Бүгін сағат 19.00-да елордадағы «Сарыарқа» ОСО-ында Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау аясында екі сериялы «Дешті-Қыпшақ: Құпия белгілер» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Сценарийдің авторы және жобаның режиссері Бақыт Қайырбеков, фильмнің тең режиссері — Алексей Каменский, деп хабарланған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің сайтында. ХI ғасырда қыпшақ тайпалары біртіндеп Оңтүстік және Батыс Қазақстан, Поволжье, Кавказ аумағын және Қара теңіз жағалауын қамтыды. Осылайша, Шыңғысхан шапқыншылығына дейін Алтай мен Еділ аралығында туысқан түркі халықтарының бірігуі жүрді. Бұл біртұтас қазақ халқының пайда болуына алып келді. Фильмнің бірінші сериясы қыпшақтар мен армяндардың өзара тығыз қарым-қатынасына арналған. Олар өздерінен кейін Еуропада қарқынды дамыған қыпшақ-құман-половец тілінің 30 мыңға жуық теңдессіз тұрмыстық және әсіресе, әдеби жазба ескерткіштерін қалдырды. Фильмнің екінші сериясы бірегей «CodexCumanicus» кітабына арналған. Оны Қайта өрлеу дәуірінің көрнекті ақыны Франческо Петрарка венециандық кітапханаға 1362 жылы сыйға берген және ол Венециядағы Марчиана кітапханасында осы күні сақтаулы. «Кодекс Куманикус» (латын тілінен аударғанда «Қыпшақ тілінің сөздігі») — XIV ғасырдың басындағы белгілі құман тілінің (ескіқыпшақ) жазбаша дереккөзі. Ол филологтар үшін ғана емес, сондай-ақ тарихшылар үшін де материалдарға бай. Бұл кітаптың тағдыры жайлы қыпшақ жазбаларының белгілі зерттеушісі Александр Гаркавец айтып береді. Оның айтуынша, бұл ғажайып кітапта орта ғасырлардағы біздің ата-бабаларымыз — қыпшақтар тіліндегі әнұранның нотасы сақталған. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Ұлттық Академиялық кітапхананың бастамасымен түркі мәдениетінің ежелгі ескерткіші ретінде «Codex Cumanicus» кітабын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылды. Шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақ мәдениет ғылыми-зерттеу институтының тапсырысы бойынша өтеді.
http://zhebe.com/i