АЛТЫНОРДА
Новости

Бостондық террактқа әйел адамның қатысы болуы мүмкін

Астана. 2 мамыр. Baq.kz Бостон марафонында болған лаңкестік әрекет орнында жарылған құрылғының бір бөлігінде әйел адамның ДНК-сы табылған. Бұл туралы Wall Street Journal жазды

Алайда, ДНК иесінің кім екені анықталмаған. Сондықтан Царнаев ағайындыларына әйел адам көмектесті деуге негіз жоқ. Тергеушілерде ДНК-ның қолдан жасалған жарылғыш заттың бөлшегінде қалай пайда болғаны жөнінде бірнеше болжам бар. Генетикалық тұрғыдан ДНК лаңкестерге жарылғыш затты жасауға қажетті материалдарды сатқан сатушыныкі немесе құрылғының бөлшегіне кездейсоқ түскен шаш талшығы да болуы мүмкін.
Дүйсенбі күні Тамерлан Царнаевтың әйелі Кэтрин Расселдің Род-Айлендтегі әке-шешесімен тұратын үйіне ФБР агенттері келді. «Біздің қызметкерлер Кэтриннің үйіне террактіге қатысты тергеу жұмыстарымен барып қайтты», – деді ФБР өкілі Джейсон Пэк. Кетриннің қорғаушысы өз тарапынан оның тергеу жұмыстарына барынша көмек көрсетіп жатқанын атап кетті.
Тергеу жұмыстарының барысында Расселден ДНК үлгісі алынып, оның жарылған заттың бөлшегінен табылған үлгімен сәйкестігі тексерілді. Сондай-ақ тергеушілер Кэтринді куйеуінің лаңкестік жоспарларымен алдын-ала хабардар болған-болмағанын анықтайды. Дегенмен, Кэтрин Рассел теракт ісі бойынша күдікті ретінде қаралып жатқан жоқ және оған ешқандай айып тағылмаған. Бұл туралы CBS News хабарлады.
ФБР агенттері Тамерлан Царнаевтың 2012 жылғы Дагестанға барған сапарына жаңаша көзқараспен қарамақ. Тергеушілер оны терорристерді дайындайтын лагерьде болып қайтуы мүмкін деп отыр. Агенттердің қызығушылығын арттырып отырған тағы бір жай, оның Канададағы Ресей эмигранты Уильям Плотниковпен қарым-қатынасы. Себебі, аталған Уильям Исламның радикалды ағымына кіріп, экстремистердің қатарына қосылу мақсатында Дагестанға көшіп барған. Плотников те Царнаев сынды бокспен шұғылданған. Тергеушілердің пайымдауынша, өткен жылдың жазында олар Дагестанда бірге болған. 2012 жылы шілдеде Царнаевтың АҚШ-қа оралуынан бірнеше күн бұрын, арнайы операция кезіндегі қақтығыста Плотников қаза тапты. Естеріңізге сала кетсек,
15 сәуірде Бостон марафонының мәресінде екі күшті жарылыс болды. Оның салдарынан 180 адам жарақаттанып, үшеуі қаза тапты. Полиция тергеу жұмыстарының нәтижесінде ағайынды Царнаевтардың ізіне түсті. 19 сәуірге қараған түні ағайындылар Массачусетс технологиялық университетінде полиция қызметкерін өлтіріп, атыс ұйымдастырған. Артынан «Мерседес» автокөлігін ұрлап мініп кетіп, ізінен түскен тәртіп сақшыларына қолдан жасалған бірнеше жарылғыш заттарды лақтырған. Бұл заттардың марафондағы лаңкестік әрекетте қолданылған құрылғыларға ұқсастығы анықталды. Полициямен қақтығыс кезінде Тамерлан Царнаев алған ауыр жарақаттарынан көз жұмды. Бірнеше сағаттан кейін қала сыртында бір үйдің ауласындағы қайықтың ішінде жасырынған Джохар қолға түсті. Қазіргі уақытта ол қамауда отыр.
Айдар Өрісбаев.

egemennews