Бүгінде жұрт тамсана көретін «Келін» телесериалында басты рөлде ойнаған Ананди – Авика Гордың қазақстандықтарды да селт еткізгені анық. Бәрінен қызығы, өзін Қайрат Құралұлы деп таныстырған оқырманымыз Анандиге арналған ғашықтық хатын да жазды.
Алайда осы хат біреулердің көңіліне келген сыңайлы. Қайраттың хатына наразы болған Азаматтың пікірін оқып көріңіздер…
Құрметті Ананди!
Саған айтар ақылым, өзіңе хат жазып отырған Қайраттың сөзіне сенбе! Мұны мен жастық шақта болатын сезім сергелдеңі дер едім. Одан гөрі махаббатыңды өз еліңнен ізде. Өміріңдегі бақытты тіршілікті тек Үндістаннан табасың.
Сенің де жүрегіңде жүрген адамың барына сенемін. Ол тек үнді жігіті болғанын қалар едім. Сендер жақтың жігіттері сезімтал келеді. Ондай жерде махаббатқа берік сенім де орнықты боларына дауым жоқ. Саған қазаққа келін болғаныңнан не пайда? Не қазақ тілін, не орыс тілін білмейсің. Өнерде өз орныңды табарыңа күмәнім бар. Сондықтан үкілі үмітіңді үнді жігітімен байланыстыр.
Қадірлі Қайрат!
Менің бұл пікіріме ренжіме. «Келін» телесериалы арқылы Анандиді мен де жақсы көріп кеттім. Бірақ өзімнің тағдырымды үнді қызымен байланыстырғым келмейді.
Менің бар арманым – бір қазақ қызын бақытты ету. Қазақ қыздары үнділік құрбыларын он орап алады. Сұлу десең сұлу, ақылды, мәдениетті, ұлт рухынан қол үзбеген бойжеткендерімізді жатқа қимаймыз. Оларды бақытты ету әрбір қазақ жігітінің борышы болуы тиіс.
Үнді киноларының сезімге, махаббатқа құрылатындығында дау жоқ. Оқиғалары да шым-шытырық. Біз түгілі ата-аналарымыз да кезінде ауылда от жағылмайтын ескі клубтарда қыстың қақаған күндерінде тон киіп отырып та үнді киноларын көрген. Оның жанында біз бақытты ұрпақпыз. Осыны дұрыс түсініп, болашаққа дұрыс қадам жасағанымыз жөн секілді.
«Теледидардан сені көрген соң, саған деген көңілімнің өзгеше екендігін байқадым. Қысқасы, сені ұнатып қалдым. Алайда мекенжайыңды, телефоныңды қайдан табамын? Тапқан күнде де ағылшын тілін білмейтіндігім де қолбайлау болары анық» деген пікіріңде орынды ұсынысты байқадым. Расында да, бізге орыс тілінен гөрі ағылшын тілі өте қажет болып тұр. Келешекті де осы тілмен байланыстыруға болады. Бірақ мектеп түгілі жоғары оқу орнын бітіріп те ағылшын тілін меңгере алмаған қыз-жігіттер көп. Кінәлі – өзіміз. Тіл білген кісінің тірегі мықты заман туды. Осы тіл арқылы Ананди секілді арулармен танысу былай тұрсын, шетелде емін-еркін жүріп, бизнесті де қиналмай игересің. Сондықтан Қайрат секілді замандастарымды жас кезде білімді барынша игеруге шақырар едім.
Ең бастысы, Қайрат секілді азаматтар елдің бағын ашуға, қазақ қыздарының мерейін өсіруге барын салуы тиіс. Мәңгілік махаббатыңды өз еліңнен тауып, өз ұрпағыңды – қазақтың ұрпағын өсіргенге, оларды мықты азамат етіп тәрбиелегенге, олар елге адал қызмет етуді үйренгенге не жетсін!
Азамат АЙТУҰЛЫ, Павлодар қаласы
http://www.aikyn.kz/articles/view/51304