Ауыл мектептерінің білім сапасы неліктен төмен деп ойлайсыз?
Оразкүл АСАНҒАЗЫ, Мәжіліс депутаты:
– Қазіргі кезде ауыл мектебі қала мектептерімен бәсекелестікке түсе алмайды. Бұл жағдай мектеп түлектерінің жоғары оқу орындарына түскен кезінде қатты сезіледі. Яғни онсыз да әлеуметтік жағдайы төмен ауыл тұрғынының баласы өзі қалаған мамандығының мемлекеттік грант иесі атана алмайды. Сондықтан мемлекеттік грант бөлуде ауылдық мектеп түлектеріне қосымша орындар бөлінгені жөн. Бір мемлекет ішінде қала және ауыл мектептерінің техникалық базасының әртүрлі болуы сын көтермейді. Сондықтан ауыл мектептерін жабдықтау мәселесіне айрықша назар аударылуы тиіс. Бүгінгі білім бәйгесінде Қазақстанның барлық балалары тиісті әдебиеттермен бірдей қамтылуы тиіс. Бұл бағытта, әлбетте, үлкен кітапханалары, кітап дүкендері, интернеті бар қала баласы мейлінше жан-жақты қамтылған. Сондықтан ауыл мектептері кітапханаларының қорын көбейтуді ойластырғанымыз абзал.
Сәния ТІЛЕУБАЙ, Алматы қаласы Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназияның директоры:
– Біріншіден, ауыл мектебі немесе қала мектебі деп бөлуге болмайды. Өйткені қай мектеп ұжымы болса да, ортақ міндет – еліміздің болашағы жастарға сапалы білім және саналы тәрбие беруді жүзеге асырады. Бұған қоса, қазір ауыл мектептері осы заманғы қажетті құрал-жабдықтармен мүмкіндігінше қамтамасыз етілуде. Қазіргі күні мен білетін ауылдық мектептердің барлығы дерлік компьютерлерді, интерактивті тақталарды, т.б. техникаларды пайдаланады. Сондықтан ең алдымен мектептерде жоғары нәтижелі білім көрсеткіштеріне жету үшін, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын барынша жақсарту қажет. Оларды тұрақты баспанамен қамтамасыз етіп, айлық жалақыларын көтеру керек. Мысалы, біздің мектепте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген жас физик жігіт небәрі бес-алты ай жұмыс жасады. Содан ол ай сайын алатын 60 мың жалақыға шыдамай «Апай, мен күні ертең үйленсем, отбасымды мына айлықпен асырай алмаймын. Сондықтан жұмыстан кетемін» деп айлығы көптеу басқа қызметке ауысып кетті. Әйтпесе әлгі жігіт физиканы өте жақсы меңгерген, оқушылармен де ортақ тіл таба білетін мұғалім еді. Амал жоқ, біз айлықтың аздығынан оны мектепте ұстап қала алмадық. Демек, ел үкіметінің мұғалімдердің айлығын көтеру мәселесін шұғыл түрде күн тәртібіне қойып, жан-жақты қарастырғаны жөн.
Сапура ЖҮСІПОВА, қоғам қайраткері:
– Менің екі келінім бар, бірі – Қазақстанның Орал өңірінде, ал екіншісі қазір Ресейде тұрады. Мұны айтып отырғаным, қос келінімнің екеуі де мұғалім еді. Бірі биология, ал екіншісі – математика пәнінің мұғалімі болатын. Өкінішке қарай, олардың екеуі де мектептегі мұғалімдік қызметтерінен мүлде қол үзді. Неге?.. Біріншіден, ауылдық мектепте математикадан бірнеше жыл сабақ берген келінімнің айлығы шайлығына жарымады. Сөйтіп, ол соңғы жылдары жекеменшік кәсіпорын ашып, күнкөріс қамына көшті. Демек, ауыл мектебінде білімнің сапасыздығы мұғалімдер айлығының аздығына байланысты. Себебі айлығы аз мұғалімнен оқу үлгерімін талап ету тіпті де мүмкін емес. Бұл – бір! Екіншіден, көп жағдайда ауыл мектептерінде мұғалімдік қызметте жүрген қыз-келіншектердің басым көпшілігі сол облыстағы «аты бар да, заты жоқ» жекеменшік жоғары оқу орнын әйтеуір диплом алу үшін бітіргендер екені анық. Ал жүрек қалауымен жылдар бойы мұғалім болған тәжірибелі ұстаздар уақыт өткен сайын азаюда. Жас мұғалімдер болса, сабақ беру ісіне «жүрдім-бардым» қарайды. Сонда ондай ұстаз білім беріп жарыта ма? Жоқ, әрине! Олай болса, ел Үкіметі көп кешіктірмей ауыл мектептерінің ахауалын жақсарту бағытында арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдап, оның нақты жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алуы тиіс! Әйтпесе білім саласында министр мен орынбасарларды ауыстырғаннан білім сапасы жоғарыламайды. Сондықтан білім саласында батыл қадам, ізгі өзгерістер қажет.
Сауалнаманы жүргізген Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ
http://www.aikyn.kz/articles/view/41384