Бүгінгі процесте «Металлургия-Металл өңдеу» индустриалық паркінің инженер-сметашысы Елена Грязновадан куәгер ретінде жауап алынды. Ол Қарағанды индустриялық паркінің аумағында инфрақұрылымдық нысандар салу оқиғасы бойынша бірқатар былықтардың бетін ашты.
Оның айтуынша, шаруашылық-тұрмыстық суағарларды тазалайтын стансаның құрылысына алғашында «Центрстрой-комплект НС» ЖШС-ның қызметкері Оразалы Айменбетов жетекшілік еткен. Кейінірек, ол «Металлургия-Металл өңдеу» индустриялық паркінің директорының орынбасары болып тағайындалады.
– 2011 жылдың қазан айында О. Айменбетов осы қызметке тағайындалған соң мен актілерді қабылдау және тексеру шараларына қатысқан жоқпын. Оның себебі құрылыстың бас мердігері «ҚазГерҚұрылыс» ЖШС-дан ірі-ірі ұсыныстар бойынша ғана актілер келіп жатты. Стансаның құрылысы мемлекеттік экспертизадан өтпеген, бас жобалаушы «Сәулет» ЖШС-ы мақұлдамаған, тіпті тапсырыс беруші «Металлургия-Металл өңдеу» индустриялық паркі» ЖШС-мен келісілмеген, өзгертілген жоба бойынша жүргізілді. Өз басым мемлекеттік сараптамадан толық өтпеген, сметалық және жобалық құжаттары жоқ нысан бойынша істелген жұмыстардың көлемін қабылдау және оның құнын анықтау дегенді түсінбеймін, – деді Е. Грязнова.
2013 жылдың жазынан бастап О.Айменбетов оған «Eco-treatment systems» ЖШС-ы және «ПКБ Каскад» ЖШС-ы әзірлеген сметалық құжаттар мен прайс-парақшалар жинақталған тігілген кітапшаларды бірнеше рет тексерткен. Тексеру барысында техникалық түзету, коэффициент, бағалауды қолдануға, сондай-ақ технологиялық жабдықтың жалпы құнына қатысты кемшіліктерді байқайды. Баламалы жабдықтардың прайс-парақшалары жинақталған кітапша дұрыс толтырылмағанын, негізгі жабдықты таңдауға қатысты хаттаманың жоқтығын көреді. Сонымен қатар жабдықтардың құны өзгеріп, прайс-парақшалардың шынайылығы көп күдік туғызады. Жобаны жасаған тарап кемшіліктерді қанша рет түзеткенімен, нысанның құнын 2,5 млрд теңге дегенді өзгертусіз қалдырып отырған.
Елена Грязнованың айтуынша, оған О.Айменбетов берген сметалық құжаттардың арасында технологиялық жабдықтарға жалғыз ғана «Sapa Project Group» ЖШС-ның 1,6 млрд теңгеге есептелген прайс-парақшасы болған. «Құрылысқа қажетті жобалық құжаттар жасау, келісу, бекіту және оның құрамының тәртібіне» сәйкес, технологиялық жабдықтарға кем дегенде екі жеткізушінің прайс-парақшасы болуы міндетті. Осыған орай, инженер-сметашы фирманың басшылығын хабардар етіп, қызметтік хат та жазған. 2014 жылдың 6 қазанында қылмыстық істі тергеу барысында куәгер Елена Грязнова мынадай түсінік беріпті: «Мәселен, жабдықтардың бағасына қатысты ұсыныстар берген фирманы тексермек болып, «Акситех-Қазақстан» ЖШС-ның прайсында көрсетілген орындаушы М. Цхайға хабарластым. Бірақ ол стансаны бағдарламалық жағынан қамтамасыз етуге жұмсалады деп көрсетілген 1999 млн теңгенің прайс-парақшасын толтырмағанын айтты. Сондықтан жобалық құжаттамадағы жабдықтардың құнына сметашылар енгізген прайс-парақшалардың қалғаны да күдік туғызады».
Әмина БӘКІР
http://aikyn.kz/