Елбасы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықты тағайындайтындығын мәлімдеді

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен, Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі мәжіліс құрды. Кеңестің бұл жолғы 26-отырысына «Қазақстанның 2020 жылға дейінгі инновациялық-технологиялық дамуы» тақырыбы арқау етіліпті. Осыған орай жиынға қатысушылар инвестициялық саясатты жүзеге асыру барысын қарап, Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі ой-пікірлерін білдірді, ұсыныс-идеяларын ортаға салды. Бұған қоса, «қазақстандық қамтуды» арттыруға, елге ең жаңа технологияларды трансферттеуге және қосылған құны жоғары өнімдер өндірісін игеруге шетелдік инвесторлардың жәрдемдесу жолдары талқыланды.


Image

Президент жанындағы Шет­елдік инвесторлар кеңесіне 15 жыл толып отыр.
– 15 жыл бұрын Шетелдік ин­весторлар кеңесін құру туралы шешім қабылданды, – деді оты­рысты ашқан Қазақстан Көш­басшысы. – Бұл шешім Ми­нистр­лер кабинетімен, Инвес­тиция жөніндегі мемлекеттік комитетпен, Еуропалық қайта құру және даму банкінің бас­шылығымен ортақ кеңес-консультациялар кезінде туған болатын. Сол кезден бері көп уақыт өтті. Кеңес құрамы да сан өзгерді. Сол 1998 жылы-ақ біз Кеңестің бірінші отырысын Ал­матыда ұйымдастырдық. 4 жұмыс тобын құрдық, оларға елдегі ин­вестициялық климатты жақсарту, инвесторлардың Қазақстан­дағы қызметімен байланысты маңыз­ды мәселелерді қарау міндеті жүктелді.

Елбасы алғашқы кезеңде, Кеңес отырыстарында Қазақстан аумағында бизнес жүргізіп, өн­діріс ұйымдастыруға бел буған шетелдік инвесторлардан көп шағым естуге тура келгендігін еске алды: «Сол жылдары біз кез келген мәселені қарауға мәжбүр болдық: олардың арасында инвес­торлардың шағым-претенция­ларына, қазақстандық шенеунік­тердің жұмысына, салық салу саласындағы заңнаманың өзгеруі­не қатысты және басқа да құ­қықтық тұрғыдағы мәселелер бар еді» деді ол. Содан бері Кеңес 25 рет алқа құрып, ақыл қосыпты. Құрылған кезден бері Шетел­дік инвесторлар кеңесінің құрамы кеңейді. «Мұны мен заңдылық санаймын, өйткені ол халықара­лық қоғамдастық пен шетелдік бизнестің біздің елімізге деген өсіп келе жатқан қызығушылығын көрсетеді. Бұған, сондай-ақ ұдайы ұлғайған шетелдік инвестициялар ағыны да ықпал етуде» деген Қа­зақстан Президенті Кеңес мүше­леріне және бақылаушыларға бір­лес­кен жұмыстағы белсенділіктері және берген ұсынымдары үшін алғысын білдірді. Шетелдік инвесторлар кеңесі­нің жиынына қатысу үшін Еуро­палық қайта құру және даму бан­кінің Президенті Сэр Сума Ча­крабарти Астанаға арнайы ке­ліпті. Ол өз сөзінде Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарта түсуге және инновацияларды ендіруге тоспа болуы мүмкін бес бірдей түйінді тұсты атап көрсетіп, оларға қатысты өз рекоменда­цияларын ұсынды. Чакрабарти мырзаның айтуынша, бірінші күр­делі мәселе – «адами капи­талды дамыту». Ол Қазақстанға мамандандырылған оқу бағдарла­маларына салмақ салуға кеңес берді. «Оқу бағдарламаларын қай­та қарап, оларды өмір тала­бы­на жауап тауып отырардай икемді ету керек» деді ЕҚДБ басшысы.

