АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«Байқоңырға» қатысты келісім қайта қаралып, еліміздегі Ресей полигондары жабылсын!

1039705_148859965303674_374201003_oКеше Байқоңырда Ресейдің  «Протон-М»  зымыраны апатқа ұшырап,  қоршаған орта мен  адамдардың денсаулығына  өте үлкен зиян тигізген болатын. Осыған орай Мұхтар Тайжан, Айдос Сарым, Қасым Аманжолұлы бастаған бір топ азамат Қазақстандағы Ресей елшілігінің Алматыдағы бас консулдығына барып, «Байқоңыр» ғарыш айлағында болған апатқа қатысты және Қазақстан жеріндегі Ресей полигондарының жабылуын талап еткен наразылық хат тапсырды.
zhebe.com  сайтының ұжымы да азаматтардың бастамасын қолдайды. Біз Сіздермен біргеміз!

 

Қазақстан Республикасының Үкіметіне

Қазақстан Республикасының Парламентіне

Ресей Федерациясының

Қазақстан Республикасындағы Елшілігіне

Көшірмесі: Ресей Федерациясының

Қазақстан Республикасы,

Алматы қаласындағы Бас Консулдығына

 

                                                                            НАРАЗЫЛЫҚ

Бүгін, 2013-жылдың 2-шілдесінде, 8 сағат 39 минутта Ресей Федерациясы жалға алып отырған «Байқоңыр» ғарыш айлағында бүкіл әлем сұрапыл техногендік апаттың куәгері болды.

Жер орбитасына «Глонасс» жүйесінің бөлшектерін алып ұшпақ болған «Протон» зымыраны бірнеше секундтардан соң қозғалтқышы істен шығып, жерге құлады. Адам ағзасы мен қоршаған ортаға өлшеусіз зиян әкелетін улы отын — «ГЕПТИЛ» топыраққа төгілуі мүмкін. Оның көлемі 500 тонна деген мәлімет жария болды!

Бұл ғарыштық зымыран ұшыруда бірінші рет болып отырған апат емес. Моральдық тұрғыда ескірген, әлемнің өркениетті елдері қолдануды қойған «гептил» отынымен ұшатын «Протон» зымырандары қазақ даласына сан мәрте құлады. Одан төгілген улы заттардың экологиялық, экономикалық зардабын ресейлік және қазақстандық билік өкілдері әдейі төмендетіп, халықтан жасырып келеді деп есептейміз. Бұл жолы да солай болуы әбден мүмкін.

Сондықтан, Қазақстан Республикасының қарапайым азаматтары, мынаны қатаң талап етеміз:

1. Апат салдарларын зерттейтін Мемлекеттік комиссия өз жұмысын ашық түрде жүргізуге тиіс. Оған қоғам өкілдері, дәрігерлер, экологтар, өзге де тиісті мамандар тартылуы керек. Комиссия есебі баспа бетінде жариялануы міндетті.

2. Апаттың себептері толық анықталып, апат салдарлары жойылғанға дейін, экономикалық және экологиялық зардаптардың орны толтырылып, жергілікті халыққа тиісті көмек толық көрсетілгенге дейін біздің жеріміздегі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымыран ұшыру тоқтатылсын!

3. Жалпы алғанда, біз «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру мәселесі қайта қаралуын сұраймыз. «Гептил» және өзге де улы заттардың экологиямызды ластауына түбегейлі қарсымыз.

Бұл болған апат — Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасы жеріндегі «Байқоңыр» ғарыш айлағымен қатар өзге де әскери полигондар мәселесіне жаңаша қарауға шақыратын үлкен себеп деп білеміз.

Ресейдің әскери полигондары — «Капустин Яр», «Сары Шаған», «Ембі», «»Балқаш-1», «Сарыөзек» т.б. әскери мақсаттағы нысандардың жалға алу ақысы еш себепсіз төмендетілген және тұрғылықты халыққа тигізетін залалы өлшеусіз. Олар түгелдей ресейлік өктемдік негізінде орналасып отырғаны анық.

Біз жалға төленген ешқандай ақша, тіпті миллиардтар халыққа шектірген зиянды өтей алмайды деп ойламаймыз.

Біз Қазақстанның және Ресейдің билігінен Қазақстан Республикасы жеріндегі барлық әскери полигондарды жабуды талап етеміз!

Республиканың барлық азаматтарын, қоғамдық ұйымдарды, саяси партияларды осы талапты қолдауға шақырамыз!

 

Қазақстан азаматтары:

Мұхтар ТАЙЖАН

Айдос САРЫМ

Қасым АМАНЖОЛҰЛЫ

Айдос ЖҰҚАНҰЛЫ

Абзал ҚҰСПАН

Жанат ЕСЕНТАЙ

Берік ШАДҒАЛИ

Думан КӘКІМ

Едіге АХМЕТ

Мақсат ІЛИЯСҰЛЫ

Самат НҰРТАЗА

Аман МӘМБЕТӘЛІ

Бақыт МҰХТАР

Ержан АЛАШ

Айгүл МАЗАҚБАЙ

Әліби ӘРІП

 

http://zhebe.com