АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Байқоңыр: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖЕҢІСІ ДЕСЕК ЖАРАСАР…

Былтыр желтоқсанның 10-ында «Қазғарыш» агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев Қазақстан парламентарийлерінің алдында есеп берген сәтіндегі мәлімдемесі ғарышты игеру саласында Ресей мен Қазақстан арасында әжептәуір келіспеушіліктің барын паш еткен еді. Содан бері бұл мәселе екі ел Сыртқы істер министрлері, Байқоңыр жөніндегі мемлекетаралық комиссия төрағалары, екі ел вице-премьерлері деңгейінде және екі ел Президенттері дәрежесінде сөз болды.

«БАЙҚОҢЫР» КЕЛІСІМІ ҚАЙТА ҚАРАЛАДЫ

Ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, Байқоңыр түйткілі әлі түбегейлі шешілмеген. Кейбір өзекті мәселелер шешімін тапқанымен, Талғат Мұсабаевтың Байқоңырды Ресейге жалға беру мәселесін 2013 жылдың аяғына дейін қайта қарау туралы мәлімдемесі шындыққа айналған секілді. Осы мәселеге байланысты ресейлік «Известия» газетінде «Россия согласилась отдать Байконур» атты мақала жарияланды. Бұл мақаладағы деректерге сүйенсек, Байқоңыр ғарыш айлағындағы нысандарды біртіндеп Ресей меншігінен шығарып, оларды Қазақстан мен Ресей бірге пайдалануға көшпек. «Известия» газетіне сұхбат берген «Роскосмос» төрағасының орынбасары Сергей Савельев бұл мәліметті растап отыр.
– Ресейдің Байқоңырдан кетуі туралы әңгіме айтылып отырған жоқ. Тек қана бірлесе қимылдаудың жаңа жолдары жасалуда, – деді ол.
Ақпан айының 7-сінде Ресейге арнайы ат басын бұрған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың РФ президенті Владимир Путинмен арадағы әңгімелері жайында ақпарат құралдары тым сараң мәлімет таратты. Тек аталған кездесуден бір апта өткеннен соң ғана «Известия» газетінде екі ел басшыларының Байқоңыр мәселелері төңірегінде қалай келіскені мәлім бола бастады. Біріншіден, Ресей Қазақстан тарапы ұсынған шарттарды қабыл алды. Демек Ресей Байқоңырдағы обьектілердің біразын өз меншігінен шығаратын болады. Бұдан былай бұл обьектілерді бірге пайдалану және қазақ мамандарын оқыту көзделіп отыр. Ал Қазақстан бұған жауап ретінде Байқоңырдан ұшырылатын «Протон» зымыран-тасығыштарының санын Ресейдің қалағанындай қалдыруға келісті. Сонымен қатар, Қазақстан Байқоңырдан ұшырылатын «Протондарды» біртіндеп азайта отырып, 2020 жылға қарай мүлдем тоқтатылатындығын ескерткен. Бұл жолғы келісім бойынша, «Протондарды» ұшыруға тыйым салудың уақыты әзірге беймәлім уақытқа созылуы мүмкін.
Ресейге жалға берілген нысандардан бірінші болып «Зенит» зымыран тасығышын ұшыру кешені шығарылатындығын айтады ресейлік шенеунік. Қазақстан осы кешенді өз меншігіне алу арқылы «Ангараны» «Зенитке» ауыстыруды көздеген еді. Бұл «Бәйтерек» жобасының аясында жүзеге асырылуы тиіс болатын. Қазақстан осы жоба арқылы ғарыштық держава дәрежесіне жетуді мақсат етіп отыр. Әрі бұл бағдарламаға қазақ мамандарын көптеп тарту да басты мақсаттардың бірі. Өйткені қазақстандық мамандардың ғарыш зымырандарын дайындауға және оның ұшырылуына қатысуы өте маңызды. Сөйтіп қазақ мамандары Ресей мамандарымен тең дәрежеде ғарыш кешенін жасақтауға атсалысады.
Савельев мырза биылғы наурыз айында Байқоңыр жөніндегі үкіметаралық комиссия әрі қарайғы өзара іс-қимыл жөнінде жаңа жол картасын жасау үшін кездесетіндігін мәлім еткен. Бұл құжат бойынша, Байқоңырды пайдалану жөнінде жаңа үкіметаралық келісім жасалмақ. Бұл келісім Байқоңырды Ресейдің 2050 жылға дейін жалға алу туралы бұған дейінгі келісімінің күшін жояды. Алайда бұл келісімнің қашан жасалатыны туралы әзірге беймәлім. Қазақстан жаңа келісімнің 2013 жылдың соңына дейін жасалуын қалайды.
Бізге белгілі болған мәліметтерге сүйенсек, 2013 жылдың күзінде Кедендік одаққа мүше үш ел мемлекеттері басшыларының кездесуі Екатеринбург қаласында өткізілмек. Осы кездесуде Байқоңырға қатысты жаңа келісімшарт дайын болуы мүмкін.


