АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Отандық әуежайлардың тең жартысы қайта күрделі жөндеуді талап етеді

samolet_chellendzherАл осы Алматы әкімінің жаңа орынбасары құзырындағы жолаушылар тасымалы мен қауіпсіздігі жайы бүгін Астанада талқыланды. Әуежайларда жолаушыларға қызмет көрсету мәселесі көтерілген конференцияда Алматыдағы бассыздықтар айтылды. Мамандардың айтуларынша, шетелден келген қонақтың қолындағы жүгін жұлып, дөрекі түрде такси қызметін ұсынып, «қонақжайлық» танытатын заңсыз тасымалдаушылардың проблемасы әлі күнге шешімін таппай отыр.

Отандық әуе тасымалдау саласы күрделі реформаларға мұқтаж. Жалпы елдегі жолаушылар тасымалының 43 пайызы ғана әуе тасымалына тиесілі екен. Мамандардың пікірінше, ұшақпен қатынайтындардың саны жыл сайын жеті пайызға артып отырмақ. Ал бүгінде әуежайлардың тең жартысының тозығы жеткен.

Бекен Сейдахметов, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы:

Елде бар 18 әуежайдың тоғызының жолаушылар терминалын қайта жөндеу керек. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін Тараз қаласының әуежайында аяқталады. Ендігі кезекті қызылордалық әуежай жөндеуіне қаржы көздерін іздестіріп жатырмыз.

Бекен Сейдахметовтің сөзінше, әуе проблемалары коммерциялық жолдармен реттелуі тиіс. Сол кезде сапа да жоғары болады. Ол үшін билік «мемлекеттік жеке серіктестік» мүмкіндіктерін пайдаланбақ.  Қызметін осыдан екі-ақ ай бұрын бастаған отандық «ҚазақЭйр» әуе компаниясы осыны ескеріп, акцияларының бір бөлігін жеке қолға сатуға шығарады.

Блэр Поллок, «QAZAQ AIR» компаниясы басқарма төрағасының қызметін атқарушы:

«Самұрық-Қазына» акцияның 100 пайыз иегері болып табылады. Болашақта акцияларды сатып алатын компаниялардың тізімін жариялағымыз келеді. Акцияның тек аз бөлігі сатылады деп жоспарланған. Өзіміздің қызметімізге жеке капиталдың құйылғанын қалаймыз.

Әуедегі тасымалдан жер үсті тасымалына келсек. Қонақжайлылығы пұл табу жолында дөрекілікке өтіп кететін таксистер тағы бір проблема.

Тимур Дүйсенғалиев, Алматы қаласы Туризм басқармасы бөлімі басшысы қызметін атқарушы:

Қазақстанға келген әрбір екінші шетелдік қонақтың таксистердің террорына ұшырайтыны жөнінде әңгіме ел аралап жүр. Бұл кері пікір қалыптастырады. Сондықтан әуежай басшылығы қалалық ішкі істер департаментімен бірігіп әуежайда өркениетті жағдай орнауы үшін кешенді жұмыс атқаруы тиіс.

Алматылық таксистердің дөрекі қылықтарына Алматы әуежайындағылар қанық. Жолаушыға араша түспек болған әуежай қызметшілеріне пышақ ала жүгірген заңсыз тасымалдаушылар жайында Алматы халықаралық әуежайы президентінің өз аузынан естідік. Қазан айында берген сұхбатында бұл мәселені қала әкімдігі мен ішкі істер органдарының араласуымен шештік деген болатын.

Айбол Бекмұхамбетов, «Алматы Халықаралық Әуежайы» АҚ президенті:

Әкімдік пен ішкі істер департаментінің араласуымен жағдай түзелді. Қазір әуежай аумағында тек белгіленген тасымалдаушылар мен қоғамдық көліктерге қызмет көрсетуге рұқсат бар. Тыныштықты тәртіп сақшылары қадағалайды.

Бұл саладағы күрделі реформаларды ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі сынды, қалың қонақ қабылданатын іс-шараларға дейін жүргізу қажет. Азаматтық авиация комитеті енгізгелі отырған тағы бір жаңалық ұшақ бортында келе жатқан жолаушылардың арасынан күдікті азаматтар тізімін автоматты түрде сараптау.

 А.АЛДОНҒАРОВ

http://www.astanatv.kz/