АСТАНА. 26 ақпан. BAQ.kz — Бүгін ҚР Парламенті мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы әлеуметтік кеңестің отырысы өтті.
Әлеуметтік кеңес отырысына «Нұр Отан» ХДП Хатшысы Эльдар Сыздықов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерғали Қуандықұлы, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері қатысты.
Кеңес отырысында қатысушылар біршама мәселелерді талқылап, ұсыныс-пікірлерді ортаға салды. Жиын барысында ЖОО-ны бітірген түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі кеңінен қарастырылды. 2011-2012 жылдары жоғарғы оқу орындарын бітірген 160 мың 934 түлектің тек 40 пайызы ғана жұмысқа орналасқан.
Жыл сайын оқу ордаларында көптеген маман оқытылғанымен, бітірген түлектердің өз мамандығы бойынша былай тұрсын, қандай да бір жұмысқа орналасуының өзі қиындап бара жатқаны да талқыланды.
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов өз баяндамасында «біздің басты мақсатымыз — еңбек нарығында сұранысқа ие болатын кадрларды даярлау. Сондықтан, жұмыссыздық мәселесінің бір шешімі ретінде сырттай білім алу жүйесін қысқарту керек» деген-тін. Осыған орай, вице-министр бүгінде мектеп бітірген түлектердің сырттай оқу бөліміне оқуға түсе алмайтынын баса айтқан болатын.
http://www.baq.kz/news/23876