Сәуірден бастап елімізде автонесие 4 пайызбен беріледі. Мұндай игілік «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында жасалады. Ол үшін мемлекеттік қазынадан 15 млрд теңге қарастырылыпты.
Қаржы министрлігі мен «Бәйтерек» ұлттық қоры бірлесе тұрғындарға жеңілдетілген несиемен көлік алуға мүмкіндік бермек. Оған 15 млрд теңге қарастырылып отыр. Яғни 6 мың отандық темір тұлпар иесін табады. Олар жылына 4 пайыздық өсіммен 3-тен 5 жылға дейін рәсімделеді. Алайда, тағы да бір мәселе бар. Яғни бұл ақпардан кейін автосалон иелері отандық көліктің бағасын көтеруі мүмкін.
«Көліктердің бағасы өңірлерде әр қалай. Айырмашылық 40 пайызды құрап отыр. Қаражат ысырап кетпеу үшін Қаржылық бақылау комитеті темір тұлпарды сатып алуға қатысты оңтайлы шешімдерді қарастыруда», — деді ҚР қаржы вице – министрі Ардақ Теңгебаев.
Қаңтар айында жаңа көліктердің бағасы түскен. Бірақ оның несие пайызы 12-ден 22 пайызға демде көтерілді. Дәл осылай пайда көрем деген көлік салондарының жұмысы біржола тоқтайды. Сұраныс та жоқ. Банк өкілдерінің айтуларынша, жаңа мүмкіндік халыққа тиімді болмақ.
«Әрине, біз талдау жұмыстарын жүргіздік. Яғни көлікті жеңілдетілген несиемен беру жағдайы жан-жақты қаралды. Бағдарлама аясында рәсімделген несиенің айлық төлемі шамамен 40 пайызға төмен болады. Бұл тұрғындарға оңтайлы», — деді екінші деңгейлі банк өкілі Шолпан Мұратбекова.
Бағдарламаны жүзеге асыру 4 банкке жүктелуі ықтимал. Әрі қаржы сәуір айының орта шенінде бөлінбек.
Baq.kz