АЛТЫНОРДА
Новости

Бір ауыз сөздің құдіреті

1989 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында сұрапыл жер сілкінісі болды. Төрт минутқа жетпейтін уақытта 300 мыңға жуық адам жараланды.

Жер сілкінісінде жараланған келіншегін қауіпсіз орынға жеткізген күйеуі жеті жасар ұлының мектебіне қарай тұра жүгірді. Бұрын балалардың шаттық күлкісі есіп тұратын үш қабаттық мектеп ғимараты әлдеқашан қирандыға айналған екен. Мұны көріп көзі қарауытқан әкесі: «Аманда, ұлым қайдасың?» деп айғай салды.

Әкесі жерге жүрелей кетіп, бір ауық өкіріп жылап алды да, есіне ұлына үнемі айтып отыратын: «Мен әрқашан қасыңнан табыламын!» деген бір ауыз сөзі түсті. Содан орнынан берік сеніммен атып тұрып, қирандыға қарай беттеді.

Ол қирандыларды аршып жатқан тұста басқа балалардың ата-аналары да дүркін-дүркін келіп: «Ұлым, қызым!» десіп, дауыс салып жылай бастаған-ды. Егіле жылаған жұрт үміттері үзіліп, бет-бетіне тарады, кейбіреулер оның қолынан тартып: «Қас қарайды, олар баяғыда өлген» деді.

Осынау әке қос жанарын басу айтқан адамдарға бұрып: «Кім маған қол ұшын береді?» деді. Бірақ ешкім де оған дәп басып жауап бермеді. Сол сәтте әкенің көкірегін тек: «Ұлым мені күтіп отыр!» деген ой ғана қалған еді.

Ол қирандыны 8 сағат, 12 сағат, 24 сағат, тіпті, 36 сағат қазды. Бет-аузын шаң-тозаң басып, көздері қанталап, киімдері тоз-тоз болып жыртылды.

Ол 38 сағат қазғанда, қирандының астынан: «Әке, бұл сізсіз бе?» деген дауыс естілді.

Ұлының дауысын бірден таныған әкесі бар дауысымен: «Аманда, қарғам-ау!» деп айғай салды.

«Әке, расында, сіз бе?»

«Менмін, әкеңмін, айналайын, ұлым!»

«Мен сыныптастарыма қорықпаңдар, менің әкем тірі болады екен, сөзсіз, мені және сендерді құтқарады дедім, өйткені, сіз «Мен әрқашан қасыңнан табыламын» деп қадағалап ескертіп отырушы едіңіз ғой».

«Ұлым, қалың қалай? Қасыңда қанша бала бар?»

«Мұнда 14 бала бар, бәрі де тірі, біз тамның бұрышында қалдық, үйдің төбесі үшбұрыш формасында құлады да, біз зақымдалмадық».

Әкесі жан-жағына қарап, бар дауысымен айғай салды: «Тез келіңдер, мына арада 14 бала тірі екен!»

Арлы-берлі қайшалысқан жұрт жапа-тармағай келіп көмектесті. Елу минуттан кейін қауіпсіз ауыз ашылды. Әкесінің дауысы дірілдеп шықты: «Аманда, бері шыға ғой!»

«Жоқ, әке, басқа сыныптастарым алдымен шықсын, мен сіздің менімен бірге боллатындығыңызға кәміл сенемін!»

Осынау әкелі-балалы екеуі, ақыры зор қиыншылықты бастарынан кешіріп, қауышып, бір-бірін тас қып құшақтады.

«Мен әрқашан қасыңнан табыламын» деген осы бір ауыз жай да қарапайым сөзде атом бомбасының күшіндей құдірет жатқан-ды.Шешуші сәтте осы бір ауыз сөзден рухани күш-қуат жалындап, үміт ұшқыны қаулайды. Апатпен айқасқанда, сарқылмас күш-қуат бағыштайды. Егер осы бір ауыз сөздің құдіреті болмаса, осынау әке де басқа ата-аналар сияқты: «Ұлым! Қызым!» деп жылап алғаннан кейін, үміті үзіліп жайына кетіп, 14 баланың тағдыры тығырыққа тірелген болар еді. Міне, біз осы әкенің өн-бойынан әке мейірінің құдіретін көре аламыз.

Бұл әңгіме бізге, жайшылықта, Аманданың әкесіне ұқсас достарымызға және отбасымыздағыларға жігерлендіретін бірер ауыз сөз айта жүруді ескертеді. «Қорықпа, жүректі бол, мен сенің қасыңдамын!», «Ештеңе етпейді, тағы бір рет сынап көр!», «Жарайсың, жақсы істе, бұл жолы сәтсіздікке ұшырасаң, келер жолы сөзсіз ұтып шығасың…». Міне, осындай қарапайым сөздерді айта жүру айтушы мен естушіге рухани дәнекер, орасан зор күш-қуат бағыштайды. Бұл бір ауыз сөздің осы әңгімедегі әкелі-балалыларға ұқсас күш-қуат дарытып, өзіңізге және отбасыңыздағылардың өмір жолына естен кетпес бір белгі қалдырары ғажап емес.

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: mirobrazov.com

 

http://massaget.kz/bastangy/shayra/10427