АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Әншілер сайт ашуда неге салғырттық танытады?

инОсы сұрақ журналистерді ғана емес, дүйім жұртшылықты да мазалайтыны даусыз. Әсіресе, сүйікті әншісімен байланыс орнатқысы келіп, оның сапалы дүниесін тамашалауға құштар жанкүйерлерге обал-ақ. Мақтағанымыз емес, шетелдегі енді ғана үлкен сахнаға шыққан жас өнерпаздардың ресми сайты бар, ал бізде Халық әртістерінің өзі бұл жағынан ұяттылау.

 Жаһандық желідегі «жұлдыздар»

Ең алдымен дүние жүзі телмірген интернетте өз «мекені» бар әншілерге тоқталайық. Көш бастап тұрғандардың арасында «тойдың падишасы» атанған Заттыбек Көпбосынұлы бар. www.zattybek.kzсайтында өнер иесінің өмірбаяны мен әндері, сондай-ақ бейнеклиптері орналастырылыпты. Зәкеңнің суреттерін көргіңіз келсе де, мархабат: ресми парақшада барлығы қарастырылған. Телеарналарға берген сұхбаттарын жариялаған ол, тыңдармандардың лебіз қалдыруына да жағдай жасапты. Осы орайда, Бүленов мырза ендігі ғаламтордың падишасы болса, әсте таңғалмаймыз.

Көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забированың сайты бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның шығармашылығы туралы жан-жақсы сыр шертетін интернеттегі мекен-жайынан көптеген қызықты мәліметті табуға болатынын жоққа шығармаймыз. Көршілес елдерге гастрольдік сапармен жиі баратын өнер иесі әкімшісі мен концерт ұйымдастырушылардың телефон нөмірлерін де жариялауды ұмытпапты. Шамасы «бір оқпен екі қоянды атуды» ойласа керек. Алайда, талантты әнші өзінің Қазақстаннан екенін, онда мемлекеттік тіл – қазақ тілі екенін қаперге алса, нұр үстіне нұр болар еді. Барлық деректі ресми тілде толтырғанwww.tolkynzabirova.kz сайтының иесінің құлағына алтын сырға! Айтпақшы, сайттың жаңартылмағанына да біршама уақыт болғандай…

 

Өкініштісі, Забированың олқылығын «Мюзикола» дуэті де қайталапты. Осында құрылып, танымалдылыққа жеткен Карина мен Болаттың ресми сайтында қазақша бір ауыз сөздің жоқтығы (!) қынжылтты. Осындайда өсіп-өркендеген жерді ұлықтау да – өнер дегенді айтқымыз келеді. Мойындау керек, сайтқа «қонақ» болғандар таң-тамаша күйде қалады. Топтың орындауындағы әндер бірден естілгенде, олардың ғаламтордағы «әлеміне» қалай еніп кеткеніңді байқамай да қаласың. Музыканың құдіреті осы болса керек. Тағы бір ерекшелік – әншілер әлемдік желі арқылы өздерінің өнерін дәріптеуден бөлек, альбомдарының сатылым жүйесін де мықтап қолға алғанға ұқсайды. Парақшаның бірінші бетінде-ақ «Арман жолдар» әнжинағы «мен мұндалап» тұр. Жарнама жасамалық, ғаламтор қолданушылардың өздері www.musicola.ru сайтынан құнын біліп алар…

Батырхан Шүкеновке тиесілі www.batyr.net сайтының мән-мазмұны да көңіл қуантарлық. Осындайда әншінің өзге елдерге көп шығып, сондағы әріптестерінен үлгі-өнегі алатыны көрініп-ақ тұр. Бір анығы, сайттың әкімшісі жақсы еңбектенген. Бұл жерде жанкүйерлер жаңа әндер мен бейнесаздарды ешқандай қиындықсыз көре алады. Әттеген-айы, тіл мәселесі Шүкеновті де айналып өтпейді. Орыстілді сахна саңлағы оның орындауындағы «Отан-ананы» тыңдайтын қазақтардың барын ұмытпай, оларға да интернет кеңістігінде көңіл аударса игі.

Ақиқаты сол, жоғарыда аталғандардың сайты «Ұлытау» тобыныкімен салыстырғанда, жолда қалады. Қыдырәлі Болман жетекшілік ететін өнерпаздардың еңбегіне көз сүйсінеді десек, асыра айтпаспыз. Қатарынан 4 тілде «қызмет көрсетіп», барлық композициялар мен клиптерді, одан бөлек жаңалықтар мен топқа қатысты басқа да дүниені ұсынатын www.ulytau.kz-ке кірушілер де көп. Дизайны келіскен ол жерде тағы да не барын оқырмандардың өздері көре жатар.

