АЛТЫНОРДА
Новости

Қайыршылардың «крышасы» кім?

©varandej.livejournal.comБүгінде күнкөрістің қиындығын, қымбатшылықты алға тартып алақан жаюшылардың қарасы қалыңдап барады. Жағдайы нашар болғандақтан яғни мәжбүрліктен баратындар басым. Жұртқа жалтақтап, беттің арын белге түйіп алақан жаю оңай емес, әрине. Бірақ ара-арасында олардың «обалына» қалып жүрген яғни, қайыршылықты кәдімгідей кәсіп түріне айналдырып алғандар да баршылық. Олар туралы әңгіме бөлек. Кезінде «қайыршылардың да крышасы бар, олардың бөліп алған өз территориялары бар, кейбірі тіпті хан сарайындай үйде тұрады екен» деген әңгіме ел арасындай желдей ескен. Бұл мәселе тіпті сатира театрларының да тақырыбына айналған болатын.  Шынында қайыр сұраушылардың «қорғандары» бар ма, олардың барлығы да расында жағдайы жоқтар ма, мүгедек арбасына таңылғандардың бәрі расында жарымжан ба? «Алаш айнасы» осы сұраққа жауап іздеп көруді жөн санап көрген еді.

Алақан жаюшылардың да үстінен ақша тауып отырғандар бар дегенге бір қарағанда сенімсіз де сияқты. Бірақ «таң қалмаңыздың» заманында расында ештеңеге таң қалуға болмайтын шығар… Бұрындары гитараларын сәндеп, ауыл-ауылды аралап әндетіп жүретін сығандар болатын. Көшені бойлап тұрып алып, алақанға қарап болашақты болжап беретін сол сығандар көші бүгінде көрінбейді. Оның орнын беріде тәжіктер басты. Ұзынқұлақтың айтуынша олардың салты бойынша ержеткен ұл ел аралап қайыр сұрап қалыңдығына қалыңмал жинайды-мыс. Осыған қарап қайынжұрты кейін отбасын асырай ала ма, жоқ асырай алмай ма білетін көрінеді. Түкпір-түкпірдегі ауылдарға дейін аралап тіленшілеп жүретіндердің де бүгінде қарасы азайған. Есесіне қаланың жұрт көп жүретін жерлерде ұлты белгісіз бұйра шашты, қолына адыраспан ұстап айналаны көк түтінге орап жүретіндер көбейген.Ара-арасында сары шашты өзге ұлттың өкілі де жиі көзге ілінеді. Өкініштісі солардың арасынан соңғы кезде қандастарымызды да байқап қалып жүрміз. Амалсыздықтан, тығырықтан шығар жол таппай тарығып, осы жолды таңдағандарға айтар уәж жоқ. Алайда тілемсектікті бизнес көзіне айналдырып алғандарға не дерсіз? Бұрындары әр-әр жерде ғана алақан жайып отыратын. Бүгінде тіптен көбейіп кеткендей. Әсіресе Шымкенттегі жоғарғы базарда, «Самал» базарында, Байтұрсынов көшесінің бойында бүгінде көптеп ұшырастыруға болатын. Былтырғы жылы да, арғы жылы да қалалық әкімдік ара-тұра рейд ұйымдастырып көшені жаулап алған тіленшілерді сыпырып әкетіп, тиісті орынға апарып өткізіп отыратын. Биыл ақша бөлінбеді ме, жоқ әлде басқалай себебі бар ма, белгісіз. Бұл іс аяқсыз қалды. Нәтижесінде: көшеде өріп жүрген қайыршы көбейді. Былтыр рейд кезінде құқық қорғаушылар қайыршылардың қорғаншысын қолға түсірген еді. Мүгедектер арбасына таңылып, қайыр сұрап отырған «өзінің кіріс көздерінің» бәрін «сыпырып» кеткен ғой. Әлгі қорғаншы әйел әлеуметтік бейімдеу орталығына келіп ондағы мамандарға өзінің адамдарын шығарып алу үшін әр қайсысына 10 мың теңгеден пара ұсынған. Осы кезде құқық қорғаушылар оны құрыққа іліндірген еді. Күніне пәленбай мың теңге табыс түсірмесе әлгілерді шығарып алу үшін әлгі  әйел 10 мың теңге пара ұсынбас еді ғой, әрине. Кейіннен әлгі қорғаншыға қандай жаза қолданылғаны белгісіз күйінде қалды. Осыған қарағанда расында да қайыршылардың да «крышасы» болғаны ғой.

