АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

БІР ҚАЗАҚ – БАР ҚАЗАҚ, БАР ҚАЗАҚ – БІР ҚАЗАҚ

милицияДенеміз дір етпейтін болды. Құтты бір басқа елде, басқа жерде болып жатқан оқиғалар тәрізді. 
Күн сайын қанша ақпарат естиміз: түген деген жерде бір автобус аударылып, он шақты адам қырылыпты; пәлен деген жерде екі көлік соғысып, тоғыз адам өліпті; анау облыста жол-көлік апатынан пәлен адам зардап шегіпті, мынау облыста түген адам тіл тартпай кетіпті; Денеміз дір етпейтін болды.Құтты бір басқа елде, басқа жерде болып жатқан оқиғалар тәрізді.Тап қазір елде соғыс болып, 1 мың адам өлсе, қандай қайғы, қандай траур болған болар еді?!. Біз өлімді соғыс болған жағдайда ғана, өлім деп қабылдайтын сияқтымыз. Жәй күнде мұның маңызы жоқтай. Бейбіт күндегі өлім, жол апаты біздің елге мүлдем қатыссыз секілді… «Қазақстанда жарты жылда жол-көлік оқиғаларында (ЖКО) 1 мыңнан астам адам қаза болды», — деп хабарлады жақында ҚР ІІМ жол полициясы басқармасы.Дәл осы ақпаратқа селт ете қойған адам жоқ. «Қайдағы мың адам? Неге мұнша көп? Бұл не деген сұмдық?» деп жағасын ұстаған адам шамалы. Өйткені, ақпараттар нөпірі, күн сайынғы көңілсіз көріністер мен пәлен жерді өрт алды, түген жерді су басты, ана жақта мал қырылды, мына жақта адам қырылды деген келеңсіз ақпарат атаулы біздің сезімімізді селт еткізбейтіндей етіп тастаған.

«Республика жолдарында апаттық ахуал күрделі болып қалып отыр: 2013 жылдың 6 айында 8 462 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 1 167 адам қаза болып, 10 837 адам жарақат алды», — делінген таратылған ресми хабарда. Ішкі істер министрлігі оқиға саны 49%-ға артып, оларда өлген және жарақат алғандар саны сәйкесінше, 5% және 59% артқан көрінеді. Жол-көлік оқиғаларының саны Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарынан басқа барлық дерлік өңірлерде артып отыр. Әрбір жетінші ЖКО республикалық және халықаралық мәндегі жолдарда орын алған. Жергілікті мәндегі жолдарда 642 ЖКО тіркелген.

Жүргізушілердің айыбынан болған 7 665 ЖКО тіркелген, олар барлық оқиғалардың 91%-ын құрайды. Барлық ЖКО-лардың 21,6% жылдамдықты арттыру себептерінен (1 825 ЖКО); 9,3%  – жаяу жүргіншілердің өткелін өту ережесінің бұзылуынан (789 ЖКО); 8,6% – көше қиылысын өту ережесін бұзудан (728 ЖКО); 8,3%  – қарсы бағыттағы қозғалыс жолына шығып кету (705 ЖКО).

Жүргізушілердің мас күйінде автокөлік айдауынан 249 ЖКО тіркеліп, оларда 50 адам қаза болып, 385 адам жарақат алған. Автобус жүргізушілерінің кінәсінен 256 ЖКО орын алып, олардың басым бөлігі (76,5%) автобус жүргізушілерінің кінәсінен орын алыпты. Әр екінші ЖКО жаяу жүргіншіні қағып кетумен (46%) байланысты болса, олардың үлесіне жалпы қаза болғандар мен жарақат алғандардың 30% және 35% сай келіпті.

Барлығы, жаяу жүргіншілердің қатысуымен 3 193 ЖКО тіркелсе, оларда 349 адам қаза болып, 3 794 адам жарақат алған. Бұл ретте 770 ЖКО жаяу жүргіншінің айыбынан, оның ішінде 67 ЖКО мас жаяу жүргіншілердің айыбынан орын алыпты. Бұл былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 3 есеге артық.