 

Еңбекқор жас әншілерді да қысқаша тілге тиек ете кетейік. Айталық, «V-alem»«Mysterions»топтары, Ернар Айдар – бір-бір сайтты жүргізіп отыр. Алғашқысының сайты бізге белгісіз себептермен техникалық жөндеуде болса, одан кейінгі трионың интернеттегі аяқ алысы жаман емес. Ал соңғысы – жас әнші Ернар Айдар ол жағынан қатарластары арасында оқ бойы озық. Гастрольдік сапармен қайда, қашан барғанын жасырмайтын Ернар өзіне жарнаманың қажет екенін әлдеқашан түсінгендей көрінді. Қысқасы, www.v-alem.kz, www.mysterions.com, www.ernar-aidar.kz сайттарына кіруге кеңес береміз.

  Аты бар да, заты жоқ сайттар

   Бүгін шығып, ертең ұмытылатын әндер сияқты ғұмыры қысқа сайттар да кездеседі. Дұрысы – қандай мақсатта ашылғаны беймәлім сайттар да бар. Әуелі талайларға «пах-пах» дегізген Айқын Төлепбергенді сөз етсек, оның соңғы рет 2010 жылы жаңартылған www.aikynt.kz домендегі сайты бар-ды. Осыдан үш жыл бұрын ол: «Сайтымның ашылуына мұрындық болып, тікелей қолғабыс жасаған – достарым. Оған да көп бола қоймады. Кез келген бастаманың шикі тұстарының кездесетінін айта отырып, мәселенің аз уақытта ретке келетінін жеткізгім келеді» деп сайттың олқылықтарына қатысты сұхбат берген болатын. Сөз басында өткен шақта жазуымыз бекер емес, Айқынның қателіктерге толы сайтының өзі қазіргі таңда келмеске кеткен. Есесіне, әншіге тиесілі доменді терсеңіз, қызық жарнамаға тап боласыз. Өнер иесі «Кузня» атты шеберхананы жарнамалауға көшкен бе? Бұл оның өзіне ғана аян.

   Түркияның төрінде «оппалаған» «Ринго» тобының да ғаламтордағы бағыт-бағдары белгісіз. Өздерінің ресми сайты www.ringo-world.com екенін айтып та, жазып та жүрген олар, соған бір назар аударса екен.

 

Қашан да алып-қашпа әңгіменің ортасында жүретін Қайрат Нұртас та «қызықты» сайт иелерінің қатарында десек болады. Барлық концерттік афишаларында www.kairatnurtas.kz cайтын көрсететін Айдарбековтің жартылай жалаңаштанған жігіттерге не қатысы бар? Сенбесеңіз, өзіңіз көріңіз, әншіге тиесілі доменді теріп қалсаңыз, нені жарнамалап тұрғаны өздеріне аян еркек кіндіктілер шыға келеді. «Көрген көзде жазық жоқ» деген…

Олардыкі де болған…

   Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісованың сайты бар еді, бірақ осыдан төрт жыл бұрын «жарнаны төлемегені үшін» жабылып қалған деседі.   Бағдат Сәмединова да кезінде www.bagdat-s.kz сайтымен жаһандық желіде жарқ еткен. Ондағы мақсаты – шығармашылын насихаттап, өз сөзімен айтсақ, журналистердің жұмысын жеңілдету. Дегенмен, бізді ойлаған сахна сандуғашының ойы ақыры орындалмады – сайт жұмыс істеуін әлдеқашан тоқтатқан. Бұның сырын ол былай деп түсіндіреді: «Өкінішке қарай, интернеттің «тілін» онша білмеймін. Сондықтан кезінде ақтөбелік бағдарламашы жігітке аштырған едім. Одан бері бірнеше жыл өтті. Қызығы сол, мен әлгі азаматтың телефон нөмірін жоғалтып алдым. Өзі де хабарсыз кетті… Соның әсірінен сайтым жабылып қалған болуы керек. Берілген мүмкіндікті пайдаланып, сайт арқылы «программистің» хабарласуын сұраймын. Жүктейтін материалдар көп…».

   Алтынай Жорабаева (www.altynaizhorabaeva.kz)Айгүл Иманбаева (www.a-teatr.kz), ВИА«МузАРТ»-тың да (www.muzart.kz) бұрын сайты болды. Бүгінгі күні олар «сайты жоқ әншілерге» жатады. Кезінде интернетте жақсы белсенділік танытқан өнер иелерінің бұл әрекетінің сыры неде екені бір Аллаға аян.

P.S. Біз сайты бар сахна саңлақтарының бәріне мейлінше тоқталуға тырыстық. Бұдан қорытынды шығарып, ой түюді патша көңілді оқырманның өз құзырына қалдыруды жөн көріп отырмыз. Бір айтарымыз, жыл өткен сайын технология дамып жатқан заманда әншілерге сайт ашу артықтық етпес. Олар өркениетке әннің сапасы мен киген сахналық костюмдерімен ғана емес, өзінің ресми сайтымен де жетсе, кәнекей?!

 Айбек СЕРІКҰЛЫ  

 http://aynaline.kz/