АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

АССАМБЛЕЯНЫҢ МАҚСАТЫ – ЕЛМЕН МҮДДЕЛЕС БОЛУ

ассБейбітшілік және келісім сарайында Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Басқосу барысында М.Тәжин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында этносаралық қарым-қатынас саласындағы жұмысты жандандыру бойынша берген тапсырмаларының орындалуын қорытындылады. Сонымен қатар еліміздегі этносаясатты жетілдірудің және ел бірлігі мен қоғамдық келісімді әрі қарай дамытудың негізгі мәселелерін күн тәртібіне қойды.

«Сіздермен биыл атқарылған шараларды зерделеп, алда тұрған міндеттерді нақтылап алу мақсатында жиналып отырмыз. 2013 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан айтулы жұмыстар атқарылды. Елбасы Ассамблеяның биылғы ХХ сессиясында бұл институттың Қазақсан қоғамындағы ерекше орнын атап көрсетті. Президент Ассамблеяға қоғамдық келісімнің бас институты жалпыазаматтық, жалпыұлттық ішкі саяси мүдделерден жоғары Конституциялық орган деген баға берді. Сондықтан да қоғамдық келісім мен ел бірлігі Ассамблея жұмысының және Қазақстан этносаясатының негізгі бағыты ретінде жалғаса беретін болады» деді ол. Мемлекеттік хатшының мәлімдеуінше, Ассамблея мүшелері этносаралық қарым-қатынастың көкжиегін кеңейту үшін биыл жылдағыдай жан аямай еңбек етті. Бағдарламалық құжат қабылдап, сол арқылы стратегиялық маңызды мәселелерді шешуге кірісті.
«Бізде 2020 жылға дейін жасалған бағдарламалық құжат бар. Ол барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген. Этносаралық үдерісті институт арқылы дамыту мәселесі де алдын ала айқындалған. Күні бүгінге дейін Ассамблеяда алқалы жиындар ұйымдастырылып, түрлі тақырыптар талқыланды. Соның нәтижесінде нақты шешімдер қабылданып, тиісті тапсырмалар берілді» деді М.Тәжин.

Лауазым иесінің сөзінше, Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың берекесі мен бірлігін одан ары нығайту үшін XXI ғасырдың екінші 10 жылдығында Ассамблея жұмысына ерекше екпін түсіріледі.

«Ассамблея еліміздегі тұрақтылық пен толеранттылықтың негізгі механизмі болып қала береді. Бұл – саяси емес, жалпыұлттық орган. Оның басты мақсаты – халықтың мүддесімен мүдделес болу және қоғамдық келісімді орнықтыра түсуге басымдық беру» деді Мемлекеттік хатшы.
Бұдан кейін М.Тәжин «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының ықпалдастығы мен әріптестігі алдағы уақытта да жалғаса беретінін баяндап, қос тарап «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асыру жолында үлкен күшке айналуы тиіс екеніне тоқталды.
Кеңес кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Парламент Мәжілісіндегі депутаттық тобының қызметі, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының тыныс-тіршілігі, сондай-ақ халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің еуропалық тәжірибесін енгізу мен Достық үйлерінің жұмысын жандандыру мәселелері туралы есеп тыңдалды. Аталған тақырыптар бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының Парламент Мәжілісіндегі депутаттық тобы басшысының орынбасары Е.Каппель, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі С.Жақыпова және Шығыс Қазақстан облыстық Достық үйінің директоры Э.Төлеубеков баяндама жасады.

Жиын соңында Ассамблея кеңесінің мүшелері Нұрсұлтан Назарбаевты алда келе жатқан мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, хат жолдады

Қанат МАХАМБЕТ, Советбек МАҒЗҰМОВ, Астана

http://www.aikyn.kz/