Алматыдағы үлкен шетелдік компанияның топ-менеджері «Ақшамның көптігі сонша, оны қайда жұмсарымды біл-мей дал боламын. Жылына жұбайымыз екеуміз екі-үш рет шетелге барып, қыдырып, көңіл көтеріп, киім-кешегімізді
алып келеміз. Кең сарайымыз бар, мінгеніміз – ең қымбат көлік» деп мақтанышпен ойындағысын ақтарып салғаны бар. Былайғы жұрттың армандай алмайтын әлеуметтік ахуалына ие мұндай жас топ-менеджерлер елімізде некен-саяқ емес. Олардың мінген көліктері мен таққан сағаттары, мойындары мен қолдарындағы әшекейлері – әрқайсысы бір пәтердің құнына пара-пар екенін де жұрт біліп қалды. Оларды көріп жүрген басқа жастар да, «болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, тыраштанып, қымбат швейцарлық сағат, дөңкиген көлік мінгісі келіп, несиеге белшесінен батуда. Өйткені топ-менеджердікіндей жоғары жалақысы мен алатын бонусы жоқ. Бар армандары – қатардан, заманнан қалмау. Ал мұндай бекерге ақша шашпақ пен «болмасаң да ұқсап бағуға» ұмтылушылық көзсіз есерліктің белгісі екенін материалдық байлықты басты құндылыққа айналдырып алғандардың түсінуге шамасы жоқ. Таза еңбектің құны жоғалып, жалаң материалдық құндылықтың бірінші кезекке шығуына кім кінәлі?
Бүгінде елімізде Батыстың байларына еліктеушілік қана емес, дүние-мүлік пен сарайларға бас иетіндер көбейгенін бай-қау қиын емес. Қазір «материалдық байлықтың құлына айналған« деген Батыс-тың өзі мұндай үлгіден бас тарта бастаған. «…Бұл жайында қашанғы айта беруге болады? Батыстағылар шағын ғана отбасылық көлік сатып алады. Өйткені жанармай шығыны аз және олар көшелер-
де кептеліс туғызбайды. Ал бізде бұрын-
ғы тақыр кедейлер «танк сатып алу керек» деп ойлайды. Танкте отыру, олардың ойынша беделін асыра түседі. Барып тұрған мәдениетсіздік пен білімсіздік» деген сөзді дөңкиген джип мінген шенеуніктерге арнап айту Елбасына оңай болмағаны белгілі. Бірақ айтуға тура келді. Себебі бұған дейін де Мемлекет басшысы халық үшін қызмет ететін басқарушылардың материалдық байлықты құндылықтардың біріне айналдырып, қарапайым жұрттан ерекшеленуге құмарлы-
ғын талай рет тұспалдап болса да, айтқанын жұрт біледі. Өкінішке қарай, топ-менеджерлер мен халыққа қызмет ететін шенеуніктер ескертуді «тікелей өзіме арнап айтылмаған» деп қабылдап, құлақтарының сыртынан жіберуде. Енді Елбасының әр басқарушыны орнынан тұрғызып қойып, айтуы ғана қалған секілді.
Көктемнің алғашқы шуақты күндерімен бірге Швейцариядан құс қанатымен ілесе бір жаңалық жеткен. Әлемдегі ең бай және өзінің консерваторлық-нарықтық құндылықтарымен белгілі алпауыт ел жоғары еңбекақы мен бонустардың шегін белгілеуді референдумға шығарып отыр. Швейцарлықтардың «Арам олжа мен еңбексіз пайда табуға қарсылық» деген тақырыпты қоғамдық талқыға шығаруы шынында да, таңғаларлық. Жалпы, тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жағы-нан әлемдегі алдыңғы қатардағы елдер-
дің бірінен саналатын бұл елде де бос даңғазалыққа бой ұрып, бекер мал шашпаққа жол беріле бастағанын байқауға болады. Әрбір келетін тиынның қадірін білетін, «жұмыртқадан жүн қырқып», бір тиынды екі тиын жасау үшін жанталасатын еуропалықтар мұндай берекесіздікті ел тұрғындарының арасына қағылып жатқан сына деп қабылдайды. Қандай да бір дерттің алдын алмаса болмайтыны белгілі. Сондықтан да болар, Еуропаның ең бақуатты елі ол сынаны тереңдетіп алмай, дер мезгілінде суырып тастауға әрекет жасауда.