«ПРОТОНДАРДЫҢ» БАСЫНА БҰЛТ ТӨНДІ

Аталған мәселеге орай түсініктеме беруін өтініп, «Қазғарыш» ұлттық агенттігінің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, олар жақында Ұлттық ғарыш агенттігінің кеңейтілген Алқа отырысы болып өткендігін айта отырып, ондағы вице-премьер Қайрат Келімбетовтің сөйлеген сөзінен өзге ешқандай комментарий бере алмайтындықтарын жеткізді. Аталған отырыста Байқоңыр жөніндегі үкіметаралық комиссияның Қазақстан тарапынан жетекшісі, ҚР вице-премьері Қайрат Келімбетов Байқоңырға қатысты жаңа келісімде Қазақстанның ұлттық мүддесі ескерілетіндігін қадап айтқан.
– «Байқоңыр» ғарыш айлағын бірлесе пайдалану мәселесіне келетін болсақ, Қазақстан мен Ресей көшбасшыларының 2004 жылғы «Байқоңыр» ғарыш айлағын Ресейге жалға беруді 2050 жылға дейін созу туралы келісімдердің күшінде қалатындығын ресми түрде мәлімдегім келеді. Қазақстан мен Ресей саяси әріптес және одақтас қана емес, сонымен бірге ғарыш саласында да әріптес саналады. Ал барлық мәселелер РФ вице-премьері Игорь Шувалов екеуміз басқаратын үкіметаралық комиссияның жұмысы аясында талқыланатын болады», – деген ол. Қайрат Келімбетов екі ел арасында әлі де шешімін таппаған мәселелердің бірі ретінде «Протон» зымыран тасығыштарының ұшыру санын азайту екенін де айтып өткен. «Келісім бойынша, Ресей тарапы Қазақстанның экологиялық жағдайына залал келтіруші «Протон» зымыран тасығыштарының санын кезең-кезеңімен азайтуды өз мойнына алды». Сонымен қатар, екі ел президенттері былтыр қазан айында үкіметаралық комиссияға «Байқоңырды» бірлесе пайдалану жөнінде келісімді дайындау, оның ғылыми-техникалық мүмкіндігінің артуы, мамандар даярлау және ғарыш саласына қазақстандық мамандардың араласуы секілді мәселелерді біржақты етуді тапсырғанын мәлім еткен. «Бұл жұмысқа біз биыл бел шешіп кірістік, жыл соңына дейін оны бітіруіміз керек және жыл аяғында жасалған жұмыстар жайында есеп беретін боламыз», – деп уәде берді ол. Келімбетов үкіметаралық комиссияның алғашқы отырысын 2013 жылдың наурыз айында Байқоңырда өткізу жоспарланып отырғанын айтты.
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
– Біздің білуімізше, Қазақстан мен Ресейдің Байқоңыр жөніндегі үкіметаралық комиссиясы осы ғарыш айлағына қатысты жаңа келісім дайындап жатқан көрінеді. Қазақстан бұл келісімде қандай талаптарды қоя білгені жөн?
– «Байқоңырға» қатысты соңғы кездегі келіссөздер Қазақстанның сәл де болса, алға жылжуының көрінісі. Қазақстан тәуелсіздігінің 22 жылдық тарихында Ресей сөз жүзінде «жалға алушы» деп аталғанымен, іс жүзінде «Байқоңырдың» толыққанды иесі ретінде қимылдады. Екіншіден, Ресей Қазақстанды «Байқоңыр» жөніндегі әріптесі ретінде мойындаған емес. Тіпті осы «Байқоңырда» жасалған қазақстандық жобалардың барлығы бірдей сәтсіздікке ұшырады. Айталық, «КазСат-1», «КазСат-2» жер серіктерінің ұшырылуы және олардың ұшты-күйлі жоғалуы, осы ғарыш айлағында ғарышқа ұшады деп дайындалған қазақ ғарышкерлерінің ұшырылмауы секілді мәселелердің өзі – Қазақстанды көзге ілмеудің көрінісі. Үшіншіден, біздің ұлттық мүдделеріміздің табанға тапталуы. Айталық, ғарыш айлағын