АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Гүл мен жан

3eade4ac72706dcce3008cf6f04Бейбіткүл, Қуаныш, Жеңісхан, Серікбол, Тыныштық… Бұлардың бәрінің де әкелері соғыстан келмегендер… Біреуінің әкесі – 1942, біреуінің әкесі – 43, біреуінің әкесі 44-те мерт болғандар. Ерлікпен қаза тапқандар. Бірақ, бұл балалар 1946 жылы дүниеге келгендер… Ұлы Жеңістің бір жылдығына орай туғандар еді. Иә, бұлар Ұлы Жеңістің ұрпақтары болатын. Сондықтан да ешкім, бірде-бір адам бұлардың аналарын өсектеген жоқ… Өйткені, бұл балалар көптен күткен, зарығып тосқан Жеңістің жемістері еді…

Ал Гүлжанның әкесі шүкір, бар-тын. Әспеттің жалғыз ұлы Жарылқасын соғысқа бармаса да бүкіл Горный ауылына, қала берді Меркіге мәлім азамат еді. Дайындаушы, колхоз бастығы, т.б жұмыстарда істеген сыйлы азамат болатын. Екі иығына екі кісі мінердей балуан, саятшы-сері еді. Әйтпесе, он беске жаңа толған Уәзипа сұлуды бір түнде алып-қашып кетпес еді ғой…

DSC_6788… Қараса, көкесі… Көзінде жас… Еңкілдеп жылап тұр екен… Көзінен аққан жас бетін жуып кетіпті… Үп-үлкен саусақтарымен көз-жасын сүрткен болады. Екі иығы дірілдеп қорс-қорс етеді. Әншейінде қатал, балаларына онша мейірімі жоқ суық көрінетін көкесінің боркемік боп тұрғаны-ай… Гуля ескілеу, үлкен чемоданын купеге кіргізіп терезеге қарағанда көргені осы болды. Көкесі жалғыз қызын Алматыға емес, аты-жөні белгісіз әлдебір қиянға жіберіп жатқандай…

– Көке! К..өөөөкке-е! – деп Гуля да терезеге ұмтылған. Қызының дауысын естіді ме, естімеді ме белгісіз… бірақ көкесі бұл мінген вагонға қараған. Бірақ, Алматыға асыққан паравоздың «айқайы» қыздың дауысын көміп кетті… Ысылдап-пысылдап пойыздың дөңгелектері орнынан қозғалған. Перронда қол бұлғап қалғандар… Солардың ішінде көз жасына ие бола алмай тұрған көкесі бірдеңе деп айқайлайды… «Жолың болсын, қызым!» дегендей. Көне Тараздың вокзалы бірте-бірте артта қала берді…

Бүйтіп көкесін жылатып артист болғаны құрысын… Одан да осы Жамбылдағы кез келген институтқа, болмаса бір техникумға түсе салу керек еді. Бәріне кінәлі ана ағай… орыс әдебиетінен беретін Павел Васильевич. Иә… сол кісі… Бір күні ол сыныпқа кірген соң «Соровка – Воровка» деген ертегіні қоямыз деді. Гуляға сол ертегідегі бас кейіпкер сұлу ханшайымды берді… Киімді де, декорацияны да, тіпті, бетке жағатын бояуды да өздері мектеп оқушылары жасаған… бәрі сабақтан соң қалады. У-шу… Сөйтіп дайындалады. Ақыры кішкене ауылдың ескі клубында жаңағы ертегіні қойған. Ауылдың тайлы-тұяғына дейін келіп көрді. Әлгі атақ-абырой деген қиын нәрсе деп жүрсе оп-оңай екен ғой. Сегізінші кластың сұлуы – ұзын бойлы талдырмаш Гуля Әспетова бір күнде «жұлдыз» болып шыға келді. Далаға шықса да, дүкенге барып нан алса да көшедегі балалар бұған тас лақтырады. «Ей, актриса!» деп айқайлайды. Бұл жалпы осы өңірдің – Горныйдың, қала берді Аспараның етегіндегі «дәстүр». Жүгермек балалар өз сезімдерін, өз ризашылықтарын осылай тас атып білдіреді. Қандай ғажап дәстүр! Қандай ерекше, орысша айтқанда «оригинальный» құрмет!

