ҚАЗАҚСТАНДА ИПОТЕКА ДАҒДАРЫСЫ БАСТАЛДЫ МА?

пппҚазіргі уақытта ел тұрғындары үшін жылжымайтын мүлік (пәтер немесе тұрғын үй) сатып алу мақсатында ипотекалық кредит алу күннен-күнге қиындап барады. Сонда Қазақстан банктері ипотекалық дағдарысқа ұшырай бастағаны ма, қалай?

Бұған ең алдымен, банктердің тұрғын­дарға ипотекалық несие беруден бас тартуы үлкен кедергі келтіріп отыр. Тіпті кейбір банк­тер ипотекалық несиені берудің шарт­тарын анағұрылым қиындатып жіберді. Мы­салы, несие беру жағынан халықтың кө­ңілінен шығып жүрген банктің бірі – «Қаз­коммерцбанк» басшылары үстіміздегі жыл­ғы қараша айынан бастап ипотекалық не­сие беруді үзілді-кесілді тоқтатты. Банк са­рапшыларының пікірінше, көп көлемде-гі қар­жыны ұзақ мерзімге – 20 жылға қа­рыз­ға беру банк үшін тіпті де тиімді болмай отыр. Бұл жөнінде «Қазкоммерцбанк» АҚ-тың кредит беру департаментінің басшысы Жұмабек Мамұтов: – Рас, біздің банк біраз уа­қыттан бері теңгемен ұзақмерзімдік не­сие беруді тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл қар­жы нарығында орын алып отырған проб­лемалармен тығыз байланысты. Де­ген­мен ұзақмерзімдік несие беруді тоқ­татып қана қоймай, оның тиімді жолдарын да іздестірудеміз. Мәселе қалай шешілсе болды, ұзақмерзімдік кредит беруді қайта жандандыруымыз мүмкін, – дейді.
Алайда көпшілікті толғандырған ипо­те­калық кредит беру мәселесі туралы ба­сым көпшілік банктердің қызметкерлері әзір­ге, жұмған ауыздарын ашпай отыр. Ал Қа­зақстанның ипотекалық компаниясы тұр­ғын үй сатып алуға бөлінген кредиттердің соң­ғыларын тұрғындарға беруде. – Алдағы жыл­дан бастап тұрғын үй сатып алуға бе­рілетін ұзақмерзімдік кредит беруді толық тоқ­татамыз. Өйткені тұрғын үй бағасының күрт қымбаттауына байланысты елдің кредит алуға деген ынтасы азайып барады. Бұл – біріншіден. Екіншіден, бұған жала­қы­ның бастапқы қалпында қалуы және кре­дитті қайтару барысында төленетін қар­жы пайызының көп жылдан бері қаралмауы да себеп болып тұр, – дейді Қазақстанның ипо­текалық компаниясының мамандары. Ал экономист Мирас Бәйтенұлының пі­кі­рінше, банктердің ұзақмерзімдік ипо­те­калық кредит беруден бас тартуының басты се­бебі басқада көрінеді.
– Мысалы, бір банк сан мыңдаған тұр­ғынға теңгемен ұзақ мерзімге ипотекалық кре­дит берді делік. Егер күтпеген жерден тең­­ге девальвацияға ұшырай қалса, сөз жоқ, әлгі банк мұның зардабын тартады. Бұған қо­са, банк атаулының ұзақмерзімдік кре­дит беруді уақытша болса да тоқтата тұруы – қар­жы нарығындағы қалыптасқан жағдай. Сон­дықтан бүгін-ертең немесе таяу уақытта ипо­текалық несие нарығында ілкімді «қо­з­ғалыс» болуы мүмкін деп айту өте қиын, – дейді Мирас Бәйтенұлы.
Бұл тұста несие мәселесін зерттеп жүр­ген сарапшылардың мына бір ой-пікіріне де назар аударған жөн. Олар­дың айтуынша, халық арасында қаржы мәселесіне қатысты ежелден қалыптасқан бір жайт мынандай. Егер ойламаған жерден жылжымайтын мү­ліктің бағасы күрт аспандай бастаса, әліп­тің артын бағып, қаржысын қолында «уыс­тап» отырған бәзбіреулер қолындағы бү­кіл қаржысын дереу өздері ұнатқан жыл­жымайтын мүлікті сатып алуға жұмсайтыны ақи­қат. Сөз жоқ, мұндай уақытта қаржы на­­рығындағы сең өздігінен қозғалып, тұр­ғындар абыр-дабыр күй кешетіні анық. Өйт­кені қаржы нарығының заңы осын­дай!
Экономист-сарапшылардың енді біреу­лері елімізде әлі күнге ипотекалық кредитке деген сұраныс өте үлкен екендігін айтып дау­рығуда. – Қазір қай аймаққа барсаңыз да үйсіз-күйсіз, тұрғын үйге қол жеткізе ал­май жүрген тұрғындарды байқайсыз. Се­бебі Қазақстанда жыл сайын бар бол­ғаны алты, жеті миллион шаршы метр тұр­ғын үй салынады. Ал бұл – халықтың тұр­ғын үйге деген сұранысын қана­ғат­тан­дыра алмауда. Менің ойымша, ел Үкі­меті жыл сайын салынатын үйдің ауқымын 10 – 12 миллион шаршы метрге жеткізгені аб­зал. Сондай-ақ ипотекалық кредиттің пайыз­дық мөлшерін анағұрлым төмендету ар­қылы тұрғын үй мәселесін шешуге бо­лады. Әйтпесе, «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалуы әбден мүмкін, – дейді эко­номист Олжас Құдайбергенов. Экономист айт­қан тағы бір маңызды мәселе, дәл қазір­гі күні жаңадан салынып, пайдалануға бе­ріліп жатқан үйлердің кем дегенде 20 – 30 пайызы ипотекалық кредит жағдайында са­тып алынуда. Демек, ипотекалық кредит мә­селесінде қолдан дағдарыс жасаудың еш қа­жеті жоқ. Ең бастысы, егер ұзақмерзімдік ипо­текалық кредит беру тоқтатылған жағ­дай­да тұрғын үйлерді сатып алу көрсеткіші де күрт бәсеңдейді. Ал бұл – кең-байтақ елі­мізде көпқабатты тұрғын үй салу қар­қыны бүгін болмаса да, күні ертең тұра­лай­ды деген сөз.

Молдахметұлы Жомарт

http://www.aikyn.kz/articles/view/35635