АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Беделің қандай полицей

Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін погонды полиция қызметкерлерінің беделі қандай? Ештеңені бүлдірмесе де қызыл қалпақтыларды көргенде қарапайым жұрт жиырыла қалатынын қалай түсінуге болады? Полицияға кезіге қалса кез келген адам үрейленіп қалатыны жасырын емес. Өркениетті елдерде азаматтар полицияны өздерінің қорғаушысы санаса, біздің елімізде ондай түсінік әлі қалыптаса қоймаған сияқты. Бұлай болуының себептері де жоқ емес. Дөрекі мінез танытып, қылмыс жасамаған адамның өзін мойындатып жіберетін полицейлерден жәбір көргендер талай рет прокурорларға шағымданғанын күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан көреміз. Әрине, бірлі-жарым дерекке сүйеніп, бәрі сондай екен деп есептеуге тағы болмас. Өз қызметін адал орындайтын құқық қорғаушылар да жетерлік. Біздің мақсат полиция қызметкерлерін күстәналау емес, керісінше олардың қоғамдағы беделсіздігінің себебін іздеу ғана.

       Жасыратыны жоқ, құқық қорғау саласы қызметкерлерінің арасында қарапайым жұртқа қыр көрсетіп, бар құдірет соның қолында ғана тұрғандай сезінетіндері бар. Бұл өз қызметінің мәдениетін білмегендік. Иықтағы шені де шіренуіне себеп болатын шығар. Сонымен қатар, жазықсыз адамды жарға итеріп жіберіп, бопсалайтындары да кездеседі. Әсіресе, қасақана қалтасына есіртікі салып жіберіп, оны тауып алғандай кейіппен қолын қайырып, сабап, жасамаған қылмысты мойындататын жайттар да кездесіп жатады. Сөзіміз дәлелді болу үшін осыдан бірер апта бұрын ғана бұқаралық ақпарат құралдарына шыққан екі деректі келтіре кеткенді жөн санадық.
Оралда қызмет бабын асыра пайдаланып, адам сабаған полицейлерге қатысты сот шешім шығарды. Олар ауылдастарын 17 бас жылқы ұрлады деп кінәлап, оңаша жерде тергемек болады. Бірақ бұл тергеудің ақыры күдіктілерді ұрып-соғып, қорлаумен тынады. Тәртіп сақшыларының мұндай әрекетке баруына жапа шеккен екі азаматтың бұрын барымташылықпен айналысқаны себеп болған.  Сот үкімі бойынша заң бұзған бес полицей жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтейтін болды. Алды төрт, соңы үш жылға сотталған олар жәбірленушілерге 30 мың теңгеден өтемақы төлемек. Дегенмен, полицейлер өздерінің кінәсін мойындамады. Жапа шегуші Ерболат Досымов деген жігіт полицейлердің қолын темекімен күйдіргенін, тіпті соңынан сабағанын айтады. Осылайша ұрланған жылқыларды мойындарыңа алыңдар деп қоқан-лоққының көкесін көрсеткен. Тіпті қалтасына 3 орам героин де салған екен.
Жамбыл облысында бес адамды бақилық еткен тағы бір тәртіп сақшысына қатысты сот үкімі шықты. Оқиға ағымдағы жылдың 17 ақпанында Жамбыл облысының Жамбыл ауданында орын алған еді. Полицей жасаған жан түршігерлік жол апаты жұрттың жағасын ұстатқан. «Мицубиси-Паджеро» көлігін тақымдаған ішкі істер бөлімінің қызметкері Дәулет Жанұзақов көлікті мас күйінде жүргізіп, қарсы бағытқа шығып кеткен. Салдарынан «Волга» көлігіне соқтығысып, бес адам көз жұмды. Оның ішінде үш жасар сәби де болған. Бұндай оқиғалар кейінгі кездері жиі тіркелетін болды. Сондықтан тәртіп сақшыларының өзін тәртіпке шақыратын уақыт та келген сияқты. Өз тәртіптерін түземей, қоғамға қамқор бола алмайтыны және беделдері бір мысқал да көтерілмейтіні анық.
