Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне қатысты келіссөздер «өте күрделі» жүруде. Бұл туралы кеше Сенатта өткен «Парламенттік тыңдауда» ашық айтылды. Сондықтан енді еліміздің бұл ұйымға мүше болуының нақты уақытын айтудан келіссөзшілер де бойын аулақ салуда.
Бірақ бұл оқиға алысқа ұзамай, жақын уақытта болады деп болжануда. Бұл ретте «бас келіссөзші» – Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова елді алаңдатқан «ауыл шаруашылығы саласы бойынша келіссөздерге» қатысты қандайда бір толымды ақпаратты тек келесі жылы ғана бере алатындарын нақтылады. Яғни Қазақстан ДСҰ-ға кем дегенде алдағы жылдың ортасына дейін кірмейді деген сөз.
– Бұл – бүгінгі таңда ең өзекті және маңызды тақырыптың бірі, – деді «Парламенттік тыңдауды» ашқан Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.
– Елбасы Н.Назарбаев 11 қазандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап көрсеткеніндей, ықпалдастық – біз үшін өмір талабы, сол себепті біз қазір Еуразиялық экономикалық одақты құру және Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру туралы айтудамыз. Бұл ретте жалпы ықпалдастық картинасын жасау, іс-әрекеттердің мүмкін болатын барлық балама нұсқаларын әзірлеу, Қазақстанның ықтимал шығындары мен пайдасына бағалау жүргізу қажет. Ал әлемдік осы ұйымға кіру нәтижесінде ел бюджетінің ортаятындығы не толатындығы, экономиканың шығын шегетіндігі, әлде пайда көретіндігі келіссөзшілердің қол жеткізген нәтижелеріне тәуелді болмақ. Күні бүгінге дейін олардың қандай қарым мен қарқын, тегеурін мен табандылық таныта алғандығы жайында Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова айтып берді.
Біразының біліп, ал білмейтіндерінің іші сезіп отырған даусыз жайт – Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген соң, импорттық тауарлар тасқыны үдейді. ДСҰ талабымен Қазақстан қазірдің өзінде сол тасқынға жағдай жасап, «арна» әзірлеуде. Мәселен, заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу рәсімдерін жеңілдетті. Сауда саласындағы әкімшілік кедергілерді азайту жұмыстары жасалып жатыр. «Мысалы, тауарларды импорттау үшін лицензиялар беру мерзімі 30 күннен 15 күнге дейін қысқартылды. 2011 жылдан бастап, дәрі-дәрмектерді және фармацевтикалық тауарларды импорттау үшін мемлекет тарапынан лицензия талап етілмейді. Ал 2012 жылдан бастап, этилді спиртті және алкогольді ішімдіктерді импорттау үшін мемлекет тарапынан лицензия сұралмайтын болды» деді министр ханым.
Бірақ ел Үкіметі бұл ұйымға «жем» болу үшін бара жатқан жоқ, сондықтан ДСҰ-ның Қазақстанның тауар өндірушілері үшін жағымсыз ықпал етуі мүмкін талаптарын кейінге шегеретін «өтпелі кезеңдерге» қол жеткізу бағытында келіссөз жүргізуде.
– Мысалы, 2013 жылы Қазақстан Үкіметі 4 отандық кәсіпорынмен транспорт машиналарын жасау туралы инвестициялық келісімдерге қол қойған болатын, – деді Жанар Айтжанова. – Бұл кәсіпорындарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек, атап айтқанда, импортталған компоненттері үшін кедендік бажды төлемеуге рұқсат ету «дүниежүзілік сауда қағидаларына» сәйкес келмейді. Сол себепті Қазақстан ол бойынша 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін «өтпелі кезең» алу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
ДСҰ-ға аттап аяқ басқан күні-ақ, еліміздегі «АЭА» дегендердің барлығы жойылатын еді. Келіссөзшілер ол күнді де алыстата алыпты: «Еркін сауда аймағы шеңберінде және «еркін қойма» механизмі арқылы мемлекет тарапынан қазақстандық тауар өндірушілеріне қолданылып отырған шаралар 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін жалғастырылатын болады. Бүгінгі күні Қазақстанда 10 «еркін сауда аймағы» жұмыс істеп отыр, бұлар – «Астана – жаңа қала», «Ақтау теңіз айлағы», «Алатау инновациялық технологиялар паркі» және басқа өндіріс аймақтары» деді «бас келіссөзші».
ДСҰ-ға кіру «қазақстандық қамту» («қазақстандық үлес») деген қолдау түрін де келмеске кетіреді. Ал бұл тетік отандық өнім өндірушілерге тендерлерде басымдық әперіп келген еді. «Тағы бір атап өтетін маңызды келіссөз – мұнай, газ және тау-кен саласында жұмыс істеуші инвесторлармен қол қойылған келісімдердегі қазақстандық тауарларды сатып алу талабы бойынша жүріп жатыр, – деді Жанар Айтжанова. – Бүгінде Қазақстан Үкіметі мен шетелдік-отандық инвесторлар арасында мұнай, газ және тау-кен салаларында 564 инвестициялық контрактіге қол қойылған. Бұл контрактілер бойынша сатып алынатын қазақстандық тауарлардың көлемі орташа 13 пайыздың шамасында болып отыр. Бұл – тауарлар ғана. Ал егер қазақстандық қызмет көрсету түрлерін сатып алуды қоссақ, ол орташа алғанда, 50 пайыз шамасында».
Сол контрактілер шеңберінде қазақстандық өндірушілер қазір жеңілдіктерді пайдаланып отыр. «Өтіп жатқан келіссөздер осы жеңілдіктерді сақтап қалуға бағытталған. Біз оларды 2020 жылдың соңына дейін сақтап қалуды келіссөздер барысында өз алдымызға мақсат етіп қоюдамыз. Осы «өтпелі кезеңдер» мерзімі отандық тауар өндірушілер үшін мемлекет тарапынан қолданылатын халықаралық ережелерге сәйкес баламалы шаралар әзірлеу үшін жеткілікті уақыт» деді министр.
Үкімет «Қазақтелекомды» да шетелдіктердің «ханталапайына» түсуінен қорғап қалыпты. «Қазақстан ДСҰ-ға кіргеннен кейін, 2 жарым жылдан соң, халықаралық және қалааралық қызмет көрсететін телекоммуникациялық компаниялардағы шетелдік капиталдың үлесіне қойылған 49 пайыз мөлшеріндегі қазіргі шектеу жойылады. Осылайша бұл салаларда шетелдік телекоммуникациялық компаниялар тарапынан жасалынатын инвестицияларға жол ашылады. Сонымен бірге «Қазақтелеком» компаниясындағы шетел капиталының көлемі 49 пайыз мөлшерінен аспау туралы шектеу ДСҰ-ға мүшелікке өткеннен кейін де ары қарай сақталып қалатын болады» деді Жанар Сейдахметқызы.
Жаһандық еркін сауда кеңістігіне ендігі еніп алған елдер әдетте, есік қағып тұрған мемлекеттерден «тауарларыңа көп салық салмаймын» деген шартты қабылдатуға тырысады. Бұл ретте Қазақстан ДСҰ-ға кіргеннен кейін импорттық тауарлардан жап-жақсы алым жинау мүмкіндігіне қол жеткізіпті. «Еліміз ДСҰ-ға мүше болған соң, импорттық тауарларға қолданатын кедендік баждар деңгейлері бойынша біз бүгінгі таңда екіжақты келіссөздерді ұйымға мүше 30 мемлекетпен аяқтадық. Бұл келіссөздер нәтижесінде, қол жеткізілген орташа импорттық кедендік тарифтердің деңгейі 7,9 пайыз мөлшерін құрап отыр. Оның ішінде өндірістік тауарларға 6,5 пайыз, ауыл шаруашылығы тауарларына 13,2 пайыз орташа импорттық баж енгізіледі. Бұл отандық тауарларды импорттық тауарлар тарапынан болатын бәсекелестіктен қорғауға және шикізаттан тыс жаңа өндіруші салаларды дамытуға мүмкіндік береді» деді Жанар Айтжанова.
Министр ауыл шаруашылығы саласында Қазақстанның ДСҰ-ға кіргеннен кейін қолданатын мемлекеттік субсидияларының көлемі бойынша «өте күрделі келіссөздер әлі жалғасып жатқанын» қадап айтты: «Бұл келіссөздер Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды болып табылады, өйткені біздің халқымыздың жартысы ауылдық жерлерде жұмыс істеп, өмір сүріп жатыр. Бұл келіссөздер жақында қабылданған «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында белгіленетін субсидиялардың көлемі негізінде жүргізіліп отыр. Ауыл шаруашылығы саласындағы келіссөздер нәтижесі туралы сіздерге толық ақпаратты келесі жылдың І-жартысында бере аламыз деп сенемін» деп үміт етті Жанар Айтжанова.
Айхан ШӘРІП
http://www.aikyn.kz/news/view/35642