Иә, сол мектеп қабырғасындағы кішкене ғана рөл Гүлжанның тағдырын біржола өз­герткен. Оны өзінің ұстазы Павел Васильевич айтты. «Гуля, Гуленка, сен тек өнерге арналған қызсың! Сен талантты да әдемісің. Сенің бойыңда актриса болуға барлық қасиет пен мүм­кіндіктер бар» деді. Шынында да, бұл ғажап ұстаз еді. Бұл ауылда «переселендер» көп болатын. Біреулер оларды, «Соғысқа дейін келді десе, екіншісі оларды соғыстың кезінде келген» дейді. Және олардың көбі дерлік мұғалімдер еді. Гуля оны кейін ғана білді. Олар сол кезде «халық жаулары» боп жер аударылған сонау Ленинград, Мәскеуден кел­ген интеллегенция өкілдері екен-ау! Өз­­дері шетінен шешен, интеллектуалдар, біл­мейтіндері жоқ ерекше жандар еді… Және сол кезде Шымкентке келгендер Кавказдан болса, Қызылордаға корейлер, Жамбылға Ре­сей­дің үлкен-үлкен қалаларынан келгендер еді. Әйтпесе, бұл өңірден кешегі дүрілдеген жұлдыз әнші, нағыз талант, Үргеніште туып кейін Жамбылда оқыған Анна Герман, Кеңес Одағына танымал артист Лев Прыгунов, тіпті, Ленинге оқ атқан тарихтағы Фанни Каплан да өмір-бақи Соловкада жер аударылып кеткеннен кейін Хрущевтің кезінде Таразға келіп парк­­те газды су сатқан дейді… Оны көрген де, біл­­­ген де адамдар болған… Бұл тек Тараздың ға­на тарихы емес, бұл Қазақстанның тарихы ғой…

Уәзипаның осы қызды тууында да бір қызығы бар… Ол кезде бүгінгідей перзентханалар жоқ… Ауылда әйелдерді арқан керіп туғызған кез. Бір күні Ырысты кемпірдің (Гүлжанның әжесі) келіні Уәзипа толғата бастайды. Жас келін… Ұялшақ. Содан әйел бақтың ішіндегі шөп үстіне барып босанған… Көзін ашса бала жоқ… Домаланған бірдеңе. Жас келін қорыққаннан айқай салады… Ма­ңайдағы абысын-ажындары, ауылдың әйелдері жүгіріп келеді… Келеді де олар да бақырып-шақырып қайта қашады. «Ойбай, апа… Уәзипа бала емес сайтан туыпты», дейді. Кәрі кемпір Ырысты таяғымен тоқылдатып баққа барғанша біраз уақыт өтеді. Барса әлгі көрініс… Көпті көрген кейуана баланың жолдасын жыртып жіберсе… нәресте көкпеңбек боп, ауа жетпей өліп бара жатыр екен… Ауа жеткенде ғана «а-а» деп іңгәлаған нәрестенің дауысы шығады… Сөйтіп, кемпір өз немересінің кіндігін өзі кеседі. Қараса келіні әппақ гүлдің, қызыл гүл­дің, көк гүлдің үстіне босанған екен. Содан кейуана бұл сәбидің атын гүл үстіне өмірге келген жан, Гүлжан деп атаған екен…

Әжесін ауылда «Ақтоқаш апа» деп атайды екен. Баяғыда Ресейден ерте келген «переселендер» ауылдағы ер-азаматтарды ұрып-соғып, мылтықтарын аспанға тарс-тұрс атып, малдарын айдап бара жатады. Сонда етегін беліне іле сап, қара айғырға қарғып мініп, дәу сойылмен ауаны тіліп шапқанда әлгі орыстар тауға қашқан дейді. Мылтықтарын тастай сала әзер құтылған екен деген аңыз бар… Ырысты кемпір жас кезінде осындай ержүрек әйел болыпты.

«Орман… қызыл шапан… орманда осындай кісі бар…қызық… Бұл кісі де жылайды екен»… Бұл Қарагөздің соңғы сахнасы… Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы басты кейіпкердің жынданған көрінісі… Гуля-Қарагөздің үстінде әппақ көйлек, шашы жалбырап кеткен, шарадай көздерінде өмір жоқ… Ұзын салалы саусақтарымен ағаштың бұтағын қыса түседі. Жүрісі де әдетінен жаңылған сияқты… «Ән салшы…» дейді тағы… Дейді де ол жылаған. Мен осы көріністі қанша көр­сем де жалыққан емеспін… Өйткені, біз кон­серваторияның театр факультетінің студенттері Әспетованың осы әдемі рөлі үшін баратынбыз. Сосын спектакль біткен соң қызметкерлер шығатын есікке барып «жұлдыздарды» күтіп тұрамыз. Кім шықса да амандасамыз. Олар кейде бізді көреді, кейді көрмейді де. Өйткені, біздер актер бөліміндегі студенттер қараңғыда тұрамыз ғой. Бірақ, кейде біреулер бас изеп амандасады. Кейде Гүлжан – Қарагөз де бізге бас изейді. Бұл күні біз бөлмеде нан болмаса да «тоқ» боламыз. Тоқ болмағанда ше? Себебі, бізге «ол кісі» амандасқан күн болатын.

Өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бас­тап КСРО-да «жылымық» кез болды. Бұл шақ Кеңес Одағының, соның ішіндегі Қазақстанның әдеби-мәдени, ғылым-білім, экономиканың, ауыл ­шаруашылығының әсіресе, ғарыштың дамыған кезі еді. Өнердің алға ұмтылған алтын шағы-тын. Соның бір деталі – шетелдің кинолары, әдебиеті қала-қалаға, ауыл-ауылға жете бастаған. Бұл кез Американың Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі өткен кез. Бұл кез Ташкенттегі халықаралық кино­фестивальдер дүрілдеп тұрған шақ. Соның дәлеліндей үнді киноларының біздің елге етене танылған тұсы. Тек үнді киносы емес. Бұл кез италиялық Федерико Феллинидің, Пьер Пазолинидің, Марчелло Мастроянни мен Джульетта Мазинаның, Анна Маньяни мен Орнелло Мутидің біраз елге, әрбір ауылға келе бастаған уақыты. Бұл кез әсіресе, қазаққа жақын үнді кинофестивальдерінің алтын уақыты-тын. Елдің Радж Капурды жақсы көріп, Сатьяд­­жит Рэйге, Наргизге арнап әр қызға ат қойған тұсы. Гуля да осы фильмдерді көріп өсті.

Гүлжан Әспетованың өмірінде үш адам ерекше рөл атқарады. Ол – алғашқы ұстазы Асқар Тоқпанов болатын. Асекең алғашқы кәсіби режиссер ұстазы болса, Әзірбайжан Мәмбетов Гүлжанның театрдағы әрі ұстазы, әрі режиссері еді, ал Виктор Пұсырманов оның жары, баласының әкесі ғана емес, досы, сырласы бола білді. Мүмкін осы адамдар Гуляның өмір жолында, өнер жолында кездеспесе тағдыры да бәлкім басқаша болар ма еді.

Асекең – Асқар Тоқпанов аса шешен, өте білімді, әсіресе, ауыз әдебиетінің энциклопе­диясы десек, артық айтқандық емес. Және ол кісінің мінезі өте тік, бетің бар, жүзің бар де­генді білмейтін еді. Сондықтан да Асанә­л­і Әшімовтің «Қанатты актер болу үшін Тоқ­па­новтың тоқпағынан шығу керек» деген сөзі бар… Бір қызығы егер Асекең біреуді жақсы көр­се ұрыспайтын. Бұл некен-саяқ болушы еді. Ал Гуляға Асекең ешқашан дауыс көтермеді. Қы­зындай мәпелеп, қиын-қыстау кездерде қолын созған.

Гүлжан Әспетова М.Әуезов театрындағы Қадыр Жетпісбаевтың спектакльдеріндегі – О.Бөкейдің «Құлыным меніңдегі» – Анарды, Қ.Мұқашевтің «Дала дастанындағы» Ілиястың сүйген қызы – Мақпалды ойнады. Сахнада кең дала. Ілиястың рөлінде дарынды жас Әнуар Боранбаев. Үстінде әппақ костюм-шалбар. Т.Момбековтің «Қоңыр» күйі… Тек осы сахна, осы залды емес, Алматыны, қала берді Алатауды тербеп тұрғандай. Осы кезде сүйгеніне ұмтылған ару, үстінде тал мүсінге жарасқан әдемі көйлек, басында кәмшат бөрік… Иіліп сәлем берген… Сәмбі талдың желмен бірге иілгеніндей көрініс… Қыпша бел, арша төс, аққу мойын, сосын мөлдіреген қос жанар… Танакөз… Әрбір айтылған сөз, қазақ қызына ғана тән әуенді дауыс, әуезді үн…Апыр-ай, егер Баян мен Жібек қандай болды десе, осылай-ақ болған шығар дейсің…

Бұл рөл де Әспетованың оң жамбасына келген сүйікті кейіпкері болатын.