Жол полицияларының да беделі шамалы болып тұр. Қызметтерін асыра пайдаланып, көлік жүргізушілерден пара алатын МАИ қызметкерлерін телешоумендер әбден келеке етіп болды. Көлік жүргізушінің бүкіл құжаты түгел болса да, әйтеуір бір кемшілік тауып, дәмететіндер де табылады. Бір қараған адамға шын жанашыр жандар сияқты көрінгенімен, өзінің бас пайдасы үшін әрекет етіп тұрғанын аңғару қиын емес. Куәлігінен айырылып, артық жұмыс тауып алғысы келмеген көлік иесі үшін 5-10 «тиынын» беріп кете барғаны тиімді. Осылайша МАИ қызметкерлері парақор болып шыға келеді. Бұл да біздің қоғамдағы жазылмас жаралардың біріне айналып отыр. Осыдан кейін полиция қызметкерлерін кім сыйлайды, беделі қайдан көтерілсін? Тіпті біздің елде олардың қоғамдағы беделін көтеру жөнінде мәселе республикалық деңгейде қозғалған жоқ. Елімізде беделі түсіп кеткен мамандардың қатарында ұстаздар бар еді. Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов мырза өзі тікелей айналысып, ұстаздардың беделін көтеру мақсатында заң жобаларын әзірлеп, мұғалімдердің этикасы мен мәдениетіне мән беріп, еңбекақыларын көтеруді, біліктіліктерін арттыруды қолға алды. Осы тұрғыда жұмыстар жүргізіп жатыр. Сол сияқты полиция қызметкерлерінің беделін арттыру мақсатында белгілі бір шараларды қолға алу керек шығар.
Тәртіп сақшыларының өздерін тәртіпке шақырса, абзал болар ма еді. Құқық қорғау қызметкерлерін кезектен тыс аттестациядан өткізіп, бір сұрыптап алғаны белгілі. Талай шенді қызметіне лайық емес болып, жұмысынан шеттетілгенін де білеміз. Бірақ одан бүгінгі полицейлердің беделі артқаны байқалмайды. Халықпен жұмыс істеу мәдениеттері түзелсе, жұмысына адал болса, қоғамның оларға деген көзқарасы өзгерер ме еді. Олардың шын қорғаушы екенін көз көрер ме еді. Бұған қоса кешегі отаршыл империя милицияларының менталитеті бүгінгілердің бойынан әлі арылмағаны байқалып қалады. Қазақ ұлты қызыл милицияның теперішін көп көргендіктен де болуы мүмкін. Соның сызы әлі де көзден кетсе де, көңілден кетпей, үрейдің елесі кезіп жүргендей әсері болатын сияқты. Бұл да құқық қорғау қызметкерлерінің беделді болуына белгілі деңгейде бөгет емес пе.
Құқық қорғау қызметкерлері 45 жасында зейнетке шығады, оның үстіне зейнетақылары да басқа жұрттан әлдеқайда жоғары болады. Еңбекақылары да ауыз толтырып айтарлықтай көтерілді. Мемлекет олардың қанша жағдайларын жасап қойса да, қоғамға айтарлықтай жанашырлық таныта алмай келеді, беделдері де бетегеден биіктей алмауда. Қоғам пікірі де осыған саяды.     Осы материалды дайындау барысында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Оразбен сұхбаттасып, бүгінгі полицейлердің қоғамдағы беделі және оны көтеру үшін жасалып жатқан шаралар жөнінде білген едік.

