Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин ақпанның 1-і күні Монакода өткен жекпе-жекте ганалық Осуману Адаманы техникалық нокаутпен жеңді.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин. Нью-Йорк, 2 қараша 2013 жыл.
Жекпе-жек бойы Головкин шабуылды бәсеңдеткен жоқ. Алтыншы раундта оның кезекті соққысынан ганалық боксшы тағы да құлап, төреші санауды бастаған. Бірақ Адама есепті онға жеткізбей есін жиып үлгерді.
Ал жетінші раундта бірден шабуылды қайта бастап, қарсыласын тағы да көп соққының астына алған қазақстандық боксшы оны нокаутқа жіберуге бекініп шыққандай әсер қалдырған еді.
Бірақ рингтегі төреші кездесуді бірден тоқтатуға мәжбүр болды. Ганалық боксшының бапкерлері төрешілердің шешімімен келісті.
31 жастағы Геннадий Головкин осы кезге дейін рингте өткізген 29 кездесудің барлығында қарсыласынан басым шыққан. Сол кездесулердің жиырма алтысында ол жекпе-жектімерзімінен бұрын аяқтап, жеңіске жеткен.
Биылғы жылғы алғашқы кездесуде қарсыласынан тағы да күш асырған Головкин осымен орта салмақта WBA тұжырымы бойынша чемпиондық атағын тоғызыншы, IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын жетінші рет қорғап қалды.
Монакодағы кездесуден кейін журналистерге сұхбат берген Геннадий Головкин: «Бүгінгі жеңісіме көңілім толады. Бірінші раундтан бастап рингте өзімді жайлы сезіндім. Ол (Осуману Адама) ауыр қарсылас, бірақ мен кездесу бойы бірде-бір соққыны сезген жоқпын. Енді мен Серхио Мартинеспен кездесіп, орта салмақта кімнің мықты екенін анықтағым келеді» деді.
Серхио Мартинес – аргентиналық 38 жастағы боксшы. Орта салмақта WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы.
Қазақстандық боксшының келесі кездесуі 26-ші сәуірде Нью-Йоркте өтпекші. Оның келесі қарсыласы кім болатыны әлі анықталған жоқ.