Дей тұрғанмен, өнер – үлкен теңіз. Оның тынық кездері, боранды желмен шайқалған сұсты шақтары бар. Бұл кез актерлер үшін қиын сәт. Көбі осыған шыдамайды. Бұған дәлел Кененбай Қожабеков, Нұрмұхан Жантөрин, Қарғаш Сатиловтың театрдан кетуі. Ал қыз баласы актрисалар үшін өте қиын. Өйткені, өнерде күншілдік пен қызғаныш бар. Әйтпесе, Сальери Моцартқа у беріп өлтірмес еді. Әйтпесе, Мұқағали мен Шәмші, Раушан Әуез­баева мен Матан Мұратәлиев ортамызда жүрер еді-ау… Кім білсін… Гүлжанның да басы­нан осындай сәттер өтті. Әзекеңді сол кездері театр басшылары қуып далаға айдап шық­қанда Гуля бір жылда, бір маусымда сахнаға үш-ақ рет шыққан… Осындай күндер­дің бірінде Әзекең өзі телефон шалып үйіне келген.

«Жүр, Гуля, Ақмолаға кетейік. Мен сенімен бірге жаңа шығармалар қоямын» деді… Әрине, үйренген орта, театр… Бірақ, Гүлжан Әзекеңнің көңілін қимады…

«Жарайды… Мен сізге ердім», деді. Дәл баяғы Кебектің етегінен ұстаған Еңліктей… Тек Кебектен Әзекеңнің айырмасы – ол ұстазы, режиссер…

Гүлжан Әспетова Әзекең қойған «Ана – Жер Анада» – Толғанайды ойнады. Бұл Әзе­кең­нің де, Гүлжанның да қайта тууы, қайта сахнаға шығып бақытқа бөленген кездері болатын.

Бүгінде Қазақстанның халық әртісі, ұстаз Гүлжан Әспетова осы театрдың үлкен актрисасы. Мен оған бірнеше блиц-сұрақ қойғам:

– Сіз Қазақстандағы Электраны ойнаған алғашқы актрисасыз ба?

– Иә, Эгистті Сейтметов, Арестты Жаман­құлов ойнады.

– Ахтановтың «Антынан» кейін сіз ха­лық әртісі атағын алдыңыз ба?

– Жоқ. «Найман Ана» рөлі үшін алдым.

– Ұстаздыққа қашан бет бұрдыңыз?

– Мен жиырма жеті жасымда ұстаздыққа келдім. Сахна тілінен сабақ бердім. Бірінші шәкірттерім – Гүлбаршын Қылышбай, Майра Омар…

– Қорқынышты түс көресіз бе?

– Өлген кісілер келеді, Әзекең келеді, Пұсырманов келеді. Дұға оқып қайтарам да жіберем.

– Егер актриса болмасаңыз кім болар едіңіз?

– Заңгер болар едім. Немесе дәрігер. Ме­нің неге педагогикадан кеткенімді білесің бе? Себебі, мен бәрін жүрегімнен қабылдаймын. Маған қиын.

– Сіз Әуезовті көрмедіңіз, Мүсіреповті көр­діңіз бе?

Көрдім, сахнаның арғы жағындағы тесік­тен ғана сығалап көрдім. Хамит Ерғалиев жақ­сы көрді мені. Тахауи Ахтанов, Асқар Сүлейменов, Қадыр Мырзалиев, Қайрат Жұма­ғалиев бәрі үйде болған адамдар. Зейнолла Қаб­долов қолымды ұстап жібермей қарап тұратын. «Айналайын-ай! Айналайын-ай!», дейтін. «Қайтейін, қайтейін!» дейтін.

– Фаридамен қандай қойылымдарда парт­нер болдыңыз?

– «Қобыландыда» Қарлығаны ойнады. Актриса және адам ретінде мен ол кісіні сыйладым. Бірақ, арамызда өнер бәсекесі болды. Амал қанша…

– Қазіргі таңда қандай рөл ойнағыңыз келеді?

– Мамаша Кураж.

Осыдан кейін біраз уақыт өткен соң біздің арамызда тағы мынадай әңгіменің болғаны бар.

Гүлжан Әспетова: Сахнада мықты әртіс болсаң да, бәрібір өмірде сол адам қалпыңда қала­сың.

Талғат Теменов:

Әрине, өз қалпыңда қа­ласың, бірақ бетіңізге неше түрлі бояу, крем жағатын боларсыз…

Гүлжан Әспетова: Жоға, мен өмірі бетіме бояу жаққан емеспін. Арзан бояуым бар. Оның өзін кейде жағып жүруді ұмытып кетемін. Менің бір түсінгенім, шынайы әртіс болғың келсе, шынайы өмір сүру керек.

Талғат Теменов: Сезімталсыз ба?

Гүлжан Әспетова: Мен өте сезімталмын. Тек иіс сезу, дәм сезу ғана емес, біреу жалған сөйлеп, жалтарып әңгіме қозғап тұрса бірден байқап үлгеремін.

Талғат Теменов: Сіз ашушаңсыз…

Гүлжан Әспетова: Жоқ, мен ондай емес­пін. Мен осы театрдағы ең жақсы адаммын. Ал біреу соқтықса … Сол себепті мен екіжүз­ділікті ұнатпаймын.

Талғат Теменов: Сіз өзіңізді жалқаумын деп санайсыз ба? Әлде еңбекқорсыз ба?

Гүлжан Әспетова: Мен өзімді еңбекқор санаймын. Мүлдем жұмыс болмаса мен депрес­сия­ға ұшыраймын. Жұмыссыз өмір сүре алмаймын.

Талғат Теменов: Ресейде көптеген әртістер бірнеше кітаптар жазды. Қаншама уақыт өтті, неге бірде-бір кітап жазбадыңыз?

Гүлжан Әспетова: Кітап жазу бұл да бас­қаша бір творчество ғой. Оған өзгеше қабілет, өзгеше дарын керек.

Талғат Теменов: Сіз өз балаларыңыздың, немерелеріңіздің әртіс болғанын қалайсыз ба?

Гүлжан Әспетова: Жоқ, әртіс болғанын қаламаймын. Одан да олар әнші, жазушы, т.б шығармашылық адамы болсын, бірақ әртіс болмай-ақ қойсын. Себебі, әртіс болса бір кино­ға түсу керек болса, біреуге бағыну, жалыну керек. Ал өзіңіз ойлаңызшы, мәселен ком­позитор болсаң кез келген уақытта жаза бересің. Өз еркің өзіңде.

Талғат Теменов: Депутат бол деп шақырса барасыз ба?

Гүлжан Әспетова: Бұрын мен депутат болғам. Алматыда депутаттар кеңесінің мүше­сіне, комсомол жұмысына шақырды. Мен бәрібір де өнер жолымен кеттім.

Талғат Теменов: Сіз миллион теңге тауып алсаңыз не істер едіңіз?

Гүлжан Әспетова: Мен оның жартысын қайырымдылық қорына берер едім. Қалған ақшасына бүкіл дүниежүзін аралар едім. Өйт­кені, Қазақстан мен Мәскеуден басқа ешбір жерді көргенім жоқ.

Талғат Теменов: Өз кезіңізде ағылшын тілін меңгермегеніңіз үшін өкінесіз бе?

Гүлжан Әспетова: Иә, өкінемін. Біздің кезімізде ол қиындық емес еді. Өз басыма жетер­лік орысшам бар, соған шүкір болатын.

Талғат Теменов: Махаббат деген не?

Гүлжан Әспетова: Махаббат деген ол, мысалы бір адамның қателігі бар екенін біле тұра, бәрібір сүю. Міне, сол махаббат.

Талғат Теменов: Бұрынғы кезде бүрмелі көйлек кидіңіз. Сол дәстүрге әлі беріксіз бе?

Гүлжан Әспетова: Мен өмірімде ең ал­ғаш шалбарды театрда киіппін. Өмірімде киіп көр­меппін. Алғаш «Қозы-Көрпеш» қойы­лы­мын­да киген екенмін.

Талғат Теменов: Қандай тамақты жақсы көресіз?

Гүлжан Әспетова: Әрине, етті. Жылқының етін.

Талғат Теменов: Болашақ өскелең жас­тар­ға, шәкірттеріңізге, жас әртістерге не айтасыз? Қандай ақыл-кеңес бересіз?

Гүлжан Әспетова: Шыдамдылық, табан­ды­лық, өмірде сынбауды тілеймін. Егер та­ғ­­­дырларыңа мойынсұнсаңдар онда жеңіл­ген­дерің.

Гүлжан Әспетова Қарагөз, Құртқа, Найман Ана секілді, одан басқа атақты рөлдерді сом­даған талант иесі. Кейіпкеріміздің кино өне­ріндегі еңбегі де айтарлықтай. Атап айт­қанда, «Қазақфильм» киностудиясының «Не­сібелі», «Тоғызыншы ұлдан қорық», «Жау», «Мосфильмнің» «Киттер кеткенде», «Ақ бақ­сы» көркем туындыларында, «Еңлік-Кебек» телефильмінде басты рөлдерге түскен екен. Сахнадағы, киноэкрандағы табысты өнерімен қатар, Гүлжан Әспетова шәкірттер тәрбиелеуде де елеулі еңбек етіп келеді. Ол Қазақ ұлттық өнер университетінің театр және режиссура кафедрасының профессоры.

Талғат ТЕМЕНОВ,

Қазақстанның халық әртісі,

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік

академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі.

АСТАНА.

http://egemen.kz/