АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қырым татарлары автономиясы мойындала ма?

©Алаш айнасы иллюстрациясыРесей Украинадағы жағдай сан түрге құбылса да Қырым татарларының құқығы толықтай қорғалатындығына кепілдік беріп отыр. Алайда өткен тарихына сүйенуді жөн көрген олар Мәскеудің бұл айтқанына сенімсіздік танытты. Сөйтіп өткен апта соңында Бақшасарайда кезектен тыс Қырым татарлары халқының құрылтайы өтіп, онда автономия құру туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты «Алаш айнасы» басылымы түбіміз бір ноғай жұртының Қырым мәселесіндегі рөлін мамандар пікірімен зерделеп көрмекші…

Украинадағы жағдай талқысынан бұрын тарихқа біршама шегініс жасай кетелік. Тарихтағы Ресей империясының ноғай халқын жаппай қырғынға, қуғын-сүргінге ұшыратқан екі кезеңіне тоқталмай кету мүмкін емес. Жалпы, орыс тарихында, кезіндегі КСРО жадынамасында да Алтын Орда мен ғұн-қыпшақ заманы ашып көрсетілмеген. Тек қысқаша сипаттама беруде «Алтын Ордаға» моңғолдар билік еткен деп жазады. Шынтуайтында, бұлары өтірік. Ал аталған кезеңге орыстардың тоқталғысы келмеуінің өзіндік себебі бар. Өйткені Ресей империясы қаншама ғасыр бойына Алтын орда мен ғұн-қыпшақтарға бодан боп келген. Міне, кейіннен күш алған Ресей империясы аталған қағанат пен ордаға тікелей байланыстылардың бәрінен есе қайтаруға барын салады. Сондағы тырнаққа ілініп, аяусыз қырып-жоюға ұшырағандардың бірі – ноғайлар (Қырым хандығы Алтын Орданың құрамында болған. Оған дейін Қырым хандығы күшейіп тұрған шағында Киевке бақылау жүргізіп, кей мәселелер бойынша Мәскеуді де өзіне тәуелді еткен). 

1783 жылы Суворов ноғайлардың көзін жою үшін Еділге қарай аттанады. Бұл кескілескен қанды қырғын болады. Мұсылман қаза қылмауы тиіс таңғы намазды орыстың қолбасшысы сәтті пайдаланып отырған. Сол секілді тарихта ұрыс сала ығысқан ноғайларды өкшелей қуған бір ғана орыс полкі бала-шаға демей 10 мыңнан астам ноғайды жер жастандырған деген дерек бар. Туған ата-мекенінен бүтін халықты жер аударуға тырысқан Ресей империясына қарсы шыққан Қанақай мырза, Тау сұлтан, Нұраддин, Мұса мен Қара Смайыл осы елдік маңызды қанды шайқаста шейіт болады. Түркі халқына ортақ «Қырымның қырық батыры» деген 36 жырдан тұратын фольклорлық мұра бар. Міне, осы жырда суреттелген батырлардың жан берісіп, жан алысқан ұрысы аталған кезеңдегі орыс патшасының геноцидіне қарсы бой көтеруі еді. Бұл қырғынға орыс патшасы Солтүстік Кавказдың әскері мен казактарды да жұмылдырған. Осы кезеңде бір миллионға жуық ноғай Түркияға босып кетуге мәжбүр болады. «Тазартқан» аймағына орыс патшайымы Екатерина славяндар мен немістерді қоныстандырады. Осылайша Қырымда қазіргі 52 пайыз орыстың ата-бабасы пайда болады (Таяудағы Қырым автономиясын жариялау салтанатының Ресей патшайымы Екатерина залында өткізілуінің астарында осындай тарихи мәніс бар болса керек).

Екінші тарихи кезең – 1944 жыл. Немістермен әмпей-жәмпейі бар дегенді ілік еткен совет билігі 200 мың Қырым татарын Сібірге, Орталық Азияға, негізінен, Өзбекстанға, Қазақстанға көшіріп жібереді. Көші-қон кезеңінде халық аштықта боп, біраз бөлігі түрлі ауру-сырқаудан өліп кеткен. Қырымда босаған орынға әдеттегідей орыстар келіп қоныстанады.

Қырым татарларының Қызыл Кремлдің басу сөзіне еш сенбеуінің мәнісі де осында жатса керек. Егер Қырым орыстардың автономына айналса, олар өздеріне қатысты тарихи саяси қуғын-сүргін қайтадан басталып кетеді ме деп сезіктенеді.

Негізінен, ноғай мен қазақ туысқан халық. Ол туралы тарихта көптеген дерек бар. Бұл ретте атақты Қазтуған ақынның жырынан бір үзінді келтіре кетелік:

Жолдасын жолай іздеген,

Өзіне тиген дұшпанын

Қарт бурадай тіздеген,

Мен қарға бойлы Қазтуған.

