АЛТЫНОРДА
Новости Актобе

Бердібек САПАРБАЕВ: Облыс әкімі келеді деп тазалық жасау — көзбояушылық

құlpinaiКеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың аймақтың тыныс-тірлігін білу мақсатындағы кезекті іссапары Темір ауданында жалғасты. Мұнайлы өлкеге сапары аясында облыс әкімі халықтың тіршілігімен жақынырақ танысып, олардың өтініш-тілектерін мұқият тыңдап, нақты жауаптар берді. Аудандағы әлеуметтік нысандарды аралап көріп, бұл салаға мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау, көмектің қорытындысына баға берді.
Сапар барысында Бердібек Машбекұлы аудандық прокуратура ғимаратының тұсаукесер рәсіміне қатысты. Айта кету керек, аталған құқық қорғау мекемесінің жанынан елімізде баламасы жоқ діни сұрақтар бойынша өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі ауданаралық орталық ашылды. Орталық жұмысының негізге мақсаты — Темір, Байғанин, Мұғалжар, Алға аудандарындағы діни мәселелерді шешу, жат ағымдардың жетегінде кеткен азаматтарды дәстүрлі дінге қайтару.
Аймақ басшысы аудандық прокуратураның мәжіліс залында өткен Ақтөбе облысының терроризмге қарсы комиссияның және заңдылықты, құқықтық-тәртіпті және қылымысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің бірлескен отырысына да қатысты.

«Мұнайшы болуға емес, мал өсіруге ден қою керек»