– Екінші қиындық – қар­жылық ресурстарға қолжетімділік, – деген ол елімізде әсіресе, орта бизнестің несие алуда қиындық көретіндігіне назар аудартты. Оның байламынша, инновация­лық кәсіпорындар «арнаулы қар­жыландыруды қажет етеді». Бұл ретте осы еуропалық қаржылық құрылым көмекке келуге әзірлік танытып отыр.
Үшінші проблема, С.Чакра­бар­тидің пікірінше, «қолайлы бизнес ортаны қалыптастыру». Осы орайда ЕҚДБ Еуропа мен Орталық Азия арасында са­лыстырмалы талдау жүргізіпті. Бұл ретте біздің аймақта инно­ва­цияны дамыту жолында алтықабат арқан болып керілген үш кедергі аталды, олар – білім-машықтың жоқтығы, кеденде туатын қиын­дықтар және сыбайлас жемқорлық екен. Төртінші мәселе ретінде «ғы­лым мен өнеркәсіптің ара­сында өзара тығыз байланыстың жоқтығы», ал бесінші түйін ретін­де «мамандандырылған техноло­гияларды ендіру» аталды. Айтқандай, Қазақстан Үкіметі соңғы мәселені шешуге бағыт­талған шараларды қолға алуда. Бұл ретте мысалға, еліміздегі тех­нопарктер базасында 3D тех­нологиялардың дамытыла­тын­дығы жария етілді. Бұл жаңалықты жеткізген Премьердің орынбасары – Ин­дус­трия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешевтің мәлі­метінше, Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 171 миллиард доллар шетелдік инвестиция тарты­лып­ты. Оның 82 миллиарды – ел экономикасына соңғы 4 жылда құйылған көрінеді. Әсет Исекешев қазақстандық ұлттық инновациялық жүйенің алғашқы негіздері 2000-жылдары қаланғандығын айтады. Сол тұста елімізде тиісті заңнамалық тұғыр түзілген, индустриялық-иннова­ция­лық инфрақұрылым қалып­тастырылған, даму институттары құрылған. «Соңғы үш жылда ин­но­вациялық жүйені қайта жүктеу жүргізілді, – деді Әсет Исеке­шев.

Дүниежүзілік экономикалық форумның «Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі» рейтингіне сәйкес, ілгерілеушіліктер бай­қалу­да, Қазақстан Бразилия, Ма­лайзия, Түркия елдері қатарына қосылып, «басқару тиімділігі» және «инновациялар» арқылы ілгері жылжыған елдердің тобына кіріпті. Бұл жерде еліміз бірден 21 тұғырға биікке шығандай кө­терілген: Қазақстан 2011 жылғы 72-орыннан өткен жылы 51 ор­ынға жоғарылады. Әрине, мем­лекетіміз мұнымен тоқтап қалмақ емес.
– Біз Қазақстанды иннова­цияны «экономикалық өсімнің қозғалтқышы» ретінде қарастыра бастауымен құттықтаймыз! – деп, осы мәселенің маңыздылығын атады Азия даму банкінің вице-президенті Лакшми Венката­ча­лам, – Азия даму банкі Қазақ­станның «Стратегия – 2050»-де айтылғанындай, әлемнің озық дамыған 30 елі қатарына кіруін қолдайды. Және біз инновациялар мен кәсіпкерлікті дамыту жолы­мен Қазақстанның бәсекеге қа­білеттілігін арттыруға көмектесуге дайынбыз!
Осы жиында Елбасы Қазақ­станда алып «Венчурлық иннова­циялық қор» құру туралы идеясын жария етті.

– Сіздер білесіздер, – деді ин­весторларға қайырылған Қа­зақ­стан көшбасшысы, – заң бойы­н­ша ағымдағы жылдан бастап, барлық жер қойнауын пайдалану­шылар өздерінің жиынтықтағы жылдық табысының 1 пайызын тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға және зерттеулерге бағыттауға міндетті. Бірақ мұндай жобалар барлығында бірдей бола бермейді. Сондықтан осы қаржы­лар есебінен бастапқы капиталы 200 миллион долларды құрайтын Венчурлық инновациялық қор қалыптастыруға болады деп санаймын, – деген Н.Назарбаев келешекте ол қордың «қоржынын­дағы» қаржысын 1 миллиард дол­ларға дейін жеткізуді қалайтынын айтты. Президент шетелдік инвестор­лар мен әріптестердің белсенді атсалысуымен, осы қорды инно­вациялық жобаларды қаржылан­дыру­дың басты көзіне айнал­ды­руды ұсынды. Мемлекет басшысы бұл қордың «Назарбаев Универ­ситетінің», ақпараттық техноло­гиялар паркінің зерттеулерін, ха­лықаралық жобаларын, сондай-ақ өңірлік инновациялық офистерді қаржыландыратынын» жеткізді. «Бұл қаражаттарды, сондай-ақ G-Global ақпараттық-коммуника­ция­лық алаңы арқылы зерттеу бағдарламаларының кең ауқымын қаржыландыруға да бағыттауға болар еді» деді Елбасы. Өз сөзінде Қазақстан көш­басшысы елімізде «2020 жылға дейінгі Инновациялық даму тұжырым­дамасы» қабылдан­ғандығынан, бұл құжаттың әлемге аты мәшһүр сарапшылардың қатысуымен әзірлегендігінен құлағдар етті. Бұл тұжырымдаманы жүзеге асыру ісі қаражатпен қамтамасыз етілген екен.

– Мемлекетіміздің өркендеуі­нің жаңа белесін – ендігі әзір­ленген «жасыл экономикаға» кө­шу Тұжырымдамасы айқындамақ, – деп сабақтады сөзін Елбасы. – Оны жүзеге асырудың ката­ли­заторларының бірі Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық ма­ман­дандырылған көрмені өткізу болады. Нұрсұлтан Назарбаев осы стратегиялық маңызды құжаттарға өмірге табысты жолдама беру үшін бірқатар жүйелі шараларды қолға алу қажеттігін баса айтты.
– Біріншісі – білім беру жүйе­сін инновацияны керекті кадр­лар­мен қамтамасыз етуге бағдар­лау, – деді ол. – Осында қатысып отырған инвесторлардың көбі білікті жұмыс күшінің жетіспеу­шілігі проблемасына жолықты. Біз халықаралық деңгейдегі білік­тіліктерге ие инженерлік және тех­никалық кадрларға деген қа­жет­тілікті өтеуге тиіспіз. Мұны биз­неспен бірге іске асыру қа­жет. Екінші маңызды бағыт, Мем­лекет басшысының пайымдауын­ша, қазақстандық ғылыми әлеует­ті қажетке жарату болмақ.
– Ғылым саласында ЖОО-лар шешуші рөл атқарады, – деді Президент, – Егер 2010 жылы олар барлық ғылыми-техникалық бағдарламалардың 33 пайызын орындаса, ал бүгінде ЖОО-лар жобаларының 67 пайызы мақұл­данды. Сондықтан ЖОО-ларда қолданбалы және ғылыми-зерттеу бөлімшелерін құруды жалғастыру керек. Рас, қолданбалы, яғни жоба­ларын нақты өмірде пайдалануға болатын ғылымдардың сыртында, іргелі, теория құратын ғылымдар да бар, Қазақстан көшбасшысы олардың да көзден таса, көңілден сырт қалмауын қадап тапсырды: «Біз іргелі жаратылыстану және нақты ғылымдарды да ұмытпауға тиіспіз! Бұл бағыттар қысқа мер­зім­ді келешекте кіріс әкелмейді, бірақ олар отандық өнертабыстар мен ғылыми жаңалықтар үшін негіз болып табылады».

