АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ӘУЕЗОВ ТЕПКЕН АЛАДОП НЕМЕСЕ ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫ ЖҮЗ ЖАСТА

мячКазақ футболы бір ғасырлық мерейтойын атап өтеді. Ақсүйек ағылшындар ойлап тапқан ойын түрінің қазақ топырағына жеткеніне жүз жыл толыпты. Бір ғасыр – тарих үшін көп уақыт секілді көрінгенімен, қазақ футболының көгеріп, көктеуіне жеткіліксіз болып тұр. Ел футболының іргетасын қалап кеткен кемеңгер Мұхтар Әуезовтің мұрагерлері әзірге жақсы көрсеткішпен мақтана алмайды. Әйтсе де, мерейлі дата кезінде аладоп мерекесін айналып өтуді жөн көрмедік.

Жүз жыл бұрын…

Еуропаны дүр сілкінткен домалақ доп ХІХ ғасырдың аяқ тұсында алдымен Ресейге жетті. Кейін екі ел арасын жол қылған жандар спорттың бұл түрімен қазақ балаларын да таныстыра бастады. Тарихи деректерге сүйенсек, 1912 жылы  Мәскеуден Семейге келген Куприянов деген азамат белгілі көпес Плещеевтің дүкеніне орналасады. Құр келмей, өзімен бірге доп, қақпа торы секілді футболға қажетті бұйымдарды ала келсе керек. Осылайша, айналаның балаларын теңбіл доптың қыр-сырымен таныстыра бастайды да, 1913 жылы «Ярыш» («Жарыс») атты футбол ұжымы құрылады. Бұл команда қазақ және татар балаларынан жасақталған еді. Әсіресе, Семейдегі бақуатты, сауатты отбасында тәрбиеленген Юнус Нығматуллиннің футболға деген ынтасы зор болды да, «Ярышқа» талапты жастарды жиып, тұтастай команда құруға үлкен үлес қосты. Ал ХХ ғасырдың ең ұлы суреткері Мұхтар Әуезов қазақ жерінде құрылған алғашқы футбол клубының жартылай қорғаушысы еді. «Ярыш» командасы алғаш рет 1914 жылы Семейдегі гимназияшылардан құралған ұжымға қарсы кездесу өткізгенде қақпаға доп енгізген Мұхтар Омарханұлы екен. Яғни ұлы әдеби туындылардың авторы теңбіл доп әлемінде де епті болған.
«Ярыштың» жас ойыншылары өзара ақылдаса отырып, командаға эмблема ойлап тапқаны, сондай-ақ біркелкі жейде тіктіргені  тарихта жазулы тұр. Демек, сол кездің өзінде-ақ, қартамыс ғаламның озық футбол ұжымдары секілді бірдей жейде киіп, команданың төсбелгісін ойлап табуға ынталы болған Семей жастарын қазақ футболының іргесін қалаушылар деп сеніммен айта аламыз. «Ярыш» командасының төсбелгісінде арабша «Ярыш» командасы. Семипалат» деп жазылған. Бүгінде әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ярыш» командасы ойыншыларымен түскен суреті  жанкүйерлермен табысты. Юнус Нығматуллиннің Германия асып кеткен туыстарында сақталған команданың төсбелгісі де өз отанына қайта оралды. Тарихи деректерге жүгінсек, Семей қаласында 1912-1920 жылдар аралығында «Нептун», «Семинаршылар», «Гимназияшылар» секілді футбол ұжымдары пайда болды.  Семейден бөлек, Орал, Ақтөбе, Петропавл секілді қалаларда футбол туралы түсінік қалыптаса бастаған. Бұл – бұдан бір ғасыр бұрынғы футболдың жай-күйі. Өкінішке қарай,  қазіргі таңда қазақ футболының Отаны саналатын Семей жерінен ел премьер-лигасында ойнайтын бірде-бір футбол клубы мен жоғары талапқа сай келетін стадион табылмай тұр.

