АЛТЫНОРДА
Новости

Аргентина футбол чемпионатының финалына шықты

Аргентина құрамасы ойыншыларының қуанышы. Бразилия, 9 шілде 2014 жыл.Футболдан әлем чемпионатының жартылай финалында Аргентина құрамасы Нидерланд командасын пенальтиден 4:2 есебімен ұтып, финалға шықты. Қарсыластар негізгі уақыт пен қосымша таймдарда да бір-біріне гол сала алмаған.

Пенальтиде Аргентина құрамасының қақпашысы Серхио Ромеро нидерландтық Уэсли Снейдер мен Рон Влар тепкен екі допты қайтарды. Аргентиналықтар қақпасына Арьен Роббен мен Дирк Кейт тепкен доптар ғана кірді.

Аргентина құрамасы сапынан Лионель Месси, Эсекьель Гарай, Серхио Агуэро мен Макси Родригес Нидерланд құрамасының қақпасына пенальтиден төрт гол соқты.

Енді аргентиналық футболшылар 13 шілде күні Рио-де-Жанейро қаласында финалда Германия құрамасымен кездеседі.

Алғашқы жартылай финалда Германия құрамасы алаң иелері Бразилия құрамасын 7:1 есебімен ұтқан еді.

Аргентина командасы соңғы рет финалға 1990 жылы шығып, Германия құрамасынан 1:0 есебімен ұтылған. Бұл ел 1978 және 1986 жылдары екі рет әлем чемпионы болған.

 http://www.azattyq.org/content/news/25451668.html