АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Егесiн тапқан ет

Бұл өткен ғасырдың 80 жылдарында бiр студенттiң басынан өткiзген оқиғасы…Ол кезде пара алу, пара беру деген бүгiнгiдей ашық түрде болмаса да, ара-тұра болып тұратын. Соңғы курста оқып жатқан Сәрсен есiмдi студент диплом жұмысына дайындалып жатты. Дипломдық жұмыс оңай емес. Әрине, оған басшылық жасайтын жетекшiсi бар. Ағайымен сөйлесiп көрiп едi, о кiсi “көмектесейiн” деген ыңғай танытты. Не iстеу керек? Әкесi мен шешесiне айтып едi, олар ұлынан не аясын, “бiр семiз қой сойып берейiк” деп, шын ниеттерiн бiлдiрдi. Сәрсен ойлана келе, “жеңсiк ас қой, екi семiз күркетауық алып барайын” деп шештi. Екi күркетауықты сойып, жол сөмкесiне салып қалаға тартып кеттi. Жол бойы ой үстiнде келедi. Жүрдек пойыз 4-5 сағатта қалаға кiрдi. Пойыздан түсе салысымен, көпқабатты үйлердiң бiрiнде тұратын ағайының есiгiнiң алдына келiп тоқтады. Ендi алып келген азын-аулақ сыйлығын беру ғана қалды. Оның арғы жағында – дайын дипломдық жұмыс. Ол уақытты оздырмай әкелген етiн егесiне табыстауы керек. Ағай “алмаймын, алып кет!” десе не дейдi? Қалай айту керек? Сәрсен ойлана келе, “еттi сөмкесiмен есiк алдына қоя тұрып, әуелi айтайын, содан соң беремiн” деп шештi. Сөйтiп, есiктiң қоңырауын басып, ет толы сөмкенi сыртқа қалдырып, өзi iшке ендi. Амандық-саулықтан соң, өзiнiң ауылдан оралғанын, құр алақан емес, азын-аулақ сый-сияпатының бар екенiн майдалап жеткiздi. Ол әңгiмесiн айтып болғанша арада 5-10 минут уақыт өттi. Ағайы қарсы болмады. “Әкелсең әкел” дегендей ишара жасады. Ол дереу сыртқа шықты. Қараса, ет толы сөмке жоқ. Көп қабатты үйдiң жертөлесiнен ырылдасқан иттердiң даусы естiлдi. Жүрегi құрғыр бiр нәрсенi сезгендей жиi соғып кеттi. Ол дереу жертөлеге түстi. Қара көлеңкеде өзiнiң ет салынған қара дорбасының сұлбасын таныды. Сау-тамтығы жоқ. Ол отыра кеттi…

Ет егесiн тапты. Оның рақатын жертөледегi қаңғыбас иттер көрдi. Пара беру осылай аяқталды. Дегенмен, сол жылы қатарластарымен бiрге Сәрсен оқуын бiтiрдi. Кеңес одағы тара­ғанға дейiн совхоздың шеберханасында еңбек еттi. Қазiр мұнай саласында еңбек етiп жүр.
Иә, пара беру деген ол кезде бар болатын. Бiрақ дәл қазiргi күндегiдей шектен шықпаған едi. Ол заманда билiктiң тұтқасын ұстағандар компартиядан қорқатын. Қылмыс жасағандар мен жемқорлар ендi қайтып билiк басына келтiрiлмейтiн. Ал қазiр бәрi басқаша. Сабаздар Құдайдан да, партиядан да қорықпайды. Арын сатып ақша тапса да, арланбайды. Себебi, тәртiп жоқ. Тәртiп жоқ жерде ештеңе жоқ және ештеңе де болмайды!
Қарасай Теңгебаев,
Түлкiбас ауданы,
Оңтүстiк Қазақстан облысы.
Жас алаш газетiнен алынды