АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Бас шырша және балалар

«Ғажайыпқа толы жаңа жыл». Желтоқсанның 20-сы күні еліміздің барлық өңірінде өткен еліміздің бас шыршасы осылай аталды. Достық үйінде ұйымдастырылған Президент шыршасына біздің облыстағы 200 бала қатысты.  Шырша мерекесіне 9-13 жастағы жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, патронаттық тәрбиедегі балалар, көп балалы отбасының балалары шақырылды.

Шыршатойды ұйымдастыруға облыстық бюджеттен 17 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді.

Балалар әсем безендірілген алып шыршаның маңына жиналды. Жүздерінде нұр ойнаған балапандар жылдың бас кейіпкері Аяз атаны  үлкен қошеметпен қарсы алды. Аяз ата өзімен бірге Тазша баланы ерте келіпті. Бірақ қасында Ақшақар жоқ.  Не істеу керек? Тазша бала  Аяз атаға өз ұсынысын білдірді: шырша шамын жағу керек. Сонда ғана Ақшақар мерекелік кешке келуі мүмкін. Алып шыршаны айнала жиналған балалар: «Шырша жан, шамдарыңды жарқырат» деп айтып, шырша шамының жануын тағатсыздана күтті. Шырша шамы жарқырады. Бірақ Ақшақар келмеді. Ортаға ертегі кейіпкері — Грю шықты. Ол Ақшақарды ұрлап кеткенін айтты. Ал оны табу үшін ұзақ сапар шегуге тура келетінін жеткізді. Сөйтіп, Аяз ата бастаған топ Ақшақарды іздеуге жолға дайындалды. «Немерем «Мадагаскардың» кейіпкерлерін жақсы көруші еді. Мүмкін, сонда жүрген шығар», — деді Аяз ата. Алғашқы сапар —  Африка. Алекс, Глория, Мелмон мен Зебра бәрі би билеп жүр…  Бірақ  араларында Ақшақар жоқ.

Ақшақарды енді қайдан іздеуге болады? Басы қатқан ақсақал Грюден жөн сұрады. Грюдің айтуынша, Ақшақарды ЭКСПО көрмесі өткен елдерден іздеу керек. Картаны қолға алған Аяз ата бас шайқап: «ЭКСПО-ны ұйымдастырған ел аз емес. Жол алыс. Қайсысынан табамыз?» деп қиналды. «Англия, Жапония, Америка Құрама Штаттары, Франция — осы 4 елден мұқият іздесеңдер, сол елдердің бірінен Ақшардың табылатыны анық», — деп сендірді Грю. Сөйтіп, Аяз ата, Тазша бала мен балалар тағы да жолға шықты. ЭКСПО көрмесі өткен елдерге саяхат жасады. Аяз ата балаларға ЭКСПО көрмесі туралы жан-жақты әңгімелеп берді. ЭКСПО көрмесі  арқылы әлемдегі экономика, техника, мәдениет басқа да көптеген салалардағы жетісіктер әйгіленеді. Ел арасында халықаралық көрме бюросының өзіндік мұрасы пайда болды. Мысал келтірейік, Лондондағы Хрусталь сарайы, Париждегі Эйфель мұнарасы, Париждегі Александр III көпірі,  Венадағы Ротонда — әлемдегі ең үлкен күмбез астындағы павильон.

ЭКСПО көрмесі ұйымдастырылған алғашқы ел — Англия. Мұндағы көрме 1851 жылы Гайд-паркте Альберт ханзаданың бастауымен өтті. Бұл көрме Джозеф Пакстонның Хрусталь сарайымен танымал болды. Сол  себепті Аяз ата мен балақайлар алдымен Англияға атбасын бұрды. Дегенмен, саяхатшылар бұл елден де Ақшақарды таба алмады. Олар Америка Құрама Штаттарын да аралады. АҚШ-та ЭКСПО көрмесі 7 рет өтіпті. Ақшақар бұл елде де жоқ. Аяз ата бастаған топ Жапонияны да шарлады. Бұл елде ЭКСПО көрмесі 4 рет ұйымдастырылған. Соңғы көрме «Табиғат даналығы» деп аталыпты. Мұнда саяхатшыларға Кунгфу Панда қосылды. Бірақ олар Ақшақарды жапон елінен де таппады. Ақыры Францияға аттанды. «Париж — сән өнерінің астанасы. Менің немерем сәнді киінгенді, әдемі болып жүргенді жақсы көруші еді. Мүмкін, ол осында шығар», — деді Аяз ата. Расында, Ақшақар Парижден табылды. Ақшақар атасымен, достарымен аман-есен қауышқанына мәз болып, шаттанды.

«Құрметті балалар! Францияда өткен халықаралық көрме бюросына мүше 161 елдің өкілдерінің жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша «ЭКСПО-2017» көрмесі Астанада өтетін болды. Астананың өтінімін 103 ел қолдады. ЕХРО-2017 Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде өтетін алғашқы көрме болмақ.

Бұл — барлық қазақстандықтардың жетістігі. Көрме тақырыбы — «Болашақтың энергиясы», — деп әңгімесін түйіндеді Аяз ата. Бұдан кейін балалар ертегі кейіпкерлерімен бірге  жыл «иесі» — Жылқыны қошеметпен қарсы алды.
Сөйтіп, көңілді топ Астанаға аттанды.