Басқа қаладан келген «гастролер-қайыршылар» да бар 

Бірі көшеде, бірі автобустан автобусқа секіріп нәпақа тапса, енді бірі бағдаршамның түбін «тұрғын жай» етіп алған. Екі жаққа қарай ағылған көлік жолының ортасына тұрып алып, өз қауіпсіздігіне де, көліктерге де ыңғайсыз жағдай туғызатыны бар. Ал сығанға ұқсас бір  ұлттың өкілі адыраспан тұтатып, дүкендерді, көліктерді аластап, саудасының алға жылжуын тілеп тиын-тебен табады. Теңгенің тиыннан құралатынын ескерсек, сол майда-шүйде табыспен-ақ бір үйлі жанды асырап отырғандары баршылық. Тіпті, күндігіне 5 мың,  кейбіреулері 7-8 мың теңгеге дейін табатын көрінеді.  Ал аптаның жұма күні олардың барлығы да мешіттерге қарай шұбырады. Басқа уақытқа қарағанда бұл күндері көп түсетін болуы керек. Намазға жиылған жамағат әрине садақа тастамай өтпейді. Мүгедек арбасына таңылғандары соңғы әлетте тіптен көбейіп кетті. Тіпті, оларды «шын мүгедек емес екен, аяқтарын орап алып, арбада отырады екен» деген аңыз- әңгіме де естілген кезінде. Былтыр топырлап қолға түскендерден жауап алу кезінде біртүрлі тосындау жәйт анықталды. Тілемсектердің басым бөлігі жергілікті емес, әр өңірден келген болып шықты. Астана суық болғаннан кейін осында қоныс аударғандар да бар екен. Өзбекстан, Тәжікстаннан келгендер де баршылық. Күнгейдің халқын мәрт, жомарт санай ма, әлде ауа райының қолайлылығын қолай көре ме әйтеуір басқа жақтан қоныс аударғандар көп екен. Оңтүстік астанадан ат арытып келген бір азамат өзінің қорғаншысы бар екенін, оның бұрын құқық қорғау саласында жұмыс істеген полковник екенін жайып салыпты. Күндігіне 5 мың теңге нәпақа тапса, соны теңдей етіп  әлгі қорғаншысына бөліп беретінін де жасырмаған. Мүмкіндігі шектеулі жандарды алақан жаюға мәжбүрлеген адам оларды бір пәтерге орналастырып, ас суын да алып береді екен. Осылайша жарымжан жандаржың үстінен нан тауып отырғандарға не дерсің?!

Қай ел қайыршыларға қайырымды?

