“Бейшара қызымның мүшкiл халiнен де пайда көрмек…”

Кеше Парламент Мәжiлiсiнiң табалдырығында Оңтүстiк Қазақстан облысының тумасы Гүлсара Лесбекова наразылық шарасын ұйымдастырды. Қабырғасы қайысқан зарлы ана

құқық қорғау органдары қыз­мет­кер­ле­рiнен зорлық-зомбылық көрген мүгедек қызына депутаттардың араша түсуiн сұрады.

Гүлсара Лесбекованың айтуын­­­ша, Оңтүстiк Қазақстан облысы iшкi iстер департаментi бастығының бұрынғы орынбасары полиция полковнигi С.Жұмабаев құқық қорғау органдары қыз­меткерлерiнiң көмегiмен қызын ұрлап, пайдакүнемдiк пиғылмен бопсалап, қорлап, қорқытып-үркiтiп, ұрып-соғып, екi рет өз-өзiне қол жұмсауға дейiн алып келген. Дәл осы ұйымдасқан қылмыстық топтың айыбын 5 жылдан берi бас прокуратураның жоғары лауазымды қызмет­керлерi жасырып, жауып отыр. Сондықтан да қажеттi дәлелдi құжаттарын алға тартып бас про­курордың орынбасары Н.Исаевтың, департамент директорлары Б.Абдуловтың, Ш.Ағабековтiң, К.Жұмаға­лиевтiң үстiнен қылмыстық iс қозғау туралы мәжiлiс спикерi Нұрлан Нығматулинге арнайы хат жолдаған. Алайда осы күнге дейiн бiрде-бiр хабар болмапты.
– Бармаған жерiм, баспаған тауым қалмады. Осы мәселе ше­шiмiн таппаса Парламент Мәжiлi­сi­нiң табалдырығында күнде түнеуге де бармын. Өйткенi 5 жылдан берi әдiлет iздеп сабылып жүрмiн. Оның үстiне бiзге өмiр сүруге тыныштық бермей жатыр. Астананың қатты аязында үсiп қалсам да, аяғымнан тiк тұрамын. Шыдамым таусылды. Мұндай қорлыққа төзе алмаймын, – дейдi көзiне жас алған Гүлсiм апай.
Бұл жолы да шерлi ананың ашынған зарлы үнiн Парламент Мәжiлiсiнiң бiрде-бiр депутаты тыңдауға жарамады. Мәжiлiстiң табалдырығында зар илеген ананың үнiн мәжiлiсшiлер құлақтарына да қыстырмады. “Бас прокурордың орынбасары Н.Исаев қылмысты жасырып отыр. Мұның бәрi ауыз жаласқан қыл­­мыстық топ. Менiң бейшара қызымның мүшкiл халiнен де пайда көрмек­шi. Ешқандай заң жоқ. Ешқандай әдiлет жоқ. Балам мүгедек болып қалды. Оның өмiрiн тас-талқан еттi. Президент әкiмшiлiгi де, үкi­мет те ештеңе ше­ше алмайды. Еш жерден әдiлдiк таппай жүргенiме 5 жыл болды, 5 жыл” деп қарлыққан дау­сымен жанұшыра жанталасқан Гүлсiм ананың сөйлеуiне мұрша бермеген полицейлер құдды бiр аса қауiптi қылмыскер­дi ұстағандай желкелеп сүйреп, көлiкке бiр-ақ тоғытты.
Бұл жолы да 20 жыл бойы көз көрiп жүрген әдiлетсiздiкке және бiр куә болдық.Қолында дәлел-дәйегi бар азаматшаның арызы тағы да қараусыз қалды. Сонда заң кiмнiң құқығын қорғайды, ал депутаттар кiмнiң мүддесiн қор­ғайды деген ойға қалдық.
Дилара ИСА,
Астана
Жас Алаш