Мұнайлы өңір — Кеңқияқ ауылының тұрғындарымен кездесуде Бердібек Машбекұлы осы мәселені нықтап айтты.
Аймақ басшысының Кеңқияқ тұрғындарымен кездесуінде тұрғындар жұмыссыздық мәселесін көтерді. Барлығының дерлік «бас ауруы» — мұнайшы болу.
— Бәріңіздің мұнайшы болуларыңыз міндет емес. Бәріңізді мұнайшы етіп жұмысқа орналастыру мүмкін де емес. «Мұнайшы ғана болуымыз керек» деп, басқа жұмысты місе тұтпай, қол қусырып қарап отыру дұрыс емес. Бұл психологиядан арылуымыз керек. Таңнан кешке дейін «мұнай, мұнай» дей бермей, мал шаруашылығымен айналысу керек. Өз кәсібіңді дөңгелету қажет. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан көмек көрсететін «Сыбаға», «Құлан» бағдарламалары бар. Темір ауданының жағдайында жұмыссыз отыру мүмкін емес. Заманға байланысты еңбек етуге бейімделуіміз керек, — деді Бердібек Сапарбаев. Ол өз сөзінде әлемде мұнайға сұраныстың төмендегенін, соның салдарынан мұнай бағасының құлдырағанын тілге тиек етті.
— Еліміздегі, әлемдегі экономикалық жағдайды баспасөз арқылы жақсы білесіздер. Ең негізгісі халықтың ынтымағы мен бірлігі жарасып, ел тыныш болуы керек. Бұл үшін алдымен жұмыс орындарын сақтап қалуымыз қажет. Қызметкерлер, жұмысшылар жалақысын, зейнеткерлер зейнетақысын, жәрдемақысын алуы керек. Бұл — Елбасы тапсырмасы. Жалпы қазір бұл жөнінде үлкен мәселе жоқ. Дегенмен, мұнайдың бағасы төмендеп кетуіне байланысты мәселелер бар. Әсіресе, сервистік қызмет көрсету компанияларының жағдайы қиындап кетті. Жалғыз Қазақстандағы емес, әлемдегі жағдай осылай. Мұнайдың бағасын Қазақстан бекітпейді. Мұнай бағасының төмендеуіне дүниежүзіндегі сұраныстың төмендеуі кері әсер етіп отыр, — деді облыс басшысы.
Кездесуде тұрғындар жол мәселесі, су, дәрігер тапшылығы, білім сапасы, кәсіп ашудағы қиындықтар туралы әңгімеледі.
— Жастардың көпшілігі жұмыссыз. Кәсіп ашқымыз келеді. Дегенмен, біз ешқандай қолдау көріп жатқан жоқпыз. Жылыжайым бар. Соны кеңітіп, дамытқым келеді. Соның құжатттарын реттеу үшін мамырдан бері жүгіріп жүрмін. Нәтиже жоқ. Көңілділер мен тапқырлар клубының ойындарына, спорттық жарыстарға қатысқымыз келеді. Алайда, демеушілер таппай сенделеміз, — деді ауыл жастарының атынан сөз алған Еркебұлан Көлбасов.
Ауыл тұрғыны Әсемгүл Баймұханбет мектептегі білім сапасының сын көтермейтінін алға тартты:
— Былтыр көп бала ұлттық бірыңғай тестілеуде сынақ тапсыра алмай қалды. Мұғалімдер ақшаның күшімен жұмысқа орналасады.Білімнің сапасы нашарлап кетті. Сол себепті, мұғалімдер де аттаестациядан өтсе екен деген өтінішіміз бар.
Әр тұрғынның сауалын мұқият тыңдаған облыс әкімі тұшымды жауап қайтарды.
— Кәсіпкерлік жөнінде дұрыс әңгіме айтылды. Кәсіп ашқысы келетін, кәсібін дамытқысы келетін азаматтарды қолдау керек. Бюрократия болмауы қажет. Жас кәсіпкердің мәселесін арнайы тексереміз.
Білім сапасы туралы да дұрыс пікір айтылды. Ауданның ұлттық бірыңғай тестілеудегі көрсеткіші — 67 балл. Жаңа мектептер салынып жатыр, мұғалімдердің жалақысы көбейтіліп жатыр. Осы жұмыстардың нәтижесі қайда? Демек, мұғалімдердің сапасы нашар. Мұғалімдердің білім деңгейін, біліктілігін тексеру керек.
Ақшаның күшімен жұмысқа орналасқан мұғалімнің жұмысында түк нәтиже болмайды. Мұғалімнің міндеті — оқушыға тәрбие, білім беру. Ал ол директорға берген 300 мың теңгесін қайтару үшін біраз «тер» төгеді. Ол қаржыны қалай қайтарады? Ата-анадан ақша алады, тағы басқа әрекет жасайды, белгілі нәрсе ғой. Мұны да зерттейміз, — деп Бердібек Сапарбаев әңгімесінің қорытындысында тағы да ел ішіндегі бірлік пен татулықтың мықты болуы қажеттігі туралы баса айтты.
Сапар барысында Бердібек Машбекұлы Кеңқияқ ауылдық ауруханасының, «Кеңқияқмұнайгаз» АҚ мұнай өндіру басқармасының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, ауылдағы балабақша ғимаратын аралап, мұнда тәрбиеленіп жатқан балдырғандар үшін жасалған жағдайға көңілі көншімейтінін жеткізді.
— Аядай ғана жатын бөлмеде 25 баланың төсегі тұр. Бұл санитарлық талапқа қаншалықты сәйкес келеді? Бұл аздай, балабақшадағы тағы бір топтың балапандарының ойнайтын да, тамақтанатын да, ұйықтайтын да бөлмесі — бір. Мұны қалай түсінуге болады? Мұнайлы өлке үшін бұл үлкен сын, — деді ол.
Аймақ басшысы өз сөзінде аудан әкімі ескі мектептің ғимаратына жөндеу жүргізіп, балабақша ашу туралы өтініш білдіргенін, аталған нысан талапқа сай болса, қаржы бөлу мәселесі қарастырылатынын айтты.

Білім сапасы неге төмен?

Кеңқияқ ауылынан кейін Бердібек Сапарбаев бастаған топ Саркөл ауылын аралады. Мұндағы мектеп пен балабақшаның жағдайын көрді. 100 орындық ауылдық клубта болған Бердібек Машбекұлы ауыл әкімі Құсайын Шалмановтан : — Саркөлде қанша тұрғын бар?, — деп сұрады.
— 1910 тұрғын…
— Екі мыңға жуық адам 100 орындық клубқа сия ма? Әлде қалған жұрт жерге отыра ма?, — деді аймақ басшысы.
Саркөлден соң іргелес ауыл Шұбарши кентіне барған облыс әкімі алдымен ондағы мектепке аялдады.
9-сыныпқа Қазақстан тарихы пәні болып жатқанда кірген Бердібек Машбекұлы тақтадағы «Кеңес дәуіріндегі Қазақстан» деген тақырыпты көріп:
— Балалар, Кеңес өкіметі қашан құлады?, — деді.
Балалар үнсіз. Алда отырған бір бала оқулықты ақырын өзіне тартты. Дегенмен, парақтап, жауап іздеуге қымсынғаны байқалды.
Облыс басшысы тағы сауал қойды:
— Еліміз тәуелсіздікті қашан алды?
Балалардың бәрі бірдей еліміз егемендікті 1991 жылы алғанын айтты.
— Екі сұрақтың жауабы да бірдей. Кеңес өкіметі құлаған соң, тәуелсіздікке қол жеткіздік.
Балалар, айтыңдаршы Қазақ автономиялық кеңестік социалистік республикасы қашан құрылды?
Балалар тағы үнсіз қалды. Бердібек Машбекұлы бұл сауалды пән мұғаліміне қойды.
Абыржығаннан айта алмады ма мұғалім де үнсіз төмен қарады.
— 1920 жылы құрылды.
Мұғалім жауап бере алмаған соң, оқушыға не деуге болады?, — деп облыс әкімі аудан, ауыл әкімдеріне, мектеп директорына білім сапасын арттыруға күш салу керектігін қадап айтты.
Бердібек Сапарбаев мектептен кейін ауылдағы клубқа барып, тұрғындармен кездесіп, олармен емен-жарқын тілдесіп, жағдайларын сұрап, сауалдарына жан-жақты жауап берді.
Бұдан кейін аймақ басшысы бастаған топ Темір қаласында болып ондағы әлеуметтік нысандарды да аралап көрді. Бұл жақтағы халық жағдайларының жақсы екенін әңгімеледі.
Мұнайлы өңірге іссапарының екінші бөлігінде Бердібек Сапарбаев Шұбарқұдық кентінде болды. Мұндағы мақтаулы деген Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының, аудандық емхананың жағдайын білді.

Республикада баламасы жоқ орталық

Темір ауданына сапары барысында облыс әкімі аудандық прокуратура ғимаратының салтанатты түрде өткен ашылу рәсіміне қатысты. Бердібек Сапарбаев тұрғындарды құқық қорғау органының жаңа ғимаратымен құттықтап, прокурорлардың ел игілігі үшін жемісті еңбек ететініне сенім білдірді.
— Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы заңдылықтардың сақталуына, елдің қауіпсіздігіне, тыныштығына байланысты. Қазақстанның әрбір азаматы үшін ең керегі, Ата Заңымызға сәйкес оның құқығының сақталуы, қорғалуы. Осының бәрін жүзеге асыратын, қадағалайтын — прокуратура органдары.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы салада қызмет етіп жүрген қызметкерлерге әр кез үлкен көңіл бөледі. Құқық қорғау саласындағы қызметкерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасап жатыр. Темір ауданының орталығында ашылған зәулім ғимарат осы нысанда жұмыс істейтін прокуратура қызметкерлеріне үлкен көмек тигізеді деп ойлаймыз, — деп облыс әкімі жиналған жұртты жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.
Бұдан кейін Бердібек Машбекұлы прокуратура ғимаратын аралап көрді. Прокуратура ғимаратының жанынан Қазақстанның ешбір облысында жоқ діни сұрақтар бойынша өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі ауданаралық орталық ашылды. Мұнда Темір ауданымен бірге, көршілес Байғанин, Мұғалжар, Алға аудандарындағы діни мәселелер де сарапқа салынып, зерттеледі.
— Орталық жұмысының ең басты мақсаты — жат ағымдардың жетегінде кеткен азаматтарды дәстүрлі дінге қайтару. Сонымен қатар, қай ауданда діни мәселелер бар, соларды шешу үшін тиянақты жұмыстар жүргізіледі, — деді облыстық прокуратураның басқарма басшысы Маратбек Мырзамұратов.
Мұнда сарапшылар кеңесі жұмыс істейді. Кеңесшілер тобына мемлекеттік және құқыққорғау органдарының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді.
— Ең бастысы, бұл орталық аудандық прокуратураның бөлімшесі емес, бұл орталық мемлекеттік мекемелердің және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдерінің діни мәселелерге байланысты бас қосып, бірлесіп, жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Орталықта Skype байланысы бар. Мұнда «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының теологтары діни мәселелер бойынша көмек көрсетеді, — деді Маратбек Мырзамұратов.

Ең бастысы — ел бірлігі

Аймақ басшысы Темір ауданына жұмыс сапары қорытындысында аудан активімен кездесті. Бердібек Сапарбаев аудан әкімі Бауыржан Қаниевке сөз берді. Аудан әкімі баяндамасында сегіз айда атқарылған жұмыстар туралы әңгімеледі. Одан кейін тұрғындар сауалдар қойды. Сауалдардың мазмұны ұқсас: жұмыссыздық, ауыз су тапшылығы, тазалық.
Шұбарқұдық кентінің тұрғыны:
— Қадірлі Бердібек Машбекұлы, жаңа қызметіңіз құтты болсын! Сіздің біздің өңірге келетініңізді естіп қуанып қалдық.
«Облыс басшысы келеді» деп мектеп оқушылары екі күннен бері ауыл көшелерін тазалады. Осы дұрыс па? Бұл — бір.
Екіншіден, оқушыларға оқулық жетіспейді. Мұның себебі неде?
Шұбарқұдық кентіндегі Қызылжар шағын ауданында тұратын тұрғындардың біразы аталған шағын ауданда инженерлік желілер жүргізілмеген алға тартты. Су жоқ. Жылу да жоқ. Тіпті жарық та жоқ.
Аудан халқының сауалдарын ықылас қойып тыңдаған облыс басшысы Бердібек Сапарбаев жиынды қорытындылады.
— Қызылжар туралы біраз мәселе айттыңыздар. Сол мәселелердің анық-қанығын білу үшін арнайы комиссия жіберемін. Үйлеріңіз заңды салынса, аудан әкімдігінің рұқсаты берілсе, онда әрине, ауыз су да, жарық та, жылу да болуы тиіс.
Қайда барсам да алдын ала хабарламай баратын әдетім бар. Дегенмен, мұнда келетінімді біліп алыпсыздар. «Облыс әкімі келеді» деп тазалық жасау — нағыз көзбояушылық. Бұл үшін аудан әкімін жазалаймын. Басқа да жауапты қызметкерлерді жазалайтын боламын.
Әркім өз үйінің айналасын тап-таза ұстауы керек. Арнайы комиссия аудандағы санитарлық жағдайды да тексереді. Егер қоқысты кез келген жерге төксеңіздер, жауапты боласыздар.
Оқулық мәселесі орынды көтерілді. Оқу жылының басталғанына бір жарым ай өтті. Ал балалар оқулықсыз отыр. Келесі аптада мәселе толық шешілу тиіс.
Жұмыссыздық туралы жиі айтылды. Тым болмағанда, шалғымен шөп шауып, еңбек ету керек. «Қазір ондай бала бар ма?» деді бір тұрғын. Ондай баланы тәрбиелеу керек. Біз масыл, жалқау балаларды тәрбиелейміз. Балаларды жұмысқа үйрету керек.
Қазақ не көрмеді? Ашаршылықты да, соғысты да бастан өткерді. Тәуелсіздік алған 24 жылда үш дағдарыстан өттік. Бұл дағдарыстан да өтеміз.
Ең негізгісі — тәртіп. «Демократия, демократия» деп шулай беруге болмайды. Қандай демократия болсын, тәртіп болмаса, құрдымға кетеді. Украинаның жағдайын жақсы білесіздер.
Бізді ата-бабаларымыз бірлікке, татулыққа, достыққа үйреткен. Біздің ең басты байлығымыз осы — өзара сыйластық, бірлік. Тәуелсіздік алған 24 жылдан бері Қазақстанның көркейіп, дамып жатқаны елдегі бірліктің, тұтастықтың арқасы. Ең бастысы, ел ішінде тыныштық болу керек. Айрандай ұйыған тыныштығымызды сақтауымыз керек.
Маған деген ықылас, ниеттеріңізге рақмет, — деп облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әңгімесін аяқтады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

http://www.aktobegazeti.kz/