Ал бізде ше? Бізде ондай сынаның тереңдей бастағанына талай жыл болды. Байлар мен олардың балалары аса тоқшылық пен баршылықтан талтаңдап жүре алмай қалды. Өздерін қоғамның элитасымыз деп есептейтіндер тұтынудың нағыз тұрпайы да, ысырапшылдық мәнерін үлгі етіп ұсынуда. Көкірегі ояу, санасы былғанбаған өзге азаматтар «шопингтің» жетегінде кетіп бара жатқан оларға жиркенішпен қарайтыны да жасырын емес. Бұл қызғаныш емес, кейбіреулер ойлағандай, отандастарымыздың шүберек пен көлікті, сарайды өзінен жоғары қойып, соның құлына айналып бара жатқанына қынжылыс. Ондайлар аттөбеліндей ғана ғой, соған бола несіне таусыламыз дейтіндер де бар шығар. Әйтсе де олардың өзге жастарға деген әсер-ықпалы зорайып барады. Тұтынуға деген табынушылық
пен адал еңбекке жиркенішпен қарау жоғарыдан төменге қарай беріле бастауда. Күні-түні еңбек етіп, алатыны пәтерақысы мен күнкөрісіне жетпейтін жастар жан қинап жұмыс істемей-ақ, үлде мен бүлдеге оралып жүрген құрдастарына қарап, өздерін қор тұта бастайды. Байқасақ, көп адамдар кеден мен МАИ-ға жұмысқа тек көлденең табысы көп деп барғысы келеді екен. Прокуратура, сот органдарына да қызығушылардың басым бөлігі жан қинамай көлденең табыс табуға болады деген ұғыммен, бар таныс-тамырын салып, сонда орналасуға тырысады. Себебі материалдық құндылыққа ашкөздену процесі таза еңбек ету деген ұғымды тұмшалап тастауда. Таза еңбектің қадірі осылай қашып барады. Мұның бәріне кінәлі қалтасында табысы мол шенеуніктер мен топ-менеджерлер деп айтуға болмас, әйтсе де олар қоғамның материалдық құндылыққа байлана түсуіне ықпал етуде. Швейцариялықтардың жоғары еңбекақы мен бонустар шегін белгілеп, топ-менеджерлердің тәбетін ауыздықтауға күш сала бастауы бір кездері өркениетті де мәдениетті елдің құлқын мен тәбеттің құлына айналып кетпеуінің алдын алудан туындап жатқан әрекет болса керек.
Біздің қоғам әлі ондай деңгейге жете қойған жоқ. Әлі материалдық құлдықтың адамзат санасын байлап-матап тастаса, нағыз апат болатынын сезіне алмай жатыр. Әзірше байлықты мықтылық деп ұғыну-да. Оған қолында тегін келген мол қаражаты бар тұрғындардың материалдық байлықты басты құндылыққа балап алғаны сонша, ақшаны басқа қайда жұмсарын білмей дағдарыс күйін бастан кешулері дәлел. Қайда жұмсарын білмей дал болып жүргендердің басына медициналық зерттеулерге немесе жетім балаларға арнап қажетті құрылыс салуға жұмсап, қоғамның дамуына жұмыс істетуге болады деген ой келмейді. Әлемнің өркениетті байлары осылай істейді. Біздікілер «біз дәл олардай бай емеспіз ғой» деуі мүмкін, әйтсе де, коттеджден-коттедж, көліктен-көлік алып жинай бергенше өз қал-қадірінше қоғам-ға бір пайдасын тигізуге болар еді. Бұл – еліміздегі тұрғындардың бір бөлігінің ахуалы.
Ал тұрғындарымыздың екінші бөлігі – алатын табысының төмендігіне қарамай, затқа табынушылықты басты құндылыққа айналдырып алғандар болса, қымбат сағат, көлікке қызығатыны сонша, бастарын мәңігілік қарызға тыға түсуде.
Бұл қашанғы жалғаса береді? Әйтсе де қазақстандық қоғамның аз ғана бір бөлігінде біздің осылай қарыштай басып, тығырыққа бара жатқанымызды іштей түсінеді. Бұрынғы кеңестік дәуір кезіндегі «әркімге мүмкіндігіне қарай, әркімге сұранысына қарай» деген модельдің бір жағынан дұрыс та екенін іштей түсіне бастадық. Әрине, сол кезеңдердегідей тауар тапшылығы мен теңгермешілікті ешкім де аңсамайтыны белгілі. Санасы материалдық байлықтан ада азаматтар еңбек еткеннің есікте, сыбайлас жемқорлықтың төрде отыруының жалғаса беруін қаламайтыны рас. Бұл белден басушылық бір күні болмаса, бір күні жарып шығатыны белгілі.