жалға беру бағасы жылына – 115 миллион АҚШ доллары. Тым мардымсыз қаржы. Әрі ол қаржының өзі 1999 жылға дейін төленбеді. Ол жерде әңгіме тек «Байқоңыр» ғарыш айлағы туралы болып отырған жоқ қой. Байқоңыр қаласы, көптеген елді мекендер, аумағы 6,5 мың шаршы шақырымға созылатын алқап. Бұның өзі Ресейдің Калининград облысының тең жарымына тең. Яғни қаншама аумақты иеленіп отырып, беретін қаржысы тым аз. Мәселе, төленетін қаржыда да емес, ғарыштық держава ретінде ірі жобаларға қатысуымыз да емес, сайып келгенде, ол жердегі халықтың тағдыры, олардың заңдық мәртебесі. Онда әлі күнге дейін Ресейдің заңдылықтары үстемдік етеді. Ал Қазақстан азаматтары екінші дәрежедегі санатта қалып отыр. Бұның бәрі Ресейге Байқоңырды жалға беру кезінде жасалған қателіктер. Ең басты ескеретіні осы болуы керек.
Ресей «Байқоңыр» ғарыш айлағын тастап кете алмайды. Олардың соңғы кезде жасап жүрген қоқан-лоққыларының бәрі бос сөз. Таяу елу жылда ресейліктер үшін «Байқоңырға» балама жоқ. Өйткені, ол өте күрделі ғарыштық жоба. Ал Қазақстан Ресейдің қатысуынан бас тартқанымен, оны өзі жеке дара жүргізе алмайды әрі басқа бір жалға берушіні табан астында таба қою да қиын. Сондықтан, принципті мәселелерде Ресеймен бірлесе қимылдағаннан өзге амал жоқ.
– Ол қандай принципті мәселелер?
– Қазақстан – Байқоңырдың қожайыны, Ресей оны жалға алушы. Әлемдік тәжірибеде талапты жалға алушы тарап емес, жалға беруші тарап, яғни қожайын қоя алады. Әрі кез келген ынтымақтастық тең дәрежеде, өзара тиімді және әділ жүзеге асуы тиіс. Ол: ғарышты игеруде, кез-келген жобада қазақстандық мамандардың да қатыстырылуы, біздің ғарышкерлердің де ғарышқа ұшырылуы, Байқоңырға келтірілетін залалдарды төмендету, ондағы қазақ азаматтарының құқықтарын ресейлік азаматтармен тең дәрежеде қамтамасыз ету, т.т.
Сол себепті де, «Байқоңырға» қатысты дауды соза берудің жөні жоқ. Бұл басқа әріптестікке кері ықпал ететін болады. Ресей Қазақстанның тәуелсіз, өз мүдделері бар, тең дәрежедегі әріптес екендігін түсінетін кезі келді.
– Тағы бір өзекті түйткілдің бірі – «Протондардың» құлау аймағына келтірілетін экологиялық залал үшін төленетін қаржының көлемі. Екі ел Сыртқы істер министрлерінің кездесуінде бұдан былай өтемақы ретінде әрбір ұшырылған «Протон» үшін – 460 мың АҚШ долларын төлеуге келісті. Бұл бізге келтіріліп отырған залалды қаншалықты өтей алады?
– «Протондардың» құлау аумағы – Ақтөбе мен Қостанай облыстарының территориясында, қателеспесем, 500 мың шаршы гектар. Жылына әр гектарға төлейтін өтемақысы 1 доллардан кем болып отыр. Егер Қазақстан азаматы ол аумақтарды ауыл шаруашылығы нысаны үшін пайдаланатын болса, гектарына 150-200 доллар көлемінде қаржы төлейді. Ал шетелдіктерге жалға беру құны өз азаматтарымызға жалға беру құнынан 150-200 есеге дейін арзан. Сондай-ақ, әлемдік тәжірибе бойынша, жалға берілген нысаннан әрбір жобадан түсетін қаржыдан да белгілі бір деңгейде пайда көру көзделген. Ресей жылына 17 «Протон» ұшырса, әр «Протоннан» ондаған миллион доллар пайда табады. Алайда, Қазақстан ол пайдадан қалыс қалып келеді.

 

 

Есенгүл Кәпқызы

 http://www.turkystan.kz/