Нұрділдә Ораз: ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі

Құқық қорғау органы қызметкерлерінің имиджін көтеру мәселесі және ішкі істер органдары қызметкерлерін халыққа жақындату бойынша құқық қорғау органдарын модернизациялау бағдарламасы бар елбасының тапсырмасымен дайындалып жатқан. Бұл бағдарламаның аясында көп шаруалар атқарылуда. Оның ең басты мақсаттарының бірі – құқық қорғаудың сенімді құрылымын жасақтау. Яғни халықтың құқық қорғау органы қызметкерлеріне деген сенімін күшейту. Соның ішінде қызметкерлердің жауапкершілігін арттырып, қоғамға адал және сенімді болуға бағытталады.
«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, ішкі істер органдарының өзінде де кетпеннің бір басын басып, сабы маңдайына тиіп жататын жағдайлар көп. Яғни құқық қорғау саласының абыройын төгіп жүрген қызметкерлер бар. Біз олармен күресті үнемі жалғастырып келеміз. Кезектен тыс өткен аттестация кезінде 15 пайызға жуық қызметкер өзінің атқарып отырған лауазымына лайық емес деп танылды. Нәтижесінде он мыңнан астам қызметкер жұмыстан шығарылды. Бір айта кететін нәрсе, Ішкі істер органы қызметкерлерінің саны басқа құқық қорғау саласының қызметкерлерінен әлдеқайда көп. Сонымен қатар, қылмыскерлермен бетпе-бет келетін де, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда халықпен тығыз жұмыс істейтін де ішкі істер органының қызметкерлері. Екінші жағынан ішкі істер қызметкерлерін тек органның басшылары ғана емес, халық болып тәрбиелегеніміз абзал. Бүгінгі таңда оларды дұрыс жолға бағыттау үшін қоғамдық ұйымдармен жұмыс жүргіземіз. Одан бөлек арнайы түзілген бағдарламалар арқылы дайындықтан өткізіп жатырмыз.
Өткен жылғы кезектен тыс аттестацияның өзі құқық қорғау органы қызметкерлерінің айылын тартып, бойын тіктеп, өз қызметіне адал болуына көп септігін тигізгенін де айта кетуіміз керек. Соған қарамастан олардың құқық бұзушылықтарға барып жатқанын тағы жасыра алмаймыз. Мәселен, пара алу, бір адамға қиянат жасап қою сияқты деректер бар. Егер қылмысы дәлелденген жағдайда қызметінен қуылады. Сонымен қатар оның басшысын да жазаға тартып жатырмыз. Осы жерде статистикалық мәліметтерге жүгінетін болсақ, өткен жылдың өзінде құқық бұзған 600-ден астам қызметкеріміз жұмысынан қуылған. 25 000 қызметкер тәртіптік жазаға тартылды. Солардың 1 500-ден астамы басшылық құрамның қызметкерлері. Яғни басшылар. Сондықтан ішкі істер органы қызметкері өз жұмысына салғырт қараса, құқық бұзса, қызметтік тексеріс жүргізіліп, бәрі анықталатын болса, сол қызметкерді осы орынға алып келген немесе шақырған қызметкерлер де жазасыз қалмайды.
Ішкі істер органы қызметкерлерінің негізгі жұмысының мақсаты қоғамды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету. Бұл жұмысты нәтижелі етіп жүргізу үшін Ішкі істер министрлігінде, облыстардағы департаменттерде қоғамдық кеңестерді жаңғыртып отырмыз. Ол кеңестің құрамында елге беделді, зиялы азаматтар бар. Бұрындары қоғамдық кеңестің төрағасы ішкі істер органының басшылары болса, қазір ол стереотипті бұзып, қоғам қайраткерлерінің арасынан сайлап отырмыз. Биылдан бастап әр тоқсан сайын қоғамдық кеңестің жиынын өткізе бастадық. Бұдан бөлек бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты күшейттік. Өткен жылдың өзінде 519 баспасөз конференциясы, 868 брифинг берілді. Біз үнемі бұқаралық ақпарат құралдарына сараптама жасап отырамыз. Жарық көрген сын немесе жағымсыз проблемалық мәселелер бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп, нәтижесін дер уақытында материал шыққан ақпарат құралына беріп отырамыз. Бұл да бір үлкен механизм. Бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста болу арқылы имиджімізді жақсартуға үлес қосып келеміз. Өзінің қызметін атқарып жүріп қайтыс болған азаматтар бар. 2012 жылы қызмет бабында құрбан болған Ғазиз Байтасовқа Халық қаһарманы атағы берілді. Ол туралы былтыр фильм де жарық көрді. Қазақстан ұлттық телеарнасынан «Парыз» деген телесериал көрсетілді. Осындай шараларды айта берсек, көп-ақ! Қолдан келгенінше Ішкі істер органы қызметкерлерінің имиджін көтеру жолында жұмыстар атқарудамыз. Орган қызметкерлерінің пара алғандары болса немесе қандайда бір қоғамдық тәртіпті өздері бұзған жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оларға тағайындалған жазаны жариялап отырамыз. Әрине, сын материалдардың үлесі басым түсіп тұрғандықтан, соның салдарынан ішкі істер органы қызметкерлерінің имиджі ақсап жатыр. Дегенмен де өз қызметін дұрыс атқармаған, өзі қоғамның қаупсіздігін сақтайтын қызметкер бола тұра өзі құқық бұзатын болса, бірден жұмысынан шеттетіп, тиісті жазасын береміз. Ондай азаматтар біздің сапта жұмыс істеуге құқылы емес.

Санат Нұрбай, «Жебе» газет