Жүз жылдан кейін

Семей жерінде құрылған футбол ұжымдарының заңды  мұрагері ретінде 1963 жылы қазіргі «Спартак» командасы жасақталды. «Спартактың» жаңадан құрылған кездегі атауы «Цементник» еді. Бүгінге дейін «Елім-ай», AES «Елім-ай», «Семей» деген атқа ие болып көрген ұжым соңынан «Спартакқа» қайта тоқталды. Команда «Елім-ай» атанып жүргенде, еліміздің ұлттық біріншілігінде 3 мәрте чемпион атанды. Алайда 2004 жылы клубтың ойынына қан жүрмей, төменгі топқа сырғыды. Бүгінде «Спартак»  бірінші лиганың беткеұстар командасы болуға жарамай тұр. Стадион сапасы төмен. Семейдегі тағы бір клуб «Востоктың» күйі де көңіл көншітпейді.  Бұл ұжым ойыншыларына көбіне қаржының аздығы қолбайлау. Бірінші лигада топ жарып, «элитаға» әупірімдеп жеткенімен, сол ізбен төменгі топқа кері қайту үйреншікті, жыл сайын қайталанатын үрдіске айналған. Осылайша, қазақ футболының кіндігі кесілген жер ел премьерасында доп тебетін футбол ұжымына зәру болып отыр. Қазақ футболының 100 жылдығына орай, облыс орталығында 100 алаң ашу ісін аймақ басшылары қызу қолға алған еді. Әрбір аулаға салынады деп жоспарланған алаңқайлар добын құшақтап, дала кезген жас ұландарға есігін айқара ашады деп үміт етіп отыр ел…

Еуропа бізді суық қарсы алды

Бастауын 1913 жылдан алатын қазақ футболының тізгіні өз қолына тәуелсіздік алған соң тиді. 7­0 жыл Кеңес Одағының құрсауында болғанда, біздің жанкүйерлер үшін «Қайраттың» КСРО біріншілігіндегі кездесулері ғана  қызық еді. Себебі қазақ жігіттері КСРО құрамасы сапына алына қоймады. Ал құрама деңгейінде біздің ес жиып, етек жапқан тұсымыз 1992 жыл. Осы жылы Қазақстан Футбол федерациясы құрылып, 1994 жылы Қазақстан ресми түрде ФИФА-ның мүшесі атанды. Құрамына әлемнің 209 елі кіретін футбол қауымдастығының қатарына ену бізге үлкен міндеттерді жүктеп тұр еді. Ұлттық құраманың ФИФА-ға енгеннен кейінгі тұңғыш ресми матчы 1996 жылдың 14 маусымында ойналды. Сол күні біздің құрама Қатарды 1:0 есебімен жеңген болатын.  Қазақстан құрамасы 2002 жылға дейін Азия футбол конфедерациясына мүше болды да, сол жылы еліміздің азғантай пұшпағы Еуропада жатқанын ескеріп, УЕФА құрамына өтті. Өкінішке қарай, Еуропа да бізді жылы қарсы алған жоқ. Футболдан Еуропа және әлем чемпионаттарына іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы өз тобындағы соңғы орындардан көрінді. Әзірге, УЕФА қатарына енгелі бергі ең алғашқы әрі ең жарқын жеңісіміз болып 2007 жылы Сербия  құрамасын 2:1 есебімен тізе бүктіруіміз болып тұр.
Футболдан Еуропа чемпиондарының лигасы пен Еуролига додаларына түрен салу үшін, біздің командалар талпыныс жасап-ақ жүр. Талай мәрте «Ақтөбенің» уысынан шығып кеткен жолдама биыл «Шахтер» ойыншыларына бұйырды. Ел футболының тарихында тұңғыш болып «кеншілер» Еуропа лигасының топтық кезеңіне қатысу құқын иеленді. Қазақ футболының 100 жылдығына жасалған ең үлкен сый осы шығар.

P.S. Қазақ  футболының жүз жылдығына орай, Семейде түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылады деп күтілуде. Әлем футболының жұлдыздары Зинедин Зидан мен Фабио Каннавар­он­ы да жанкүйердің көріп қалуы ғажап емес. Қала әкімшілігі Семейдегі бір көшеге «Қазақ футболының 100 жылдығы» атын да бермекші екен. Мұндай іс-шаралар мереке маңызын арттыру үшін керек-ақ. Бастысы, 100 жылдықтың желеуімен іске қосылатын жасыл алаңдар мен футболға әуес қазақ балалары көбейсе екен…

 Біле жүріңіз

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан құрамасын 11 бапкер жаттықтырған.

Ұлттық құрама сапында ең көп кездесу өткізіп, 73 рет алаңға шыққан Руслан Балтиев. Руслан құраманың ең көп голын да соқты. Оның еншісінде 13 гол.

2008 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі – Қазақстан құрамасы үшін ең сәтті өткен кезең. Себебі осы іріктеу матчтарында 10 ұпай жинаған құрама 8 команданың ішінде 6-орынға тұрақтады. 

ФИФА-ның қыркүйекте жариялаған рейтингінде Қазақстан 132-орында тұр. Ал біздің ФИФА көрсеткішіндегі ең ірі жетістігіміз – 2001 жылғы 98-орын.

Ақырыс Сейітқазы

http://www.jasqazaq.kz