Деректер осылай дейді. Осыны оқып ойланамыз ба? Бұл қалай деп бас қатыратын адам қалмағаны ма бұл елде? Неге ашық күнде халық қынадай қырыла беруі тиіс? Тәртіп қайда, тоқтам қайда?

Біздің көлік жүргізушілер күнде көшеге шыққанда ешқандай бағытсыз, бағдарсыз шығады. Қайда барарын алдын ала анықтап алмайды. Соның салдарынан көшеде келе жатып кілт бұрылу, алған бағытты күрт өзгерту жиі орын алады. Мұндай жауапсыз әрекеттің арты жол-көлік оқиғасына ұрындырады. Адам қазасына жол беріледі. Орны толмас өкінішке соқтырады.

Қай жылы Италияда болдым. Рим қаласында біздегідей үлкен көшелер аз, жалпақ даңғыл жиі ұшыраспайды. Көшелері тар, бірақ көліктер қатты жүреді. Ағызып келе жатқан автобус қарсы келген көлікке бетпе-бет соғысып қалатындай болады. Зәреңіз зәр түбіне кетіп, жаныңызды шүберекке түйіп отырасыз. Итальяндықтар біздің шымкенттіктер сияқты қызу қанды келеді екен. Бір таң қаларлығы: көлікті қанша қатты айдаса да, көшелері қанша тар болса да біздің елдегідей жаппай жол-көлік оқиғалары орын алып жатқан жоқ. Байырғы бір римдіктен мұның себебін сұрағанымда, ол былай деп жауап беріп еді: — «Біз күнде таңертең жолға жиналғанда қайда баратынымызды анықтап алатын елміз. Бәлкім, соның арқасы шығар».

Осы жауап мені қатты ойландырды. Шынында, біз күн сайын қайда баратынымызды анықтап аламыз ба? Қайдам, қалай болса, солай жүреміз…Қайда барарымызды білмейміз. Соның салдарынан базарға бара жатып Сәрсенбай есімізге түсіп кетеді де солай тартамыз. Мешітке бара жатып Бейсенбай еске түсіп, соған бұрыламыз. Бәрі оқыс. Ал оқыс қимылдың соңы — опық жеу.

Қазақстанда «ТеңізШевройл» деген мұнай өндіру ісімен айналысатын компания бар. Бұл — Атырауда. Шетелдіктердің адам өмірін сақтауға деген құнттылығы қайран қалдырады. Мұнда кез келген шара қауіпсіздіктен басталады. Белдік тағылмай, көлік жүрмейді, ұшақ ұшпайды. Кез келген көлік белгіленген мөлшердегі жылдамдықтан артық жүре алмайды. Бәріне арнайы құрал орнатылған. Сол арқылы жылдамдықты оқыс арттырған жүргізушіге қатаң шара қолданылып отырады. Бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркеліп жатқан жоқ. Жол апаты ұшыраспайды. Соның арқасында Қазақстанның басқа өңірлеріндегідей, көлік өлік шығаратын құралға айналып отырған жоқ.

Міне, осындай арнайы құралды Қазақстан бойынша барлық көлікке орнату қажет. Сонда ғана желіккен жүргізуші, еріккен жолаушы жол апатынан аман болады. «Қашып келеміз, қашып келеміз. Осы қарқынмен қаша берсек, ендігі елге де жетіп қалармыз» деген екен бір солдат елге жазған хатында. Сол айтқандай, жол-көлік апатынан қырылып жатырмыз, қырылып жатырмыз, осы қарқынмен қырыла берсек, елде адам қалмайтын жағдайға да жетіп қалармыз…

 

Бір қазақ өлсе, бар қазақ өлгендей қайғыруды қаперден шығардық.

Бар қазақ өлсе, бір қазақтың қайғырғанынан келер пайда не?!.

Әр қазақтың өмірі  — бір қазаққа, бір қазақтың өмірі  — бар қазаққа байланып тұрған жоқ па?!. Абай болайықшы, ағайын!

Нұртөре ЖҮСІП

http://www.aikyn.kz