АЛТЫНОРДА
Новости

Ерте қазақ тұрмысындағы былғары ыдыстар

Көшпенді өмір салтына байланысты қазақтардың ыдыс-аяқтары алғашқыда тек теріден және ағаштан жасалған. Себебі, азық салуға, ас дайындауға сынбайтын ыдыс қажет болды. Ошақтың негізі болған мыс қазан біздің заманымыздан бұрынғы 3-4 ғасырда пайда болған дейді тарихшы ғалымдар.

Жылқының, өгіздің мойын терісінен жасалатын, қымыз құюға арналған торсықтың негізінен екі түрі бар. Біріншісі, дөңгелене келіп, ағашпен жиектеліп, терімен қапталады. Қылқа мойынды ұзынша, тығын салатын аузы бар. Екіншісі, айбалта пішінді. Үлкен иіннен жоғары шыққан қошқар мүйізді қос қапталы бар және мойыны ұзын. Торсық тек қымыз құю үшін ғана емес, оны бабында ұстауға да ыңғайлы. Ұзақ сапар кезінде шайқалып, қымыз қашанда бабында сақталады. Ал қымыз ашытатын ең үлкен ыдыс – саба. Ол тұтас теріден (екіден бес теріге дейін) тігіледі. Әрқайсысының өз аты болған, мысалы «бес биенің сабасы», «тай жүзген» деген сияқты. Сондай-ақ түйенің мойын терісінен қымыз ашыту үшін сүйретпе жасаған. Оның емдік қасиеті де бар екен.

Алысқа апарылатын ақты ешкінің тұтас терісінен жасалған меске құятын болған. Құрметті қонаққа қымызды мес немесе сүйретпеден құю ұят саналған.

Сондықтан, тек сабадан құйып берген. Жылқы және ірі қара терісінен шелек т.б ыдыстар жасаған. Жер суаруға, құдықтан су тартуға қауғаны пайдаланған. Былғары ыдыстар үй тірлігіне қолданумен бірге қазақтардың қайталанбас ұлтты өнер үлгісі ретінде де қарауға болады. Әсіресе торсықтар мен бие сауатын көнектер мұқият өрнектелетін болған. Былғарыға басылған күрделі өрнектер, шеңберлі оюлар, өсімдіктердің мәнерлі нұсқалары домалана келген ыдыстардың сыртына тұтас салынып, жекелеген тұстарда бір-бірімен ғажап үндестік тапқан.

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: art-kaz.kz

 

http://massaget.kz/alemtanu/Qazaqstanym/8682