АЛТЫНОРДА
Новости

Ажалмен арпалысқан балақай қайырымды жандардан көмек күтеді

12067920_10205279839542121_1914191327_n-640x480Соңғы кездері балабақшалардағы келеңсіздіктер жиілеп кетті. Еліміздің түкпір-түкпірінде! «Балам зорланды», «балам тамақтан уланды», «баламды ұрып-соқты» т.б. жағымсыз жайттар алаңдатқан ата-ана БАҚ-қа жиі жүгінеді. Бүгін де көңілі қаяу бір анадан хат келді. «Түркістан» газетінің редакциясына мұңын шаққан Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы Әбубәкір қары көшесі,  152-үй тұрғыны Саттарова Акжібек деген жалғызбасты ана.Телефон нөмірі: +7708-251-03-93; +7771-251-90-87. Ананың айтуынша, баласы мектеп жанынан ашылған балабақшада улы зат қосылған сұйықтықты су екен деп байқамай ішіп қояды. Ал жедел медициналық көмек көрсетуі тиіс медбике «несиемді өтеу үшін банкте жүрмін, марганц ерітіндісін ішкізе сал» депті. «Ал Түркістан қаласындағы аурухана бір апта бойы «қанын тазалаймыз» деп тек глюкоза құюмен болды» дейді ана. Енді ажалмен арпалысқан үш жастағы балақайға тез арада ота жасалуы тиіс. Улы заттан өңеші күйіп қалғандықтан, тамақ ішуі де қиындаған. «Күнімді әрең көріп отырмын» деген ана Ресей мен Алматыда ота жасайтын дәрігерлер барын айтады. Оқырманға ұғынықты болуы үшін ананың хатын сол қалпында ұсынамыз:

«Құрметті редакция! Шарасыздан өздеріңізге хат жазып, көмек сұрауға бекіндім. Қоғамымызда орын алып отырған мына жайтқа селқос қарамай, адамдардың жауапсыздығынан зардап шегіп отырған кішкентай сәбиім, Нұрисламымды аман алып қалуға, денсаулығын түзетуге көмек берер деген зор үмітпен хат жолдап отырмын. Әуелі Алладан сұраймын, содан соң Өздеріңізде, менің барлық үмітім!!! Қарапайым халықтың мұқтажына пысқырып та қарамайтын басшылардың әрекетін қоғам алдында әшкерелеп отыратын ойы жүйрік, қаламы ұшқыр, даңқы биік журналистерден үлкен көмек сұраймын!