Еліміздің бас шыршасына арнайы шақыртумен келген балалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын тыңдады.
— Қымбатты балалар, бүгін байтақ еліміздің барлық өңірінде өнегелі балалар жаңажылдық шыршаның айналасына жиналды. Мен сендерді, сендер арқылы барша қазақстандық балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын!
Тәуелсіздік арқылы біздің Отанымыз жылдан-жылға өркендей түсуде. Қазір дүниежүзі қазақ елін құрметтейді. Сендер осындай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Зерделі де зерек, білімді болыңдар. Бұған елімізде барлық мүмкіндік бар. Жасампаз істердің барлығы сендердің жарқын болашақтарың үшін жасалған.
Айналасын алтынға бөлеген шырша — базарлы балалықтың белгісі. Шырайын бермейтін осы шыршадай жайнап өсе беріңдер. Болашақтарың баянды болсын,
 — деген Мемлекет басшысының ақ тілектерге толы лебізі әр баланың жадында ұзақ уақыт сақталып қалары анық.
Президент құттықтауынан соң облыс әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтау сөз сөйледі.
— Құрметті балалар, қымбатты жас достарым, сіздерді жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев балалардың бақытты өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Бүгін өткізіліп жатқан шара да Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен ұйымдастырылуда. Жаңа ғана Нұрсұлтан Әбішұлы Елордамыз — Астанадан сендерге арнап өзінің ақ тілегін жолдады. Сендермен бірге өсіп келе жатқан еліміздегі мыңдаған бала жаңа 2014 жылды Елбасының бүгінгі ақ тілегімен қарсы алды. Бұл — сендер үшін үлкен мақтаныш.

Президент шыршасына көптеген балалардың арасында тек қана жақсы оқыған, үлгілі, тәртіпті, өнерлі балалар шақырылады. Сондықтан сендер алдағы уақытта да жақсы оқып, болашақта жақсы азамат бола білсеңдер сендерге әрдайым жол ашық. Бұл мереке — Елбасының өздеріңдей өскелең ұрпаққа көрсеткен  қамқорлығы әрі құрметі,— деді облыс әкімі. Бұдан соң Архимед Бегежанұлы  Елбасының тапсырмасының орындалуы, облыста жаңадан еңсе тіктеген әлеуметтік нысандар туралы әңгімеледі.

— Біз шығарып салғалы отырған 2013 жыл Ақтөбе өңірінің балаларына қуанышты жыл болды. Елбасының тапсырмасына сәйкес, елімізде көптеген жаңа білім шаңырақтары, әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Тек қана біздің облыстың өзінде биыл Назарбаев зияткерлік мектебі  мен 15 жаңа білім ғимараты іске қосылды. 40-тан астам спорт алаңдары пайдалануға берілді. Бұл  — сіздер сияқты балалардың жаңа мектепте сапалы білім мен саналы тәрбие алуы үшін жасалып жатқан жұмыстар.

Құрметті балалар, жаңа жылдың жақсылығы көп болсын! Елбасының сенімін ақтап, үлкен азамат болыңыздар, —  дей келе, Архимед  Мұхамбетов шырша тойына жиналған балаларды Жаңа жылмен құттықтап, олардың әрқайсысына Елбасы атынан сыйлық тарту етті.

Тарту-таралғы алып болғаннан кейін шырша қонақтары облыс әкімі Архимед Мұхамбетовпен естелік суретке түсті.

Бұдан кейін балалар «Ер Алшын» мейрамханасында мерекелік дастарқаннан дәм татты.

 

Балалар:

Алғысымыз шексіз!

 

Айым ҰЗАҚБАЕВА:

— Шалқар қаласындағы №5 мектепте 4-сыныпта оқимын. Математика пәніне ықыласым ерекше. Әсіресе, қиын есептерді шығарғанды ұнатамын. Мектепте ұйымдастырылатын шараларға белсене қатысамын. Болашақта әнші болғым келеді. Былтыр облыстық «Балдәурен» байқауына қатысып, ІІІ орынды иелендім.

Анамды үнемі қуантқым келеді. Ол жұмыста болғанда үйдің шаруасын тындырып қоямын.

Мерекелік кеш өте қызықты өтті. Аяз атаның көңілінен шығу үшін барлық бала жарыса өз өнерлерін көрсетті.

Ғажайып кешті ұйымдастырушыларға шексіз ризашылығымды білдіремін.

Бернар ӨТЕШОВ:

— Темір ауданының орталығы — Шұбарқұдық ауылынан келдім. Сондағы Жансен Кереев атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысымын. Бұл шараға қатысуға менің екі сыныптас досым — Асылбек пен Қайнар да келді.  Президент шыршасына осымен екінші рет қатысып жатырмын.

Бас шыршаға қатысқаным үшін қалай қуанғанымды сөзбен айтып жеткізуім мүмкін емес. Аяз ата мен Ақшақар бастаған ертегі кейіпкерлері бізге қосылып, ән айтып, би биледі. Мерекелік бағдарламада ЭКСПО көрмесі өткен елдерге саяхат жасап,  аталған көрме туралы көп мағлұматқа қанық болдық.

Болашаққа сенімім зор. Шырша тойы сенімді нығайта түсті.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗ

.http://www.aktobegazeti.kz