АЛТЫНОРДА
Новости

Әжеңіз жайлы айта аласыз ба?

6bce53bb2921e33defb03a0d2ce162b9АСТАНА. 4 желтоқсан. BAQ.KZ – Күні кеше оқырмандарымыздың арасына әлеуметтік желілер арқылы «Әжесінің балалары қайдасыңдар?» деген тақырыппен хабарландыру берген едік. Қазақ отбасындағы дәстүр бойынша тұңғыш бала атасы мен әжесінің бауырында болатыны белгілі. Хабарландыруымызға үн қатқан оқырмандарымыз аз болмады. Қазақ баласы үшін тәрбие беретін үлкен академиялық мектепке айналған әже тәрбиесін көрген оқырмандарымыздың үздік деген пікірлерін жариялағанды жөн көрдік.
Әжем «әкейдің үйін» сұрастырып тапты

Жасым 5-6 жас шамасында болатын. Әжеммен Жезқазғандағы Рыбачий елдімекенінде тұратын бір туысқан атамыздың үйіне бара жатырмыз. Далада қар еріп, лай боп жатқан мезгіл, әрі жаңбыр құйып тұр. Атамыздың үйін іздейміз деп малмандай су болдық. Сонымен не керек, өзіміз таппаған соң әжем елден сұрастыра бастады. Сондағысы былай сұрайды «Әй, балам, біздің әкейдің үйі қай жерде, білсең айтып жіберші», сонда ойлайтынмын неге атамыздың атын айтпайды деп. Сөйтсем қайын ағаны атымен атамайды екен ғой, кейін өсе келе біліп жатырмын. Не деген тәрбие десеңізші?!
PS. Бірақ солай қайын ағасының атын атамастан «Әкейдің үйі» деп іздестіріп, әжем ақыры тапты.
Меруерт Әшірбекова, Жезқазған қаласы.

Жүрегі мейірімге толы еді

Балалық шақ. Баған басындағы сымға тізіле қонған торғайларды, «рогаткамен» атып түсер «хас мерген» кезіміз. Қара дамбал киген, аяғы күс-күс ауыл балалары әжеден басқаға жұқсыздау көрінеді. Себебі, алдыңнан туған шешең шықса да ақыл айтып, жеки жөнеледі. «Рогаткаңды» тартып алып азар береді, «тапа тал түсте неге ұйықтамайсың» деп дедектетіп үйге кіргізеді. Ал, әжемнің жөні бөлек….Ешқашан әңгімені ақыл айтудан бастамайды. Қойшы не керек, кезекті «аңшылықта» шіреп тұрып атқан «оғым» торғайға дөп тиіп, жерге жалп етті. Қансыраған, қанаты қайырылған торғайды неге екенін білмеймін үйге апардым. Әжемнің бейкүнә торғайға аналық аяушылығы оянды. «Қап, балам-ай бекер атқан екенсің. Балапан торғайды анасы іздеп, жетімсірейтін болды ғой…» деп жай айтқан сөзі жаныма батты. Содан кейін, торғайға нанның қиқымын,сут беріп айналшықтап ұзақ жүрдім. Балапан торғай нанға да, сүтке де қарамады. Тыпырлап тұруға ұмтылады. Бір мезет сұлап ұзақ жатты. Араға күн сала торғай орнынан тұрды. Жатырқап қораптағы қуысқа тығылған күйі тұрды да қойды. Кешегі нан қиқымын аз да болса түртпектеген. Оған «күнәм жеңілдеп» мен қуандым, ана болып әжем қуанды. Әлгі торғай не керек үш-төрт күннен кейін ұшуға ұмтылып, бөлме ішінде жүрді. Әжем «балам торғай, үйге ұстайтын құс емес. Есікті аш, анасын тапсын» деген соң сықырлауық көне есікті тұтқасынан жіптке таңып, айқара ашып тастадым. Шырылдаған күйі балапан торғай сыртқа ұшып, әп сәтте көзден ғайып болды. Әжем «адамға да, аң-құсқа да жетімдікті басына бермесін» деп көңілі босап, кимешегінің шетімен көз жасын сүртті.

Нұрлан Соңғыбаев, Қызылорда қаласы.

Ойлағаны менің абыройым болатын

Мен егіздің сыңарымын. Сыңарым Айжан әке-шешесінің қызы. Мен кемпірдің қызымын. Осы атқа лайық боламыз деп шашымызды қимай, қыдырмай, боянбай, ұзын көйлек киіп мектеп бітірдік. Тіпті, университетте оқып жүріп те артық қылық жасауға қорқатынмын. Апам (әжемізді апа дейтінбіз әулетімізбен) төбемнен қарап тұрған сияқты болатын да тұратын. Ал анда-санда отырыстарға бара қалсам, таяғын сүйретіп апам кіріп келердей есік жаққа елеңдеп отыратын едім. Ол тәрбиеден жаман болған жоқпыз. Ал тұрмысқа шыққан кейін, бөпемді алып үйге барғанымда: «Ауылға жалаңбас келме, күйеуіңсіз келме. Балаңмен бір күн қонарсың, екі күн қонарсың. Сосын елдің «пәленшенің қызы күйеуден қайтып келіпті» деген әңгімесіне қаласың» деп қатты кейіді. Аллаға шүкір, осындай әженің сөзін құлағыма құйып өстім. Алмагүл әжем қазір ортамызда жоқ. Бірақ оның берген тәрбиесімен, өнегелі өмір жолын үлгі тұтқан ұрпақтары, біз, келеміз…
Гүлжан Рахман, Тараз қаласы.

Әжелері жайлы тағылымды естелік қалдырған бұл азаматтарға 6 желтоқсан күні сағат 19.00-де өтетін «ДАЛА ДАУЫСЫ» ІІ Халықаралық радиофестиваліне BAQ.KZ ақпараттық агенттігі атынан билеттер тарту етіледі. Билеттерді жұмыс күндері 09.00-20.00 сағат арасында мына мекен-жайдан алуға болады: Астана қаласы, Есілдің Сол жағалауы, Орынбор көшесі 8 үй, 3 кірберіс, 305 кеңсе.

Дайындаған Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

http://baq.kz/kk/news/40359