Астана. 25 мамыр. Baq.kz — Соңғы қоңырау бүгін Астананың 82 жалпы білім беретін мектебінде соғылады. 2013 жылдың 25 мамыры — 3 686 он бірінші сынып оқушысы үшін соңғы оқу күні болмақ, — деп хабарлайды қалалық Білім басқармасы.
Мектеп бітірушілердің жалпы санынан 3292 түлек ҰБТ-ға қатысуға өтініш берді. Онбірінші сынып оқушылары арасында Бірыңғай ұлттық тест тапсырудан босатылғандар да бар. Олар халықаралық олимпиада мен ғылыми жоба жарысының жеңімпаздары және шетелдерде немесе колледждерде оқығысы келетін балалар. 2006 жылдан бері республиканың барлық аймақтары арасында Астанада ҰБТ тапсыру нәтижелерінің жақсарғандығы байқалады.
Алайда, ең күрделі және жауапты сынақ алдында балалардың күнделікті кітап мүжуден бой сергітіп, демалу мүмкіндіктері туып отыр. Бүгін елорда мектеп бітірушілері үшін көптеген мерекелік іс-шаралар әзірленген.
Білім басқармасының мәліметі бойынша, 2012-2013 оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты линейка қаланың барлық мектептерінде 25 мамыр күні 10.00-де басталады. Ал 12.00-ден 15.00-ге дейін Астананың үш алаңында: ҚР Қаржы министрлігі алдындағы, «Орбита» шағын ауданындағы алаң мен «Ғашықтар» паркінде мерекелік концерттер жоспарланған.
Еске салайық, 25 мамыр күні кеште 18.00-де Жаңа Мектеп оқушылары сарайында «Триумф» балы өтеді. Онда 300 халықаралық және республикалық олимпиаданың жеңімпаздарына құрмет көрсетіледі. Бал бағдарламасына – жүлдегерлерді дайындаған мұғалімдерді марапаттау мен мерекелік концерт енгізілген.