Биылғы жаз ерекше ыстық болып тұр. Қазақстанда ғана емес, дүние жүзінде ауа температурасы жылдағыдан бірнеше градусқа көтерілді. Қатты ыстықтан мыңдаған адамдар көз жұмды. Мысалы, Үндістанда 29 мамыр күні бір тәуліктің ішінде 500 адам, ал маусым айындағы муссондық жауын келгенше бұл елде 2,2 мың адам ыстықты көтере алмай қайтыс болды. Пәкістанда 22 маусымдағы қатты ыстықта тек Карачи қаласында 114 адам өліпті, жалпы санақ бойынша ыстықтан қайтыс болғандардың саны бұл елде 1,7 мың адам. 15 шілде күні Жапонияда қатты ыстықтан 7 адам көз жұмып, бастарынан күн өткен 726 адам ауруханаға түсіпті. Көрші Өзбекстанда екі адам қайтыс болды. Қысқасы Азия дәл қазір күйіп тұр. Қатты ыстық Еуропаны да есеңгіретіп тастады. Жақында Францияның денсаулық сақтау министрі Марисоль Турэн: «…ауа райының қатты ысып кетуіне байланысты 29 маусым мен 5 шілде аралығында Францияда 700 адам өлді» деп мәлімдеді. Америка құрлығында да осындай жағдайлар болды.
Жалпы планетамыздың климаты соңғы 10-15 жылдың ішінде қатты өзгеріске түсті. Бұған ғылыми техникалық прогресс қатты әсер етіп отыр. Дегенмен, Күннің көзіндегі жарылыстар кезінде Жердің бетіне ультра-қызыл сәулелердің шамадан көп түсуі жиі болып тұратын құбылыс. Жер бетінің мұндай қатты ысып кетуі бірінші рет емес. Бірақ қатты ыстықтан адамдардың мыңдап қырылғаны туралы деректер жоқ. Сонда бұрынғы заманның адамдары желдеткішсіз, салқындатқышсыз (кондиционер) қалай өмір сүрген?
Біздің ата-бабаларымызға тоңазытқыштың да, желдеткіштің де, кондиционердің де қажеті болған жоқ. Олар жаз айларында шыбын, масасы жоқ, самал жел ескен жайлауда отырды. Киіз үйдің керегесін түріп қойып, салқын қымыз ішіп ыстықтан қорғанды. Ал тоңазытқыш ретінде табиғаттың өзін пайдаланды. Мысалы, сүт ашып кетпес үшін ыдысты су әбден сіңген киізге орап, көлеңкеге іліп қоятын болған. Қарапайым ғана әдіс – киізге сіңген су самал желмен бірлесіп ыдысты салқындатады. Көшпенді халық етті желге кептіріп, ұзақ уақыт сақтайтын болған. Әжелеріміз сүрленген қазыны салқын қоймадағы ұнның ішіне салып қара күзге дейін сақтайтын. Қазіргі кезде бізге салқындатқыш құралдарсыз өмір сүрі мүмкін емес сияқты болып көрінеді. Ал бұрынғының адамдары тоңазытқышты білмей-ақ кетті.
Ала жаздай таза ауада, салқын самалда өмір сүрген қазақтар ыстықты көп мойындамаған болуы керек. Ал тар көшелердің бойына сығылысқан, халқы көп үлкен қаладағыларға ыстықтан қорғанудың түрлі тәсілдерін табуға мәжбүр болды. Мысалы, биік үйлердің төбелерін күн көзінен қалқалайтын маркиздер жасады, астына су бүркіп отырды. Ыстықпен күрестің басқа да түрлі амалдары болды. Мысалы өрт сөндіру гидранттары күннің көзі қатты ысыған кезде көшедегі жұртқа су шашып, салқындататын болған. Алайда, кондиционерді ойлап тапқанша адамзат ыстықтан қатты қиналды.
Өткен ғасырдың басында Чикаго көшелерінде мұз сатылатын болған
Үйдегі үйреншікті тұрмыстық құралдарды күнделікті қолданып жүрсек те оның қай заманда, қалай пайда болғаны, кім бірінші қолданғаны туралы ойлана бермейміз. Мысалға кондиционерді алайық. Оны дүние жүзі пайдаланады және осылай атайды. Қазақстанда ауаны салқындататын құрал жаппай қолданылмайды, бірақ кейбір елдердің өмірін түбегейлі өзгертті. Ыстық кезде салқын ауаны қолдан жасау идеясы бұдан бірнеше мың жыл бұрын пайда болған. Парсылар бірінші болып суды қолдану арқылы ауаны салқындату жүйесін жасаған. Бірақ мұндай кондиционер ауаны ылғалдандырып, дем алуды қиындататын болған. Үндістанда да кіреберісті сумен салқындататын құрылғы қолданылған. Механикалық кондиционерді ойлап тапқанша адамзат ыстықпен осылайша күресті.
