АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Ахметов ісі. Куәгер Ж. Ахашев шабадандағы ақша туралы айтты

images27 қазанда «Ахметов ісі» бойынша сот отырысы жалғасып, Алматы қаласындағы куәгерлерден «онлайн» тәртібімен сотта жауап алынды. «Eco-Treatment systems» ЖШС-нің бұрынғы қызметкері
сотталушы Думан Нұрбаевпен бірлесіп Қарағанды облысының басшылығына арналған ақшаны қалай жібергені туралы әңгімеледі. Ж. Ахашев Д. Нұрбаев «Eco-Trading systems» ЖШС-нің 25 пайыздық үлесін сатып алуды ұсынғаннан кейін «Eco-Treatment systems» компаниясына ресми түрде жұмысқа орналасады. Осыдан кейін Нұрбаевтың кеңесшісіне айналған куәгер Қарағанды қаласының индустриалдық паркіндегі шаруашылық-тұрмыстық суағарларды тазалау станциясының құрылысы туралы былай түсінік берді: «2011 жылы Нұрбаев маған құны 1 млрд. теңге тұратын Қарағанды қаласының индустриалдық паркіндегі шаруашылық-тұрмыстық суағарларды тазалау станциясының құрылысы жөнінде Ақмолдаевпен келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты. Ол жобаның пайдалылығы жағынан бізді өте қызықтыратынына екпін түсірді».

Жәнібек Ахашев сотқа хабарлағандай, алматылықтар жобаны жүзеге асыруға кіріскенімен кейінірек «Eco-Treatment systems» ЖШС-нің тек құрылыс-монтаж жұмыстарымен ғана айналысатынын, ал қондырғыны жеткізу бөгде компанияларға жүктелетінін естиді. Сөйтіп ол бұған наразылық білдіреді. Осы жерде кәугердің сотқа дейінгі тергеуге берген жауабын мемлекеттік айыптаушы оқып берді: «Бұған наразылық білдірдім. Бірақ Нұрбаев бұл тапсырыс берушінің қойған талабы екендігін, оның талқыланбайтынын ескертті. Егер де талаппен келіспесек, келісімге қол жеткізе алмаймыз, беделімізге де нұқсан келеді деді. Мұндай талапты Ақмолдаев қойғанын естідім. Мен оны ұзақ уақыт «Центр-строй Комплект НС» ЖШС-нің басшысы деп санап келген едім. Сәл кейінірек «Центр-строй Комплект НС» ЖШС-нің директоры Асанов екенін, ал Ақмолдаев компанияның жұмысын үйлестіруші екенін білдім».

Сонымен қатар, Ж. Ахашев Д. Нұрбаевтың Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген компаниялардың шотына ақша аударудың жолдарын сұрап, өтініш жасайды. Анығында Д. Нұрбаев оған шетелдік бір компанияның деректемесін электрондық поштасына жіберіп, аталған деректемеге ақша аударудың жолдарын өзінің таныстарынан сұрастыруды өтінеді. Бірақ Ж. Ахашев бұл мәселенің шешімін таба алмайды. Содан кейін Д. Нұрбаев біреуге ақша апарып беру үшін куәгерді жанына ілесіп жүруге шақырады. Мұндай оқиға екі рет болыпты. «2012 жылы мамыр айының басында Нұрбаев біреуге ірі көлемде ақша апарып беру кезінде жанына ілесіп жүруді өтінді. Біз Алматыдағы «Eco-Treatment systems» ЖШС-нің кеңсесінен шығып, «Алматы Палас» сауда үйінің жанына келдік. Сол жерде мен Думанның автокөлік багажынан шабадан алып шыққанын көрдім. Екінші рет мұндай оқиға 2012 жылдың көктемінің соңында болды. Д. Нұрбаев екеуміз менің автокөлігіммен фирманың кеңсесінен шығып, «Нұрлытау» бизнес орталығының автотұрағына тоқтадық. Нұрбаев аталған жоба бойынша шабадандағы ақшалар Қарағанды облысының басшылығына жіберіліп жатқанын айтты»,- деп әңгімеледі Ж. Ахашев.

 

Әмина БӘКІР.