АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Бензин бағасы: шарықтау мен қалыптау

20110930_4_1Үкімет АИ 92-93 маркалы бензин бағасын реттеуден бас тартқан соң, бензин бағасы күрт көтерілді.Содан бері «Мұнай бағасы төмендеген сайын бензин бағасы өсетін біздің ел ғана шығар…» деп таңданған жұрт ес жия алмай жүр. Кеше Орталықкоммуникациялар қызметіне инфляциялық таргеттеудің еліміздің мұнай-газ өнеркәсібіне әсері туралы айтып беру үшін келген Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин бұл мәселенің мәнін түсіндірген болды. 

Ол біздегі бензин бағасының Ресейдегі бензин бағасының сатылым бағасымен тікелей байланысты екенін ашық айтты. 

Ол өз зауыттарымызды жанармаймен толық қамтамасыз ететін жағдайға келтірмейінше, Ресей нарығындағы бағаға тәуелді бола беретінімізді жеткізді. 

Оның айтуынша, еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының, ша­масы 2,1 млн тонна АИ-92/93 бензинін өндіруге ғана жетеді, ал біздің елдегі осы маркалы бензинді тұтыну деңгейі 3,2 млн тоннаны құрайды. Яғни отандық деп айдарланған үш зауытымыз ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан қалған 1,1 млн тонна бензинді көрші Ресейден аламыз. Ал ол жақтан қымбатқа сатып алынып келген бензинді ешкім де арзанға бергісі жоқ. Ал оған тыйым салса, ішкі нарық бензинмен қамтылмай, бәрібір бензин бағасы өсер еді. Сондықтан қаласақ та, қаламасақ та, бізді бензин бағасының қымбаттауы күтіп тұрған екен. Әрине, бір жағынан бензин бағасының еркіндікке жіберілуі де көрші елден бензин сатып әкеліп сатушылардың мүддесі тұрғысынан жүзеге асырылғандай көрінетіні жасырын емес. Қалай болғанда да, ары тартса, арба сынып, бері тартса өгіз өлетін жағдай қалыптасқанын мойындау керек. Тығырықтан шығар жалғыз жол – елдегі мұнай өңдеу зауыттарының қуатын арттыру ғана болып тұр. 
Әйтеуір, Ұзақбай Қарабалин Үкіметтің бензин бағасына қатысты жасаған соңғы шешімінің арқасында елімізге бензиннің жеткізілімі жақсарды деп отыр. Өйтпегенде, бензин тапшылығына душар келгендей екенбіз.

 

«Қыркүйектің басынан бері Қа­зақстанға 22 мың тонна бензин жеткізілді. 11 мың тоннадай бен­зин жолда келе жатыр. Сонымен қатар 80 мың тоннаны алу үшін тиісті шарттарға қол қойылды. Енді қыркүйек айының ішінде оның көлемі 110 мың тоннаға дейін жетеді деп есептеп отырмыз. Осы шаралардың нәтижесінде ағымдағы айда қажетті бензин көлемі толық қамтамасыз еті­леді» деді ол. Бұл – бүкіл елдің бас ауруына айналған бензин мә­селесіне қатысты әңгіме. 
Энергетика бірінші вице-ми­нистрі әлемдік жағдайдағы қиын­дықтарға қарамастан, бұл салада биылға жоспарланған мақсат-міндеттерді орындауға күш жұм­салатынын айтады. Ол осы мақ­сатта кен орнын пайдалану­шы­ларға барынша қолдау жасалып жатқанын жеткізді. 
«Біздің ойымызша, мұнай өндіру саласында әлемдік жағдай­дың қиын болуына қарамастан, ағымдағы жылдағы белгілеген жұмыстарымыз толық жүзеге асы­рылу тұрғысында барлық тиісті шараларды атқаруға қауқар­лымыз» деген ол Қашаған кен орнындағы жұмыс туралы да тілге тиек етті. Оның сөзіне сенсек, 2016 жылдың аяғына дейін тиіс жұмыстар аяқталуы тиіс. Герма­ния мен Жапониядағы тапсырыс берілген зауыттардан құбырлар келіп жатыр. Жұмыс та жоспардан жылдам жүріп жатқан көрінеді. 
Министрлік шикізаттың жос­парланған көлемін өндіруге және жұмыс орындарын сақтап қалу үшін де күш салып жатқандарын айтады. Ол осы ретте жыл басында облыстық әкімдермен және жер қойнауын пайдаланушылармен жұмыс орындарын сақтап қалу және әлеуметтік дамуды қолдау жөнінде меморандумдар жасал­ғандығын еске алды. Яғни алда қан­дай да қиындық кездеспесін, жер қойнауын пайдаланушылар жұмыс орнын қысқартпауы керек. 
«Бұдан әрі мұнай-газ секторы­ның қызметі ішкі нарықтың мұ­най өнімдеріне және газға қажет­тілігін қамтамасыз етуге, қол жет­кізген деңгейді сақтауға және мұнай өндіруді арттыруға бағыт­талады. Орта мерзімді перспек­тивада мұнай-газ секторын да­мыту стратегиясы оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ірі жобаларды (ТШО, Қашаған, Қарашығанақ) іске асыру тұр­ғысында қамтамасыз етіледі»  деді ол.
Айтқандай, Ұ.Қарабалин бри­финг барысында ағымдағы 8 айда шамамен мұнай өндіру көлемі 53,4 млн тоннаны құрағанын жет­кізді. Бұл жоспардың 99,4 пайызға орындалғанын білдіреді екен. 100 пайыздан аспаса да, шүкір дерлік көрсеткіш. Әйтеуір Энергетика ми­нистрлігі стратегиялық жос­пар­ларын өзгеріссіз қалдырып отыр, барлық жұмыс жоспарға сай жүзеге асырылады деп сен­ді­ріп те қойды. Ал енді оның барлы­ғына уақыт төреші. Бұлай деуге бір себебіміз бар. Оны да біз емес, Қарабалин мырза айтып қалды. Оның айтуынша, мұнай өндіруші ком­паниялар пайдалы қазбалар­ды өндіру салығын төмендету бойынша өтініш бере бастаған. 
«ҚР Ұлттық экономика ми­нистрлігі жанында арнайы ко­миссия жұмыс істейді. Олар қа­зіргі экономикалық ахуалда кен орнының геологиялық күрделі ерекшеліктеріне байланысты тиім­сіз болып қалған компания­лар үшін пайдалы қазбаларды өн­діру салығын төмендету бойын­­ша жер қойнауын пайдала­нушылардың өтінімдерін қарас­тырады. Бүгінде келіп түскен 5 өтінімнің екеуі бойынша оң ше­шім шығарылып, қазіргі кезде Үкіметтің тиісті қаулысы шыға­рылуда. Қалған өтінімдер қарас­тырылып жатыр» деді. Ендеше жұмыс жоспарға сай жүрер болса, мұнай өндірушілер пайдалы қазбаларды өндіру салығын төмендету туралы өтініш айтып несі бар дейді бір ойымыз…

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

http://aikyn.kz/r