Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінген қазақтың кең жазира даласы талай тұлпарды дүниеге келтіргені рас. Оның дәлелі тарих қойнауында аңыз болып қалған, Тарғын батырдың Тарланы, Алпамыстың Байшұбары, Ақан серінің Құлагері десек қателеспейміз. Тұяғы тасты илеп, шапқан жері ор болып қалатын қазақ жылқысының қасиеті де керемет. Бірақ жылқысы үйір-үйір болған қазақ жылқысының асылтұқымдысы азайып бара жатқаны қынжылтады. Қыл құйрықты Қамбар атаның түлегін қадір тұтқан қазақ ішінде тек құрығына малданып отырғандар да баршылық.
Дегенмен ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Николай патша заманынан Алаш тұлпарының дүбірін құлақтан үздірмеген бірден-бір зауыт «Қазақ тұлпары» екені рас. Өйткені сонау жылдардан бері қазақтың қазанаты мен жабы тұқымдарын сақтап, жаңғыртып, сұрыптап келе жатқан осы зауыт екені – дүйім елге мәлім жағдай.
Тарих сахнасына қою қанық бояумен еніп кеткен «Қазақ тұлпары» зауытының тарихы да тереңде жатыр. Бүгінде жылқы зауытына 125 жыл толды. Ауыздығымен алысқан арғымақ жылқыларының түр-тұрпатына қарап сүйсінбей тұра алмайсың. Құдды сурет сияқты. Аршындай басып, желдей ескен төрт түліктің төресі – осы.
Бірақ «Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек» дегендей, асылтұқымды жануардың саны саусақпен санарлық. Себеп – шашасына шаң жұқпаған асылтұқымды жылқының саны азайып кеткен. Әсіресе қазақы тұқымды жылқының қазіргі жайы алаңдатарлық. Бір кездері 5 миллионнан асып-жығылған жылқының қазіргі саны 1 миллион 895 мыңды құрайды. Мұның ішінде асылтұқымдылары азғантай ғана үлеске ие.
Нәбидолла КИКЕБАЕВ, «Қазақ тұлпары» Қостанай жылқы зауытының бас директоры:
– Қазақ жылқысының тұқымын сақтап қалу – біздің басты міндетіміз. Әсіресе қазіргі алға қойған мақсатымыз жүйрік бәйге аттарының тұқымын өсіру болып тұр. Сол себепті араб жылқыларын сатып алып, қазақ тұқымымен будандастыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл еліміздегі жылқы тұқымын асылдандыруға ықпал етуі тиіс деп есептеймін.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Асылтұқымды жылқы басын өсіру – Елбасының да негізгі басымдық берген тапсырмасының бірі. Дегенмен бұл маңызды істе әлі де болса шалағайлық бар сияқты. Өйткені статистикалық зерттеу деректеріне жүгінсек, 1990 жылдан бергі жылқы санағында өсу емес, керісінше, азайып жатқанына куә боламыз. Әсіресе солтүстік облыстар Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарындағы жылқы малы қатты азайып кеткен.
Жесе тағам, сатса пұл болатын жылқының бағасы да жоғары. Әсіресе ауыздығымен алысқан жүйрік бәйге аттары мен ұлттық спорт ойындарына бейімделген аттардың құны жоғары. Қазіргі кезде бәйге жылқыларының бағасы аспандап кеткен. Мәселен, бәйге аттарын бір кездері құлынды бие беріп сатып алса, кәсіби атбегілердің айтуынша, баға 10 мың АҚШ долларынан 20 мыңға дейін баратын көрінеді. Яғни аламанға ат қосуды ойлап, жылқысын асылдандырғысы келген адам жылқысына қан құйғызады. Ал ол бәйгеден орын алса жақсы. Бәйге аты болуы үшін кем дегенде 10 жыл қажет екен.
Ұлттық ат спортының да дамуы жылқы санының аздығына байланысты демеске лаж жоқ. Өйткені көкпар ойынын республикалық «Қазақстан» ұлттық арнасында насихатталса да, әлі де асылтұқымды жылқы өсіруді қолға алған азаматтардың қатары көбеймей тұр. Ресми деректер асылтұқымды жылқы баптайтын тек 30 шақты ферма бар екенін айғақтады. Бұл, біріншіден, кеңестік ыдырау кезіндегі бұл салаға бөлінген қаражаттың аздығынан ыдырап кеткенін айғақтайды. Осыдан келіп, асылтұқымдысы түгіл, қарапайымы түрлері де жоғала бастаған.
Қазір, нарық бағасымен алсақ, орта есеппен бір жылқының бағасы 200-250 мың теңгені құраса, асылтұқымды мал одан екі-үш есе артық болатыны көрініп тұр. Бұл асыл тұқымды мал өсірудің тиімділігін көрсетеді, – дейді мамандар.
Ерден АЛДАБЕРГЕНОВ, атбегі:
– Елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға зор мүмкіндіктер берілген. Әсіресе мал тұқымын асылдандыруға баса көңіл бөлінуде. Қыс бойы қалың қарды теуіп аршып жүре беретін қазақ жылқысының төзімі де ерек қой. Бірақ қазір ағылшын және араб жылқыларына басымдық берілгені намысыңды қамшылайды. Несие алып өз жылқыларымызды өсіруге болады. Бірақ оған көңіл бөліп жатқан жан шамалы. Ауыл шаруашылығы министрлігі де асылтұқымды жылқының әр басына субсидия көлемін еселеп қойған. Бірақ әзірге бұған назар аударғандар аз болып тұр.
Әсіресе бәйгеге қатысатын жылқы малын асылдандырудың маңызы зор дейді атбегілер. Біріншіден, ұлттық спорт түрлерін дамытсақ, екіншіден, малдың тұқымын асылдандырып оның құнын жоғарылатамыз. Ал, ең бастысы, үш жыл бордақыланған жай жылқыдан асыл-тұқымды малдың алты айлық құлыны үш есе қымбат тұратын көрінеді. Бұл да елдегі жылқы малының өсіруде асылдандыруға мән беру қажеттігін дәлелдейді. Яғни малын асылдандырған адамдар ешқандай бәйгеге қоспай-ақ қыруар қаржы таба алады.
Әлемдік сауда ұйымына кіруді мақсат етіп, 2050 стратегиясына қадам басқан қазақтың өз ұлттық бренді болуы тиіс. Бұл – заман талабы. Ал ежелден келе жатқан ата кәсіп – мал шаруашылығы оның ішінде жылқы малын асылдандыру арқылы бұған жедел жетуге болады.
Асыл тұқымды жылқының санын көбейтуді тек жекелеген фермалар мен «қазақ тұлпарының» иығына іліп қойғанымыз жөн бола ма? Бәлкім, бұл туралы еліміздің Парламентінде арнайы заң қабылданып, қарастырылуы қажет шығар. Тек сонда ғана асылтұқымды қазақ жылқысы бәйгенің алдын бермейтін болар еді деген ойдамыз.
Автор: Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Көкшетау
http://alashainasy.kz/main/46000/