АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Елордаға «Жапон көктемі» келді

АСТАНА. 31 наурыз. BAQ.KZ – Елордада тағы да «Жапон көктемі» III халықаралық өнер фестивалі өтеді. Биыл шара аясында Қазақстан өнер майталмандарының концерті ұйымдастырылады.

«Дегдар» гуманитарлық қоры JTI компаниясымен бірге төрт жыл бойы күз бен көктемде Астана мен Алматыда атақты жапон орындаушылары және Қазақстандағы музыка саңлақтарының қатысуымен өтетін фестивальдерді ұйымдастырып келеді.

Қазақстандықтарды Жапонияның дәстүрлі және заманауи мәдениетімен таныстыруды, Қазақстандағы орындаушылық мектептің жетістіктерін көрсетуді, өнердің әр саласындағы дарындарды қолдауды, екі ел арасындағы қатынасты нығайтуға дәнекер болуды фестиваль негізгі мақсаты еткен.

Үстіміздегі жылы «Жапон көктемі» III халықаралық өнер фестивалі аясында 3 сәуірде ҚазҰӨУ орган залында Қазақстан өнер майталмандарының концерті өтеді. Оған әйгілі қазақстандық әншілер мен музыканттар, сондай-ақ «Астана Опера» театрының атынан жапон балет бишілері қатысады.

Кешке «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев (фортепиано), ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлзат Дәуірбаева (сопрано), ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин (баритон), Арман Тілеубергенов (фортепиано), Ермек Құрманаев (виолончель), Еркебұлан Сапарбаев (скрипка), Салтанат Әбілханова (орган), Қанат Ботабаев (маримба), «Астана Опера» театрының бишілері Сэрина Сунагава, Марико Китамура, Сейка Тоносаки қатысады.

Концерт бағдарламасында жапон авторларының белгілі шығармалары мен қазақ және еуропалық классика, дәстүрлі жапон хореографиясы орындалады.

Айта кетейік, бір уақытта суға да, құмға да сурет салатын, сондай-ақ жылтырақ тозаңнан картина жасайтын сиқырлы өнердің өкілдері Екатерина Джепканың «Sand Pro» студиясының саңлақтары кештің көркін қыздырады.

Еске салайық, концерт 3 сәуірде ҚазҰӨУ өтеді. Басталуы сағат 19.00. Кіру тегін.

http://baq.kz/kk/news/45215