АЛТЫНОРДА
Новости

«Фаст-наурызкөже» дайындауға қалай қарайсыз?

©Нұрғиса Елеубеков (фото)Жылдам әзірленетін кеспе, картоп езбесі, балаларға арналған тағамдар мен сорпаның түр-түрін шығару Қытайдан бастау алған. Қазір жылдам әзірленетін тағам өндірісі әлемдік нарықта қарқынды даму үстінде. Бірақ неге екені белгісіз, әлі күнге біздің отандық кәсіпкерлер қазақы тағамның бір түрін дәл осылай азық-түлік индустриясына енгізе алмай келеді. Мәселен, наурызкөжені неліктен жылдам әзірленетін тағам ретінде жасап шығармасқа?!

Әлемде бір минут ішінде төрт адам жылдам әзірленетін тамақпен қоректенеді екен. Ал біздің елдегі сырттан келетін қытайлық кеспе іспетті тауарлардан түсетін нарық сараланымының бір жылдық мөлшері орта есеппен 150-250 млн АҚШ долларын құрайды. Тіпті сол кеспелер мен фасфудтардың адам асқазанындағы шырышты қабықтар мен ішек жолдары үшін аса қауіпті екені анықталып, гастрит пен колит ауруларын туғызатыны белгілі болды. Сонда да бүгінгі басшының да, қосшының да сүйікті түскі асына айналып жүрген құнарсыз қытай кеспелерінің орнын басар отандық тағам табылмай келеді. Осы тұста бірден ойға оралған мәселе – наурызкөжені жылдам әзірленетін тағам ретінде өндіру болып отыр. Тағамтанушы ғалымдардың айтуынша, мұндай өндірісті қолға алуға әбден болады. Біріншіден, наурызкөженің құрамындағы жеті түрлі азықтық заттардың барлығы да ағзаға пайдалы, екіншіден, ұлттық тағам мен ұлттық мейрамды жыл бойы насихаттап, өскелең ұрпақтың Наурыз мейрамын ұлықтауына көп септігін тигізеді.

Ахмет Алдашев,Тағамтану ғылыми-зерттеу институтының кафедра меңгерушісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, медицина ғылымының докторы, профессор:

Қытайдан болмаса Ресейден келіп жатқан, жалпы шетелдік фасфудтардың барлығы трансмайлылықтың қосындысымен дайындалады. Ол күнбағыс майын көп қайнатып, иісі мен дәмін шығару үшін түрлі химиялық қоспалардың араласуымен қоюланады. Ол түрлі ісік ауруларының пайда болуына соқтырады. Ал наурызкөженің құрамындағы жеті түрлі тағамның барлығы – дәруменге толы және табиғи өнім. Сондықтан оның құнарын жоғалтып алмас үшін қайнатып немесе құрамын өзгертіп, химиялық қоспалар қоспастан әзірлеп, сатылымға шығарар болсақ, оның пайдасы шаш етектен болады.

Алдашев мырзаның сөзінен түсінгеніміз, наурызкөжені қытай кеспесі сияқты қағазға орап, яғни құрғақ түрінде жасап шығаруға болмайды. Тек сүр етімізді, бидай, тары, бұршақ пен тұзымызды араластырып, кейін үстіне сүт пен суды құйып, дайын наурызкөжені іше салатындай етіп, арнайы ыдыстармен сатылымға шығаруға болады. Егер қымыз бен шұбатты қосатын болсақ, жылдам әзірленетін наурызкөжемізді үш күннен бір аптаға дейінгі уақыт аралығында сақтай аламыз. Ал экономист мамандар «егер жылдам дайындалатын наурызкөжені нарыққа шығарсақ, еліміздің экономикасы мол пайдаға кенеледі» деп отыр.

Жанұзақ Әкім,биолог, экономист:

– Наурызкөжені жылдам дайындалатын тағам ретінде шығару керек. Тіпті ұлттық тағамдардың барлығының өндірісін осындай жолға қойсақ дұрыс болады. Мысалы, түрік ағайындар донерлерімен дүниежүзінің жартысын жаулап алды емес пе? Біз наурызкөжеге кепкен ет қосамыз. Ол сүр етте холестерин болмайды. Демек, қытайлық кеспелер сияқты жүрек ауруларын туғызбайды. Сүт өнімдерінің де қазір құрғақ түрі бар, яғни көжені кептірілген түрінде сақтауға болады. Тіпті «фасткөжеміз» ұлттық брэндке айналуы да мүмкін. Ал экономикалық жағынан алып қарасақ, Қазақстан сыртқа тек ұн, бидай және ет шығарады. Яғни жылдам әзірленетін наурызкөже толықтай мемлекеттік қолдауға ие болатын болса, еліміздің экономикасына қосымша үлкен табыс әкелері сөзсіз.

Тіпті мұндай идеяны ұлттық тағамдар мен сусындарды өндіріп жүрген кәсіпкерлеріміз де қуана құптап отыр. Айтуларынша, наурызкөженің жылдам әзірленетін түрін өндіру аса қиын шаруа емес. Тек оны іске асыру үшін тағамтану саласы мамандарының технологиясы қажет екен.

Ахметбек Нұрсила, Саржайлау» корпорациясының төрағасы:

– Жылдам әзірленетін наурызкөже өндірісін қолға алу үшін ең алдымен Тағамтану академиясы мамандарының калькуляциясы қажет. Егер оның технологиясы мықтап дайындалатын болса, іске асыруға әбден болады. Әрине, отандық тауардың бағасы аздап жоғары болуы мүмкін, бірақ сапасы мен денсаулыққа пайдасы жағынан теңдесі болмайды, халықтың денсаулығын ойласақ, Қытай мен Ресейден келіп жатқан фасфудтардан бас тартуымыз керек. Мейлі, сырттан киім-кешек, техника мен көлік сатып алсақ та, тағамды сырттан сатып алу дұрыс емес. Ұлттық тағам ішкен азаматтың ұлттық сана-сезімі де жоғары болары сөзсіз. Ұлтты асқазанмен де тәрбиелеуге болады.

«Алаш айнасы»
Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/fast-nauryizkoje-dayyindauga-kalay-karaysyiz-65690/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі