Отандық БАҚ туралы сынды жиі естиміз. Бұл әсіресе, телеарналарға қатысты. Телеэкранды тамашалайтын көрермендер онда берілетін әрбір бағдарламаның кем-кетігін бүге-шүгесіне дейін байқап отырады. «Сырт көз – сыншы». Телеарнаға сынды айтатын да – көрермендердің өздері. Көзіқарақты көрерменнің сынын ескерген телеарналар көпшіліктің көңілінен шығатын салиқалы дүниелерді шығаруды мықтап қолға алған сияқты.
Мұндай өзгерістер «Хабар» арнасында да бар. Аталмыш арнада соңғы кездері зиялы қауыммен сырласатын, мәдениетте, әдебиетте орны бар, ұлы тұлғаларымыздың өміріне арналған бағдарламалар жарық көруде. Сондай көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп жатқан тағы бір жаңа жоба – «Білгенге маржан» тұрмыстық-ақпараттық ток-шоуы. Ток-шоу дегенімізбен, бұл бағдарлама өзге ток-шоудан өзгерек. Бағдарлама жүргізушісі Маржан Сұлтанбайдың пікіріне сүйенсек, «олар ешкімді қайта тәрбиелемек емес, біреудің жеке өміріне де араласпайды, бұл ұжым тек қарбалас өмірде елеусіз қалып кететін ұсақ-түйекті түгендеуге» бел буыпты. Осы орайда, бағдарлама жүргізушісі Маржан Сұлтанбайды әңгімеге тартты.
– Маржан, бұл сенің өміріңдегі алғашқы бағдарлама емес. Бұған дейін бірнеше хабарлардан өзіңді көрген едік. Бұл хабарыңның өзгешелігі неде?
– Бұрын жүргізген бағдарламаларымның ішінде ең көңілге қонымдысы осы – «Білгенге Маржан». Бұрын үйдегілер де телефон соққанда: «Дұрыстап жүрші…тыныш жүрші…» – деген ескертулерді жиі жасайтын еді, қазір бәрі риза. Күні кеше апайым тел соғып: «Енді саған ұрыса алмаймыз…бәрі керемет…» – деп күліп жатыр. Шынымды айтсам, өз орнымды енді тапқан сияқтымын. Қазіргі жұмысыма 100 пайыз көңілім толады.
– Бұл тұрмыстық ток-шоудың басқа шоулардан айырмашылығы қандай?
– Бұл бағдарламаның біздің отандық телевизияда «аналогы» жоқ. Мұны біз мақтана айтуымызға да болады. Көпшілік те көшірмеден шаршады. Бұл ештеңеге ұқсамайтын тың жоба. Даңғаза айқай-шу жоқ. Өзім де сондай бейпіл әңгіме, бос айқай-шудан демалып жүрмін. Тек қажетті пайдалы кеңестер айтылады. Тұрмыста керек-ау деген дүниелер қозғалады. Ешкім сын айта алмайды. Бір қызығы, бәсекелес арналардың бірде-бірі: «Мыналарың дұрыс емес…неге бүйтпейсіңдер?…» – деп сын айтқан жоқ. Бұл – жақсы көрсеткіш қой.
– «Маржан имиджін өзгертіпті» деп көпшілік шулап жүр, әдейі осы бағдарлама үшін өзгерттің бе? Әлде, өмірлік өзгеріс пе?
– Негізі, жаным бір ұлы өзгеріске ұмтылып жүр еді . «Қайтем?…шаршадым….»-дегенімде, ел алдында жүрген айтары көп бір азамат: «Өткенге көз жұм да, бәрін өзгерт. Ең әуелі ортаңды өзгерт!» –деген. Тура сол кезде «Хабар» арнасынан ұсыныс түсті. Қуана кеттім. Бірақ, бірден айттым: «Мен эфирге заманауи формада тігіліп, оралған орамалмен шығам!» Келіспей жатса, бас тарта салам деп ойлағанмын. Сөйтсем, еш қарсылық білдірмеді басшылық. Апыр-топыр түсірілімге кірісіп кеттік. Содан бері, міне, сән қуып бір күні – қызыл орамал, екінші күні – жасыл,үшінші күні – көк…орамал, түрлі-түрлі стильдегі қазіргі заманға сай келетін орамалдар түспейді басымнан. Мен ата-бабаларымыздан келе жатқан тазалық, сыпайылық, әдемілік дәстүрін сақтай отырып, бүгінгі сәннің трендтеріне жаңа леп әкелдім дей аламын. Бұрынғы «шаштың оқиғасын» қозғай бергенін қаламаймын. Ол оқиғаға түбегейлі «нүкте» қойылды. Қазіргі имиджім өзіме ұнайды. Гардеробымдағы ескі киімдерімнің барлығының көзін жойдым. Қазір далаға кең етек көйлекпен ғана шығам. Тек эфирде емес, күнделікті өмірде де басымнан орамалымды тастамаймын.
– Көпшілік ортада көп боласың, елдің пікірі мен көзқарасы қалай екен?
– Әзірге көпшіліктен сын ести қойғаным жоқ. Барған жерімде үлкен апалар: «Ой, орамал тағып, жақсы істедің! Дұрыс!» – деп арқа-жарқа боп жатады. Өкпелі адам жоқ орамалға. Әйтеуір, бұл бағдарлама мені халыққа ерекше «сүйкімді» етіп көрсетті. «Тақырбас қыз еді…» деген атаумен мақалалар да шығып жатыр. Барлығында «Керемет жарасады екен орамалы…» дегеннен басқа артық сөз жоқ.
– «Білгенге маржан» сенің тағы бір қырыңды ашқан сияқты. Келешекте дизайнер болу ойда бар ма?
– Иә, мен осы кезге дейін де және қазір де өз киімімді өзім тігіп киемін. Мына бағдарлама күнделікті шығатын болғандықтан киімді күнде өзгерту оңай емес, әрине. Бірақ тырысып жатырмын. Дизайнер болуға келсек, танымал әнші-ақын қыздар бір-екі жерде ұсыныс айтып қалды. Біреуі белдемшеге тапсырыс берсе, енді бірі көйлек дегендей. Тағы бір танымал айтыскердің: «Сен енді кең етек көйлек тіксең де құр алақан қалмайды екенсің», – деп күлдіргені бар. Сөзінің жаны бар, телевизия негізі уақытша ғана жұмыс қой, өле-өлгенше эфирден түспеу мүмкін емес. Сондықтан кейін қолым босап жатса, елдің бәріне өзім тігіп бермесем де, сызбасын, үлгісін көрсетіп, дизайнерлікпен айналысуым мүмкін.
–Осы кезге дейін түсірілім барысында айтылған қандай кеңес есіңде қалды?
– Бұл бағдарламада түрлі кеңестер жиі айтылады. Аптасына бес рет 40 минуттан эфирге шығамыз. Неше түрлі маман, аспаз, дәрігер қатысуда. Солардың ішінде ең есте қалғаны – тұзды тамақ пісуге аз қалғанда қосу керек деген ақпарат, өйткені біз ерте қосып жіберіп, оның құрамындағы йодты өлтіріп тастайды екенбіз. Одан бөлек, таңғы аш қарынға тәтті шырын, кофе ішуге мүлдем болмайды екен. Айта берсе көп. Кілемнен аяқ киім тазалауға дейін, құлақ тесуден массажға дейін айта береміз.
Әңгімелескен Гүл Бекзат