АЛТЫНОРДА
Новости

Дариға Назарбаева президент болғысы келмейтінін мәлімдеді

Мамырдың 9-ы күні Дубайлық Khaleej Times газетіне Қазақстан парламентінің депутаты Дариға Назарбаеваның сұхбаты шықты. Тілші одан президенттік сайлауға түсер-түспесі туралы сұраған деп жазады Азаттық.

Тілші Суреш Паттали сұхбаттың алдында Дариға Назарбаеваны дубайлық оқырманға таныстыратын кіріспе берген:

«Ол — опера әншісі, саясаттану және тарих ғылымдарының докторы. Қазақ, орыс, ағылшын, итальян – 4 тілде сөйлейді. Ол — саяси партия құрушы, депутат. Ол – медиамагнат, аймақтық, халықаралық медиа ассоциацияларымен байланыс орнатқан. 2002 жылы Еуразия медиа-форумының негізін қалады. Түрлі қайырымдылық қорлармен де жұмыс істейді».

Паттали Дариға Назарбаеваға «Сопранодан саясатқа қалай ауысқанын, өнер мен саясаттың қайсысы жанына жақын екенін» сұраған. Оған Назарбаева «әлі де опера әншісі екенін, өмірін әнсіз, қайырымдылық шараларынсыз, саяси қызметсіз елестете алмайтынын, ән айтудың оған осы күрделі өмірде алға ұмтылуға көмектесетінін» айтқан. «Сенесіз бе, мен үшін осының бәрін қатар алып жүру қиын емес. Таңғы 9-дан, кешкі 6-ға дейін парламент мүшесі ретінде жұмыс істеймін. 6-дан кейін 2-3 сағат опера әншісі ретінде жаттығамын. Қалған уақытты балаларыма арнаймын» деген.

Таңғы 9-дан, кешкі 6-ға дейін парламент мүшесі ретінде жұмыс істеймін. 6-дан кейін 2-3 сағат опера әншісі ретінде жаттығамын. Қалған уақытты балаларыма арнаймын

Осы жерде тілші әңгімені Дариға Назарбаеваның жеке басына бұрып, «Бірақ президент әйел әлі болған жоқ қой. 2005 жылы сіз өзіңіздің президенттік сайлауға болашақта қатысатыныңыз туралы емеурінмен айтып қалған едіңіз» деп сұрайды.

Бұл сұраққа Дариға Назарбаева «Журналистер менен үнемі президенттік сайлауға түсетін-түспейтінім туралы сұрайды. Бұлары біртүрлі қызық, бірақ мен бұл сұрақ сіздерге өте маңызды екенін түсінемін» деп жауап берген.

Алайда тілші сұхбаттасынан нақты жауап алу үшін «Сіз өзіңізді келесі президент ретінде елестетесіз бе? Ал егер халық қалап жатса ше?» деген сұрақ қояды. Дариға Назарбаева «Жоқ. Мен өзімнің осы қалпымда бақыттымын. Ол — өте қиын жұмыс. Сүйікті істеріме уақытым болмай кетеді ғой» деп жауап берген.

Мен өзімнің осы қалпымда бақыттымын. Ол — өте қиын жұмыс. Сүйікті істеріме уақытым болмай кетеді ғой

Дариға Назарбаева сұхбатта өзінің үлгі тұтатын адамы ретінде әкесі — Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты атап, ары қарайғы әңгімесін былай өрбітеді:

«90-жылдары жағдай өте қиын болды. Халықтың жартысы орыс ұлтының өкілдері еді. Сол кезде қоғамды біріктіруге, Қытай мен Ресей мемлекеттерімен қарым-қатынасты жақсартуға көп күш-жігер жұмсалды. Біздің саясаттағы достарымыз бізге миллиондаған қаржыны әскери салаға емес, әлеуметтік салаға жұмсауға мүмкіндік берді. Осы тұрғыдан біз аймаққа үлгі бола аламыз. Қазір Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасы немесе Ауғанстандағы соғыс сияқты ғаламдық дағдарыстарды реттеу мәселелері бойынша келіссөздер өтетін жерге айналды. Әлемдік діндер съезі, Дүниежүзілік экономикалық форум мен Еуразиялық медиа-форум Қазақстанда өтеді. Еуразиялық, кедендік интеграция идеялары Қазақстаннан шықты. Біздің президентіміз — барлық интеграциялық идеялардың авторы. Біз тіпті аймақтық держава мәртебесіне ұмтыла аламыз».

Источник: Азаттық радиосы