Қоғам санасы біртіндеп болса да ояна бастауда. Мұны жоғарыда отырған басқарушыларымыз да сезеді. Басымдықтарды ауыстыру жөніндегі мәселелердің күнтәртібіне шығарыла бастауы соның бір көрінісі болса керек. Әлемдегі ең бай ел-дің бірі болып саналатын Швейцарияда коммунистік көңіл күйді аңсаушылық қайдан туындап жатыр деген сауал туындайтыны заңды да. Әйтсе де, осындай бай елде де халықтың екіге бөлінуі баршы-лық, бизнес-элитаның араны халықтың жүйкесіне тиіп бітсе керек. Швейцарлықтардың төзімін шегінен шығарып жіберген нәрсе мына бір оқиға болса керек: фармацевтикалық компаниялардың бірінің бұрынғы басшыларының біріне демалыстық бонус ретінде 70 миллион доллар көлемінде қаржы берілсе керек.
Не деген ақша дерсіз! Рас, аз ақша емес, әйтсе де біздің топ-менеджерлеріміздің қанша бонус, қанша еңбекақы алатынын бір Алланың өзі ғана біледі. Швейцариялықтар секілді қай топ-менеджерге қанша бонус берілгенін ақпарат құралдары арқылы жариялап отыратын болсақ, біздің қоғамда да сондай қарсылық болар ма еді, кім білсін?!
Дамыған елдерде адамдар әртүрлі компаниялардың акцияларына инвестиция салады. Сол арқылы олар компанияға бірлесіп қожалық жасау құқығына ие болып, компанияның табысын өндіріске салуына немесе дивиденттер төлеуіне мүдделі болады. Сондықтан да шетелдерде компания басшыларына бас айналдыратын бонус төлеу сирек. Әйтсе де оларда да кейбір компаниялар өз табысын жасыру үшін акцияларын бұқара халыққа сата бермейтін кездер баршылық. Аз ғана көлемді акцияны сатуы мүмкін, сондықтан да аз акцияны иемденушілердің дауысы басылып, ешқандай шешімге ықпал жасай алмайтын жағдайлар жетіп артылады. Топ-менеджерлер мен шенеуніктердің алатын бонустары мен еңбекақыларына шектеу қою жайындағы мәселе осындай себептерден туындауда екен. Швейцариялықтардың бұл бастамасына француздар мен америкалықтар да қолдау білдіруде. Осындай бастама қазақстандықтардың қолдауына да ие болуы әбден мүмкін бе? «Бір қарағанда, бізде дамыған құнды қағаздар нарығының жоқтығы, халықтың қаржысын акцияларға салмауы ондай құқықтың жоқ екендігінен хабардар ететін секілді болғанымен, елімізде мемлекеттік компаниялардың бар екендігін ескеруіміз керек. Қазақстандықтардың оған қатысы бар. Сондықтан да біздің әрқайсысымыз мемкомпаниялар топ-менеджерлерінің алатын еңбекақысы мен бонустарының көлемі қандай екендігін білуге құқымыз бар. Сол арқылы швейцарлық-тар секілді оған шектеу қоюды талап ете
де аламыз», – дейді сарапшы Мағбат Спанов.
Елімізде халықтық ІPO жұмыс істеуде. Ұлттық компаниялардың акциялары халыққа белгілі бір көлемде сатылуда. «ҚазТрансОйл» өз акцияларының бір бөлігін сатты, кезекте «КЕГОК» пен «ҚазТрансГаз» тұр. Яғни біртіндеп болса да, елімізде ұлттық компаниялардың акцияларына ие болушылар қатары пайда болып келеді. Акцияларға ие болушы сол азаматтар басшыларға қанша жалақы мен бонус төленетінін сұрап біле ала ма? Олардың тәбеті ауыздықталсын деп талап ете ала ма?
Мәселе, заң жүзінде солай жасай алатынына қарамастан, мұның тек бос демагогия болып шығатынына кәміл сене беріңіз. Өйткені бізде ашық ештеңе жоқ және ол ашылған күннің өзінде «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген қазақы процесс жүзеге асып, тосқауыл болып шыға келеді.
Мемлекеттік үлесі бар басқа да жеке компаниялар бізде жеткілікті. Солардың топ-менеджерлері қанша еңбекақы алатынын қоғам білмейді де. «Білуге құқымыз бар. Себебі мемлекеттің онда үлесі бар болса, ол үлкен қожайындардың алатын ақшасы тым жорықсы үлкен болмауын қадағалауы тиіс және соған мүдделі болуы керек. Егер компанияда артық ақша пай-да болса, оны қарапайым жұмысшылардың қалыпты жағдайын жасауға жұмсалсын. Топ-менеджерлердің кезекті тағы бір элиталық пәтер немесе джип алуына емес», – сарапшы Спановтың пікірі осындай.
Бұл, әрине, әлеуметтік жағынан да әділетті шешім болар еді. Әрі қоғамның екіге жарылып, ертеңгі күні қақтығыстарға апармауының да алдын алады.
Алма МҰХАМЕДЖАНОВА
http://www.aikyn.kz