Жиыннан тағы бір жаңалық: Қазақстанда «Назарбаев Универ­ситетіне» бара-бар, ауыл шаруа­шылығы саласына маманданған іргелі ғылым ордасы пайда болуы мүмкін. «Үкімет, инвесторлармен бірлесіп, ауыл шаруашылығы саласында «Назарбаев Универси­теті» үлгісіндегі, әлемдік деңгей­дегі зерттеу университетін құру мәселесін пысықтауы қажет, – деді Президент. – Біз ауыл шаруашылығын және азық-түлік өндірісін дамытудың орасан зор мүмкіндіктеріне иеміз» деген ол әлемдік дәрежедегі ғылым орда­сын Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті негізінде ашуға болатынын қосты. Мемлекет басшысының ұста­нымынша, бұл университеттің ая­сында, «Қазагроинновация» АҚ-ының ресурстарымен бірге, тағы үш құрамдас бөлікті – ЖОО-ны, ғылыми-зерттеу институт­та­рын және тәжірибелік шаруа­шы­лықтарды біріктіру керек. Егер бұл идея сәтімен іске ас­са, жақсы нәтижелер берсе, мем­лекет бұл саламен шектеліп қалмақ емес: «Дәл осы тәсілмен басқа да, мәселен, Алматы энер­гетика және байланыс универ­ситеті базасында – «энерге­ти­калық», ал, Қазақ – Британ уни­верситеті база­сында – «хи­миялық» ғылыми-білім беру кластерлерін құруға болады» деді Н.Назарбаев. Осы тұста Елбасы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықты тағайындайтындығын мәлімдеді. Ол жыл сайын серпінді ғылыми зерттеулер жүргізген, инновация­лары ендірілген ғалымдарға 7 ата­лым бойынша берілмек. Мемлекет басшысы алғашқы кезде Мем­лекеттік сыйлықтың мөлшері 100 мың доллар болатындығын, ары қарай оның көлемі арттырыла­тындығын жеткізді. Мүмкін, болашақта ол тек сыйақысының көлемі бойынша ғана емес, сондай-ақ маңызы мен мәртебесі бойынша Нобель сыйлығы секілді халықаралық белді марапаттармен теңесер?!

Осыдан «үшінші шара – инновацияға сұраныс тудыру» келіп, туады.
– Зерттеулерге және әзірле­мелерге шетелдік инвесторлар және жергілікті компаниялар тарапынан берілетін тапсы­рыс­тардың Қазақстанда орналасты­рылуын қамтамасыз ету керек, – деп белгіледі Нұрсұлтан На­зар­баев. – Бәлкім, мұны заң жүзінде бекіту қажет болар. Сөзін түйіндей келе, Қазақ­стан көшбасшысы аталған шараларды іс жүзінде жүзеге асыру үшін ортақ міндет қоюды ұсынды: «Мен оны «үш жетілік бастамасы» деп атар едім. Оны бірлесе күш сала отырып, жыл үдерінде жүзеге асыра аламыз. Біріншіден, Қазақстанға ең кем дегенде,әлемдік атағы бар 7 ғалымды тарту. Екіншіден, 7 қа­зақстандық компанияны жоғары технологиялы тапсырыстармен қамтамасыз ету. Үшіншіден, 7 инновациялық старт-ап құруды қолдау» дей келе, Президент Шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмыс топтары арқылы осы бас­таманың үйлесімді орындалуын қамтамасыз етуді жүктеді. Жиын соңында Елбасы Ке­ңес­тің келесі отырысының та­қыры­бын ұсынды. Ол қабыл алынды. Мемлекет басшысы Үкі­метке биылғы жылдың қараша­сына дейін жаңа бағдарламаның Тұжы­рымдамасын әзірлеуді және келер жылдың мамырына дейін бағ­дарламаның өзін жасауды тап­сырғанын айтты.

Айхан ШӘРІП

http://www.aikyn.kz