АЛТЫНОРДА
Новости

АУЫЛ БИЛІГІНЕ АРЛЫ АЗАМАТТАР КЕЛУІ КЕРЕК

0c312099fd89ffa34aa21f72c0f96b60Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиялық жоспарында көрсетілгендей билікті орталықсыздандырып, жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізетін демократиялық талапқа сәйкесетін қадамның жүзеге асуына жалпы қоғам мүшелері де атсалысуы керек.
Енді санаулы уақыттан соң елімізде ауыл әкімдерін сайлау науқаны басталады. Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиялық жоспарында көрсетілгендей билікті орталықсыздандырып, жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізетін демократиялық талапқа сәйкесетін қадамның жүзеге асуына жалпы қоғам мүшелері де атсалысуы керек. Өйткені сайланатын 2500-дей ауыл әкімі негізгі жұмысы мен шешімін жергілікті тұрғындардың ұсыныс-талаптарына орай қабылдап, жүргізеді. Биылдың өзінде ауыл әкімі әкімшісі болып табылатын 15 бюджеттік бағдарламаның өзіне 100 млрд теңге бөлінгенін ескерсек, оны талан-таражға салмай, мақсатты жұмсалуын бақылауға халықтың белсенділігі қажет. Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының отырысында билік жүйесіндегі тың реформа талқыға түсіп, тараптардың пікірі тыңдалды.

– Елбасы айтқандай, билік халыққа қыз­мет етуі керек, – деп шегеледі «Нұр Отан» халықтық демократиялық пар­тиясы төрағасының бірінші орын­басары Бауыржан Байбек. – Сол себептен мемлекеттік қызметкерлердің ел ал­дын­дағы есептілігі күшейеді. Елдің жағдайын жақсарту тек биліктің ғана еншісінде емес, оған әрбір саналы азамат атсалысуды ұмытпағаны жөн. Президенттің саяси шешімінің нәтижесінде тәуелсіздіктің тарихында тұңғыш рет барлық ауыл округтері, аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлауы өтеді. Мұнда халықтың тікелей дауысымен сайланған депутаттарға жауапкершілік жүгі артылады. Сондықтан да сайлау ашық, әрі заң шеңберінде ұйымдастырылып, қазақтың қаймағы бұзылмаған ауыл билігіне жергілікті тыныс-тіршілікті жақсы білетін, білікті, арлы азаматтар келуі керек.

Коалиция отырысына арнайы қа­тысқан Үкімет басшысының бірінші орын­басары-Өңірлік даму министрі Ба­қытжан Сағынтаев жаңа реформаға орай атқарушы биліктің қолға алған шараларын баяндады. Оның айтуынша, 13 маусым күні Мемлекет басшысы Н.На­зарбаев қол қойған «ҚР жергілікті мем­ле­кеттік басқару және өзін-өзі басқару ту­ралы» заңға сәйкес бірқатар өкілеттіліктер орталықтан алы­нып, аймақтағы биліктің құзыретіне өткі­зілді. Реформа 2 кезеңмен жүргізіледі. Бірін­шісінде 2013-2014 жыл­дары билік бөлінісі мен ауыл әкімдерін сайлау қамтылса, 2014-2020 жылдарды қамтитын екінші кезеңде кезегін күткен ауқымды жоспарлар іске асады. Әрине, мұның бар­лығы қоғамда демократиялық қағидаттар­ды енгізіп, ашық азаматтық институтты орнықтырады деген сенімді тудырады.

Ауыл әкімін сайлау жалғыз бағытты ғана көздемейді, сонымен бірге округтегі аппараттардың да өміріне елеулі өзгеріс әкеледі. Жиында реформаны жаңғыртуға арналған қаржылық қолдау мен штаттық бөліністер турасында әңгімелеген Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев сайлауды ат­қаруға жергілікті қазынадан 700 миллион теңге жоспарланып отырғандығын жет­кізді. Қазіргі қолданыстағы заңдарға сай ауыл әкімінің жекелеген бюджеті бол­май­ды, бірақ аудандық әкімдіктегі 15 бағ­дар­ламаның әкімшісіне осы шенеунік бе­кітілген. Аталған 15 салаға арналған қар­жы ауыл әкімінің ұсынысы негізінде ғана бөлініп, бекітіледі. Ағымдағы жылы оған 100 млрд теңгеден бөлек республикалық трансферт есебінен тағы 36 млрд теңге қосылып жатыр. Мамандар бұған дейін 2449 ауыл әкімдігінің атқаратын функ­ция­налды міндеті мен аппараттағы шта­тын, оларға жұмсалатын қазына шы­ғындарын есептеп шығыпты. Әрине, олқы түсетін тұстары да анықталып отыр. Мәселен, 1121 әкімдіктің яғни елу пайы­зы­на жақынының қарамағындағы тұр­ғындардың саны небәрі 1500 адамды құ­райды. Үш мыңға дейін тұрғыны бар округ­тер – 681, 5 мыңға дейін – 257, 10 мың­ға дейін – 234, 20 мыңға дейін – 119, 20 мың­нан­жоғары – 37 ауыл округы бар. Бұларда жалпы 12 мыңдай мемлекеттік қызметкер жұмыс істеуде. Мұның бар­лы­ғын тия­нақтап шығуымыздың да өзіндік себебі бар. Өйткені 2 мыңға немесе 20 мың тұрғынға қызмет көрсететін ауыл әкімі аппараттарының жұмыс ауқымы әрқилы болса да, штаттық бөліністер ша­малас болып келді. Енді жүйе өзгереді.
Бұдан былай штат бұрынғыдай емес, округтегі тұрғындардың саны бойынша бөлінеді. Мысалы, халық саны 40 мыңнан асқан жағдайда аппаратқа 18-20 штат бірлігі беріледі. Егер оған жетпеген жағ­дайда әрине, тиісінше төмендейді.

«Еуропаны айтпай-ақ қояйық, бұ­рынғы посткеңестік елдерді қарап шық­қанымызда мұндай бастаманы әлі ешкім қолға алған жоқ. Кезінде билікті бір орта­лық­қа шоғырландыру өзін-өзі ақтаған шығар. Енді азаматтардың белсенділігі артып, қоғамның ортақ ісіне ойыса бас­та­ғанда аймақтарға да құзырет пен жауап­кер­шілік арту өте оңды қадам. Бұл өңір­лерде шешілмеген күрмеулі мә­селелердің барлығын жоғарыға сілтей беруді тоқ­татады. Кейінгі кездері байқа­ғаны­мыздай аймақтардың көбісінде жыл­дарға созылып, шешілмей қордаланған жайттар жетерлік. Осыны елдің ортасын­дағы би­ліктің өкілі өзі тікелей араласып, іскерлігі мен бі­лік­тілігін көрсетіп шешуге тырысуы керек. Сондай-ақ Үкімет қанша қаржы құйса да еш оңалмайтын елді мекендерді анықтап, олармен нәтижелі жұмысқа көшкені дұрыс» дейді Сенат депутаты, жоғарыда қабылданған заңның жұмыс тобына жетекшілік еткен Мұрат Бақтиярұлы.
Күтілген жетістіктермен қатар, күмән-күдіктерін де ашық айтып, ортаға салған коалиция мүшелері келісіммен үндеу қабылдап, сындары сәтті жауапкер­ші­лікпен өткізуге шақырды.

http://www.aikyn.kz/news/view/24667