АЛТЫНОРДА
Новости

«Балам мен немеремді елге қайтарсын»

10456DCF-A820-42C2-8A32-F3DD2817C832_w640_r1_s_cx2_cy94_cw36«Сириядағы ондаған қазақстандық жиһадшы» туралы видеода тұлғасы танылған адамдардың туыстары БАҚ-пен сөйлесуге құлықсыз. Азаттық видеодағы балалары танылған жігіттің әкесімен сұхбаттасты.

«Сириядағы қазақстандық жиһадшылар» видеосында баласы танылған жетісайлық Нұрлан Қаматаев деп сипатталған адамның төлқұжатындағы суреті.

Өткен аптадан бері Азаттық «Сирияға отбасымен аттанған ондаған жиһадшы» туралы мәліметті зерттеп бірнеше мақала жариялаған еді.

Олардың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласының тұрғындары, ерлі-зайыпты 39 жастағы Нұрлан Қаматаев пен 34 жастағы Мадина Мырзаханованың және олардың Дінмұхаммед және Әбілқайыр есімді ұлдарының болуы мүмкін екені баяндалған еді.

Жетісай тұрғыны Нұрлан Қаматаевтың әкесі Орынбасар Қаматаев Азаттық тілшісіне ұлы мен келініне қатысты шыққан соңғы ақпараттан соң сұхбат берді.

Азаттық: — Балаңыздың отбасымен бірге Сирияға кеткенін қашан естідіңіз?

Орынбасар Қаматаев: — Биыл. Жақында интернетте де видеосы шықты. Бірақ видеодан немерелерімді ғана көрдім. Ұлым мен келінім жоқ болып шықты.

Нұрлан Қаматаев есімді Қазақстан азаматының төлқұжатындағы балалары туралы мәліметНұрлан Қаматаев есімді Қазақстан азаматының төлқұжатындағы балалары туралы мәлімет

Азаттық: — Ұлыңыздың Сирияға қашан және қалай кеткенін білесіз бе? Одан қандай да бір хабар бар ма?

Орынбасар Қаматаев: — Ұлым құрылыс саласында жап-жақсы Шымкентте істеп жүрді. Оған дейін Астанада да болды. Одан мұндай қылық шығады деп ешкім де ойлаған жоқ. Келінімнің омыртқасы ауырып қалған соң тәуіпке де көрсеттік, дәрігерлерге де апардық. Түк шықпады. Сонан соң ұлым Алматыға барып емдетемін деді. Сүйтіп былтыр Алматыға отбасын көшіріп әкетті. Бір хабарласқан кезде «пәтер жалдап тұрамыз, құрылыста істеп жүрмін, келінге бірнеше операция жасаттым» деді. «Жақсы болыпты» деп ойладық. Сол Алматыға кеткеннен кейін-ақ басталды ғой. Онда көп те тұрған жоқ. Естуімізше, соңғы уақытта құрылыста банкротқа ұшыраған. Қиналған. Демек дінді оқыса, бәрі жолға түседі деген мағынада сол жолға түскен-ау деймін. Менің өз ойым осындай.

Азаттық: — Соңғы уақытта ұлыңыздың мінезі өзгерді ме? Жалпы бойынан қандай да бір өзгеріс байқалды ма?

Орынбасар Қаматаев: — Мінезі екі-үш айдың ішінде бірден өзгеріп шыға келді. Бұл шамамен 2012 жыл ғой деймін. Нақты есімде жоқ. Өзім Алматыға келген емеспін. Оны Жетісайға бір келгенінде байқадым. Намаз оқи бастапты. Жатады да күні-түні Құран кітабын оқи береді. «Осыныңды қойсайшы, намаз оқысаң оқы, бірақ күні-түні Құран оқу деген не ол? Молда болайын деп жүрсің бе?» деп ұрыстым. «Жолым жүрмей жатыр. Құдайға сенем, андай да мұндай» дейді. Содан бері сөйлеспей қойды. Сүйтіп араласпай кетті.

Мадина Мырзаханова есімді Қазақстан азаматшасының төлқұжатындағы суретіМадина Мырзаханова есімді Қазақстан азаматшасының төлқұжатындағы суреті

Азаттық: — Ал келініңіз Мадина ше?

Орынбасар Қаматаев: — Ой, Мадина күйеуінің айтқанын істеп жүрген әйел ғой.

Азаттық: — Сонда олар Сирияға Алматыдан кеткен бе?

Орынбасар Қаматаев: — Білмеймін, қалай кеткендерін. Ұлым менімен сөйлесуді мүлде қойған. Маған хабарласпайды да. Шетелде жүргенде бір рет осындағыларға хабарласқан. «Бәрі жақсы» деген. Бары сол.

Азаттық: — Соңғы кездері жақын араласқан достары бар ма еді?

Орынбасар Қаматаев: — Аман дей ме, Айла дей ме, атын анық білмедім, сол бір жігітпен араласып жүрді. Менің ойымша, сол досы құртқан секілді. Жетісайда оны бәрі біледі. Бір келген кезде «кет» деп үйден қуып жібергем. Сүйтсем, Алматыға келгенде баламды тауып алыпты. Бірге пәтер жалдап тұрғанға да ұқсайды. Қаншама ұрыстық, көнбеді ғой.

Азаттық: — Ол айтқан досы да Сирияға кетіп пе екен?

Орынбасар Қаматаев: — Ол жағын білмеймін. Лажы болса, енді қамаса да, оларды елге қайтарса деймін. Мұнда жазаланатын шығар. Қателеспейтін адам жоқ қой. Бірақ сонда да шетелде қалып қала ма деген уайымымыз бар. Балаларымыз да, немерелеріміз де қайтарылса. Қатты күйіп отырмыз. Амал бар ма енді?!

Азаттық: — Сұхбатыңызға рақмет!