Қазақстандықтар ресейліктерге қарағанда қайыр садақаны көп береді. Бұл былтырғы жылы nur. kz сайтының  жүргізген сауалнамасының нәтижесі. Сұралғандардың 12 пайызы қайыршыларға тиын тебен тастап тұрады екен, ал 72 пайызы тек анда-санда ғана. 15 пайызы ешқашанда бермейді, оның 12 пайызы қатып қалған қағиданы ұстанатынын айтқан. Яғни қайыршылар өзінің есебінен күн көрмеуі тиіс деген. Бұл жерде қазақтар мен ресейліктердің ұқсастығы тым алшақ. Көрші елдегі әлдебір сайттың жүргізген сауалнамасында ресейліктердің жартысына жуығы яғни 49 пайызы қайыр садақа тастамайды екен. Ал қол жайғандарды көрген жерде қалтасынан суырып беретіндер тек 1,6 пайызды ғана құраған. Ал шетелдерге келер болсақ жарамсақтарды көрсе ақша тастамай өтпейтін жүрегі жұмсақтардың қатарына американдықтар жатады. Олар француздарға қарағанда 3,5 есе көбірек тастайды. Немістерге қарағанда 7 есе, италяндықтарға қарағанда 14 есе көп тастайды екен. Еуропа елдерінде қайыр тілеу заңсыз іс әрекет болып табылады. Ұлыбритания мен Финляндияда көшеде алақан жаюға мүлдем тиым салынған. Португалияда шіркеулер мен қаланың шеткі аймағындағы арнайы орындарда ғана қайыр сұрауға рұқсат етіледі. Ал Жапонияда үйсіз-күйсіз жүргендер аз болмағанымен онда қайыр сұрау масқара тірлік болып саналады. Елімізде ашқұрсақтар жоқ дегенімізбен де, көшеде қайыр тілеп тұратындар мүлде жоқ деп тіптен айта алмайсыз. Өйткені кейбір өңірлерде қайыр садақа сұрау кәдімгідей бизнес көзіне айналған. Әсіресе әртүрлі діни мейрамдар кезінде мешіттер мен шіркеулерді алды қарақұрым қайыр сұраушыларға толып кетеді. Бейресми мәліметтерге сүйенсек осы жерлерде кейбір кәсібилер мың долларға дейін табатын көрінеді. Тәртіп сақшылары былтыр оңтүстік астанада екі ірі үйсіз күйсіз жандар мен елімізде заңсыз жүргендердің ұясын тапқан болатын. Онда қайыр тілеумен күнелтетіндер гастарбайтерлер, тіпті жезөкшелері де бар арасында 100-ге жуық адам ұсталған. Ал бір бөлме арнайы мүгедек арбасына таңылғандарға арналыпты. Оны шымкенттік бір әйел басқарған. Алақан жайып тапқандарын жатын жай мен тамаққа деп әлгі әйел сыпырып алып отырған.

Қайыршысы жоқ ел…

Кеңестік кезеңнің өзінде өркениетті өмір сүрді делінетін Вильнюста бүгінде қайыр садақа тастауға мүлде тиым салынған. Вильнюстің қалалық кеңесі қалада тәртіп сақтау мақсатында бұл істі қатаң бақылайды. Ол қоғамдық тәртіпті бұзу болып саналады. Қайыр сұрау мен оны беру енді тек шіркеулер мен діни мейрамдар кезінде ғана рұқсат етіледі. Демек Вильнюстің бұрынғы одақтас елдерге қарағанда қайда өркендеп кеткенін көрсететіндей ме қалай? Вильнюстік шенеуніктер мұны қаланың имиджіне нұқсан келтіру деп түсіндіреді. Ал қайыр сұрағыштар арнайы бөлінген ақшаны ішімдік ішуге жұмсайтын болуы керек деп есептейді. Сондықтан да бұл елде алақан жайған адам көрсе тәртіп сақшылары тез арада арнайы орынға алып кетеді. Қайыр сұраушылар арнайы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оларды ұстап алып айыппұл салып отырған. Тілемсектерге тиын тастайтындарды қалалық әкімдік басынан сипамайды. Оларға да арнайы шара көріледі. Арнайы белгіленген уақытта қалалықтар мен қала қонақтарына қайыр сұраушыларға ақша тастауына мүлдем тиын салатындай арнайы кампания ұйымдастырылып тұрады. Тіленушілерге тиын тастамай оның орнына арнайы орындарға келіп үйсіз жандарға арналған қорға өткізуіне болады. Оның ішінде ақша берсе де болады, азық түлік әкелсе де болады. Оны қылдай етіп бөліп аз қамтылған адамдарға апарып береді.

Автор: Бақжан Шайдулла

http://alashainasy.kz/economica/50028/