Тарихи деректерге қарасақ, ең алғаш 1810 жылы Лондон ауруханаларының бірінде табиғи желдеткіш жүйесі іске қосылыпты. Кондиционер деген ұғым ең алғаш 1815 жылы пайда болған, сол жылы француз Жанн Шабаннес британдық патентке ие болыпты. Бірақ бұл идеяны жүзеге асырып, жаппай қолданысқа енгізу үшін тағы бір ғасырға жуық уақыт өтті. Тек 1902 жылы америкалық өнертапқыш Уиллис Карриер Нью-Йорктегі Бруклин баспаханасы үшін өндірістік тоңазытқыш машинаны ойлап тапты. Механикалық салқындатқыштың негізін жасаған ағылшын ғалымы Майкл Фарадей. Ол бірінші болып кейбір қысылған және сұйытылған газ ауаны салқындататындығын дәлелдеді. Оны Уиллис Карриер әрі қарай дамытып, қолданысқа пайдаланды. Алғашқы кондиционер баспаханадағы жұмысшыларды салқындату үшін емес, баспа сапасын нашарлататын ылғалмен күресу үшін пайдаланылды. Енді бір жылдан кейін Еуропаның игі жақсылары жергілікті театрға баруды модаға айландырды. Оларды труппаның ойнағаны емес, жаздың ыстық күндерінде көрермендер залын салқындатып тұрған кондиционер қызықтырды. 1924 жылы ауа салқындатқыш Детройттағы ірі әмбебап дүкенге қойылып, оған кіру үшін халық кезекке тұрды. Дүкенге түскен пайда бірнеше күннің ішінде үш есеге өсті. Көп ұзамай кондиционерді банктер, кинотеатрлар, тіпті қоғамдық әжетханаларға дейін жаппай пайдалана бастады.
Жекеменшік үйлерді салқындататын алғашқы құрылғылар 1914 жылы пайда бола бастады. Бұл өте үлкен және көп адамдардың қолы жете бермейтін қымбат дүние болды. Оны да Кэрриер жасады. Алғашқы үй кондиционері магнат Джон Гейтстің ұлы, тікенек сымды сатып байыған Чарльз Гейтстің, ауа райы аса ыстық емес АҚШ-тың солтүстігіндегі Миннесот штатындағы сарайына қойылды. Бұл сол кездегі үлкен жетістік, мақтаныш еді. Көлемі үлкен, бағасы қымбат кондиционерлер ұзақ уақыт бойы үлкен бизнестің көзі болды. Халық көп жиналатын қоғамдық орындар болмаса, жекеменшік үйлерде өте сирек кездесетін. Еуропа мен Америкада кондиционерді тұрғын үйлерге өткен ғасырдың елу-алпысыншы жылдары жаппай орната бастады.
Тұрмыстық кондиционерлер Кеңес Одағында да болды. Жапондық Hitachi фирмасының лицензиясы бойынша Әзірбайжан астанасы Баку қаласында 1975 жылы тұрмыстық кондиционерлер шығаратын өндіріс орны пайда болды. Бұл зауыттан «БК» (Бытовой Кондиционер) деп аталатын 1500, 2000 және 2500 ваттық күші бар үш түрлі кондиционерлер шығарыла бастады. Көлемі үлкен, қатты шуылдайтын, бағасы қымбат (1500 модельдің құны 350 сом!) ең үлкен кондиционер КСРО-да дефицит болды. Қарапайым халық оны көрген жоқ, біріншіден өте аз шығарылды, екіншіден оларды тек лауазымды қызметкерлер отыратын кабинеттерге ғана орнатты. Кеңестік азаматқа кондиционердің қажеті жоқ деп есептелді. Кейіннен шағын, тиімді жұмыс істейтін шетелдік кондиционерлер келді де бұлар түкке жарамай қалды. Бірақ солар қазірге дейін кейбір жерлерде жұмыс істеп тұр. Мысалы, Алматы түбіндегі Қапшағай су қоймасы жағасында орналасқан демалыс зоналарының біріндегі үйшіктер жаппай осы «БК» кондиционерлерімен жабдықталған.
Ал капиталистік елдер болса кондиционердің қызығын көрді, табыс көзіне айналдырды. Алғашқы кондиционерлермен бірге тоңазытқыш, мұздатқыштар шыға бастады. Бұған дейін ыстықтан қиналып келген қасапшылар, ет, балық, сүт өнімдерін сатушылардың саудасы енді жақсы жүре бастады. Америкалықтар оңтүстік штаттардың тұрғындарына, тіпті Африка, Индия елдеріне дейін барып мұз сатуды кәсіпке айландырды. Тіпті Американың оңтүстігіндегі қалаларда мұзды кезекке тұрып сатып алатын болды. Осы кезде балмұздақ жасап сату бизнесі кеңінен жолға қойылды. Осылайша ыстықпен күресудің жаңа дәуірі басталды. КСРО-да тоңазытқыштар жаппай сатыла бастаған кезде мұз сатуды Орта Азияда да бастады. Мысалы, жетпісінші, сексенінші жылдары Ташкентте кішкентай балалар ішінде мұзы бар суды көшеде жүгіріп жүріп сататын.
Кондиционер адамдардың өмірін қатты өзгертті, америкалық, еуропалық архитектураны өзгертті. Әсіресе жекеменшік үйлердің құрылысына әсер етті. Кондиционер болмаған кезде үйдің құрылысына қыста жылуды ұстайтын, жазда салқын болатын тас, кірпіш сияқты материалдарды пайдаланатын. Ыстық ауа жоғары көтеріліп, төменнен салқын ауа келуі үшін бөлменің төбесін биік етіп салатын. Кондиционер пайда болғаннан кейін үйлер жеңіл материалдардан салынатын болды.
Бүгінгі адамдар тоңазытқышсыз, кондиционерсіз өмір сүре алмайтын жағдайға жетті. Бәлкім, ыстықтан қырылып жатқаны да сондықтан шығар. Қазіргі кезде үйде де, жұмыс орындарында да, ұшақ, автокөлік, пойызда да ауаны салқындататын кондиционерлер тұр. Онсыз адамдар жүре алмайтын болды. Жазды күні демалыс орындарына баратын адамдар бірінші кезекте жататын жерде кондиционердің болғанын қалайды. Ал тоңазытқышсыз бір апта өмір сүріп көріңізші, қалай болар екен. Осы жағынан алғанда Уиллис Карриердің ойлап тапқан салқындатқыш құралына адамзат өркениетінде үлкен секірістердің бірі деп қарау керек сияқты.
Қайыржан ТӨРЕЖАН