2015 жылдың 18-тамыз күні Түркістан қаласы №16 Т.Бигельдинов атындағы орта мектептің жанынан ашылған шағын балабақшаға ұлым Жандосұлы Нұрисламды таңертең аман сау апарып тастаған болатынмын. Содан бала бақшада кіші жөндеу жұмыстары жүргізіледі де, тобымен бірге баламды басқа бөлмеге көшіреді. Сол жерде ұлым белгісіз себептермен «Сверкающий казан» деген химиялық улы затты су деп ішіп қояды. Артынша бала лоқсып құсады, әбден әбігерге түседі, аузы ашып тоқтаусыз жылайды. Баламның тәрбиешісі жұмыс уақытында орнында жоқ медсестра Исмайлова Ферузаға (кредитін төлуге кеткен) телефонсоғып, баланың химикат ішіп қойғанын, оған не істеуге болады деп кеңес сұрағанында, онсыз да аузы күйіп күлдіреп тұрған балаға маргансовка (марганец) ішкіз деп кеңес берген. Оны ішкізіп болған соң, балам Нұрисламды жеке көліктерімен балалар емханасына апарған. Ауруханаға апаруына апарғанымен баламның тәрбиешісі Мырзақұлова Айгүл дәрігерлерге «Сверкающий казан» емес, ыдыс жуатын «Фери» ішіп қойды деп жалған ақпарат берген. Ал бұған дәрігерлер болса, онда ештеңе етпейді деген. Маған баламның мұндай жағдайға душар болғандығынан хабар тек екі сағаттан кейін ғана белгілі болды,телефон соғып, ауруханаға келіңіз, балаңыз ауырып қалды деді. Ауруханаға алып ұшып барсам, дәрігерлер ештеңе етпейді, үйлеріңізге қайта беріңіздер деді. Мәселенің мән жайын түсінбестен, баламды құшақтап үйіме қайттым. Сол екі ортада баламның күтушісі Айтөреева Айман баламның «Фери» емес, «Сверкающий казан» кислотаны ішіп қойғандығын жеткізді. Үйге келісімен баламның жағдайы нашарлай берді, ыстығы көтеріліп, одан сайын мазасызданды. Ауруханаға жедел жәрдеммен түстік. Бірақ дәрігерлердің жауапсыздығы, айтпағым, өңеші күйген балаға еш амал қолданбай, тек бір ғана дәрі егеумен шектелуі қазіргі қоғамдағы дәрігерлердің дәрменсіздігін, білімсіздігін көрсетпейді ме? Дұрыс бағыт бермей, «өлмесең өмірем қат» дегендей, кішкентай үш жасар Нұрисламның өмірмен арпалысып жатқан жанаярлық халіне пысқырып та қарамайтын «ақ халатты жандардың» бейқамдықтарына таң қалдым.
Қаншама азапты күндер мен ұйқысыз түндерден кейін Шымкент қаласына барып, операция жасатып, катетер шприц арқылы ғана тамақтандырып, өлім мен өмір арасында арпалысты күндерді сүріп жүрміз. Алматы қаласында немесе Ресейге барып ота жасатып, баланы аман алып қалуға болады екен, оған онсыз да күйбең тіршілік кешіп жүрген мен бейбақта қаражат жоқ. Базарға шығып, күнделікті ас ауқатымызды әзер тауып жүрген мен, балама қажетті ем домды жасата алмай, дәрменсіз күй кешудемін. Барлық арманым, баламды азапты күндерден құтқарып, аман сау, ержеткенін қалаймын. Осы оқиғаға қатысты мектеп, балабақша директоры Мырзақұлова Базаркүл оқиға орын алғаннан бері еш ұстатпайды. Баланың жағдайын сұрамақ түгілі телефон тұтқасын көтермейді. Қалалық білім беру бөлімінің басшылығына хатпен шығып, көмек сұрап барған едім, ол тараптан да көмек болмады. Қазіргі кезде тәрбиеші өз еркімен жұмыстан кеткен. Директор, медбике, методист, бала күтушіге еш шара қолданылмаған. Істі тергеуші Жакупов Алмас деген азамат, бірде бір хабар алған да емес. Сонда деймін ғой, ақшаң болмаса, танысың болмаса, ақыр аяғында бәлеқор болмасаң адам құқығы таптала беретін қоғамда өмір сүріп отырғанымыз ғой. Жиырма бес келідей тартатын балам қазіргі кезде екі айға жуық уақытта тек сүлдері қалды. Тоғыз келі ғана салмағы қалған баламды көрген сайын жүрегім ауырып, жанымды қоярға жер таппаймын.
Төртінші билік өкілі саналатын Сіздерде барлық үмітім!!! Ең құрығанда Алматыда ота жасатуға ықпал жасасаңыздар, алғысым шексіз!!!».

Мәселенің анық-қанығына жету үшін хат иесі – Ақжібекке хабарластық. Қазір Шымкентте екен. Нұрисламның анасы «кінәлілер жазаланған жоқ, тергеуші бірде бір рет келмеді де. Мен баламды осы ауыр халге түсіргендер заңды жазасын алғанын қалаймын» дейді. Ауруханадан ертең шығатынын, қайырымды жандардан қаржылай көмек алу үшін банк кароточкасының нөмірін жазатынын айтты. Ендігі үміті – сауапты іске құлшынатын мейірімді жандарда…

Нәзия Жоямергенқызы

http://turkystan.kz/