нысаны ретінде қолдану деректері де тарихта жиі кездеседі. Мәселен, 2002 жылы Үндістанда Дхава өзені арқылы өтетін темір жол көпірі қасақана құлатылып, 130 адам лаңкестік шабуылдың құрбаны болған еді.

Көпір табиғаттың тосын мінезіне төтеп беріп, зор қысымға қарамастан ұзақ қызмет етуі үшін шетелдік мамандар құрылысы аяқталған нысандарды жан-жақты сынақтан өткізеді. Мысалы, 1883 жылы салынып біткен Бруклин көпірінің төзімділігін тексеру үшін сол кездің серісі Ф.Барнум оның үстінен 21 піл мен цирк жануарларын жүргізіп өткен екен. Халық ескерткіші әрі Нью-Йорк символы саналатын нысан содан бері жергілікті халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Манхеттен мен Бруклиннің арасын қосып тұрған көпірдің жобасын Джон Роблинг жасапты. Бірақ сәулетші құрылыс басталғанда қайтыс болғандықтан, бұл істі баласы Вашингтон Роблинг жалғастырады. Кейін Вашингтон да сырқаттанып қалғанда, әйелі Эмили Роблинг бас инженер ретінде құрылысты өз қолына алыпты.

Алысқа бармай-ақ, терістік көршіміздің тәжірибесінен тәлім алсақ та жетіп жатыр. Ресейліктер өткен жылдың соңында ғана құрылысы аяқталған Бугринск көпірін пайдалануға бермес бұрын әбден сынаған. Обь өзені арқылы өтетін көпірдің мықтылығына көз жеткізу үшін оның үстінен бір мезгілде лық толтыра құм артылған 20 «КамАЗ» көлігі қатар жүріп өткен. Көпірге түскен жалпы салмақ 600 тоннаны құрапты. Сынақ барысын нысанды жобалаушылар мен құрылыс компаниясының өкілдері және жергілікті билік өкілдері бақылаған. Көпірдің төзімділігіне күмән қалмау үшін мамандар лазерлік құрылғының көмегімен де тексеріп көрсе керек. Сынақтан сүрінбей өткен соң ғана Бугринск көпірі ел игілігіне берілді.

Биыл еліміздің түкпір-түкпірінде бірнеше көпірдің құрылысы жоспарланған. Бұқтырма өзенінің үстіне салынатын ұзындығы 2 шақырымды құрайтын көпір күзден бастап салынбақ. Күршім ауданы Ішкі саясат бөлімі мамандарының сөзіне сүйенсек, өткен жылдың қараша айында ауданға Кореядан бір топ инвесторлар делегациясы арнайы келген. Сол кезде жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде Бұқтырма көпірінің құрылысы көпір салудан әлемдегі жетекші компаниялардың бірі – кореялық «Posco» компаниясына сеніп тапсырылыпты. Өзіміздікі өнбеген соң, өзгенің жұмысына иек артуға мәжбүрміз. Тәжірибеміздің аздығын, бұл салада білім-білігіміздің жет­кіліксіздігін пайдаланып, жат­жұрт­­­тықтар тағы да немкеттілікке баспасына кім кепіл? Қазақтың алыс-жақынды еліткіш жомарттығы кейде өзіне кесір боп тиетіні өкінішті-ақ.

Анар Лепесова

http://turkystan.kz/