Астанада үйлерін сүріп, жерлерін «мемлекет қажетіне» алуға қарсы аштық жариялаған бес әйелдің бірі Сандуғаш Серікбаева жүктілігіне байланысты акциясын тоқтатты. Аяғы ауыр екенін бір апта бұрын білгенімен, ол осы күнге дейін аштықты жалғастырып келген.
Астанада 6 тамыз күні аштық жариялаған бұрынғы саяжай жеріне салынған үйлердің тұрғындары президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестіруді және қала билігінен өздерін күштеп көшіру туралы сотқа берген шағымын қайтарып алуды талап етіп отыр.
Әйелдердің аштық акциясы өтіп жатқан Алтын Червалиеваның үйі 15 тамызда сүрілетінін бұдан бірер күні сот орындаушылары ескертіп кеткен.
Астана қалалық ішкі саясат басқармасы Азаттыққа жауабында аштық жариялаушылардың талабы орындалмайтынын және олардың жерлерін қайтарып алу шараларын жүргізіп жатқан мемлекеттік органдардың әрекеті заңды екенін айтқан.
http://www.azattyq.org/archive/news/20140814/330/330.html?id=26530195