Қайғыланып асып барамын

Ноғайлы, қазақ елімнен…

Сол секілді руларымыздың аты бір-бірімізде қайталанып отырады. Cондықтан олардың осыған дейін түп тамыры бір жұрттан — Түркиядан, Қазақстаннан, Әзірбайжаннан көмек сұрауы да кездейсоқтық емес. Сол мәлімдемеден де тұрғылықты халықтың үрейін нақ байқауға болады. «Біздің халық кезінде өзінің туған жерінен қуылған, біз осы трагедияның қайталанғанын қаламаймыз. Сондықтан біз Ильхам Әлиевтен, Абдолла Гүлден және Нұрсұлтан Назарбаевтан көмек сұраймыз. Осындай қиын-қыстау сәтте Қырымдағы бауырларың мен қарындастарыңды тастап кетпеңіздер. Біз бүкіл әлемнен көмек сұраймыз. Ресейде тағы да бізді жаншып, қырып-жоятын тәсілдер дайын тұр. Біз Украинаның құрамында қалғымыз келеді» деген Қырым татарларының көшбасшысы Мустафа Джемилев бірер апта бұрын жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында.

Осылайша өздерін Қырымның этникалық ұлты екенін танытқан Қырым татарлары өткен сенбіде кезектен тыс құрылтай өткізіп, автономия құратындықтарын мәлімдеді. Құрылтайда БҰҰ декларациясының 30-бабына сүйенген Қырым татарлары мәжілісінің төрағасы Рефат Чубаров тұрғылықты халықтың келісімінсіз немесе оның өтінішінсіз елді-мекен территориясына әскери іс-қимыл жүргізуге болмайтынын баса айтты. «Біз Қырымның қырым татары этносының тарихи территориясы екені даусызсыздығын айта келіп, бүгінгі бұл аумақ мәртебесінің өзгертілуі біздің келісімімсіз жасалып жатқанын мәлімдейміз. Сондықтан Қырым татарлары автономдығын құру бойынша саяси және құқықтық процедуларды бастайтындығымыздан барлық тарапты ескертеміз» деп мәлімдеген ол. Біз сұрарстырған мамандардың пікірінше, Қырым татарлары уақыттан қалыс қалды, сондықтан олардың бұл әрекетінен түк шықпауы мүмкін.

Нұрлан Сейдін, саясаттанушы:

– Бұл «уақытымнан қолымды кеш сермедім» дегенге саяды. Әйтпесе Ресейдің Мемлекеттік Думасы Қырым автономдығын заңды түрде қабылдап қойды. Қырым татарларының емес, орыстардың есебіне қарай. Қырым-татарларының кей бөлігі Ресейге қосылуды қалады. Қазір есеп-айырысу рубльде жүріп жатыр. Сағат та Мәскеу уақытына сәйкестендірілді. Енді барлығы уақыт еншісінде жұмыс істейді. Әрине, жағдайды ушықтыру үшін түрлі бүлік сипат алады. Соның бірі Қырым татарларының бас көтеруі болуы ықтимал. Бірақ, меніңше, бұл іс-қимыл кеш жасалды. Сол секілді бұл аумақтың басым бөлігінде, тең жартысынан көбісінде орыстар тұратынын жоққа шығара алмаймыз. Ал халықаралық құқық бойынша көптің айтқаны болады. 

Қазіргі негізгі текетірес Ресей-Еуропа, Ресей-АҚШ арасында боп жатыр. Ал Ресей әскери флоты тұрақтаған Қара теңізбен шектесіп жатқандықтан Түркия Мәскеуге қандай да бір қоқан-лоқы көрсете алмайды. Бұл мемлекеттің өз ішіндегі проблемасы да жетерлік. Қысылтаяң сәтте бауырластан гөрі әр мемлекеттің өз ұлттық мүддесі артық тұратындығы белгілі ғой…

Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:

– Түркия Қырымдағы мәселені жіті назарында ұстап отыр. Онда да сайлау үшін. Мәселен, сыбайлас жемқорлық бойынша масқарасы шыққан Түркия үкімет басшысы осы мәселені халқы тез ұмыту үшін Қырым татарлары мәселесін ауық-ауық көтеріп отыруды жөн көреді, бірақ арыға тағы бара алмайды. Олар ресми түрде Қырымдағы референдумды мойындамады. Алайда олар Ресеймен түбегейлі кетісе алмайды. Онсыз да Сирия бойынша біраз жерге барып қалған екі тарап соңғы кездері қалай да достасуды ойластыруда.

Қырым татарлары қарулы қақтығысқа бармайды. Олар осыған дейін мүддесімен санаспаған Украина билігін өз мәселесіне назар аудартқысы келетін сияқты. Биліктен де Қырым татарларына орын бөлінсе дейтін болар. Ұлттық мәселесін олар осы қиын-қыстау сәтте сәтті пайдалана алады. Оған толық мүмкіндік бар.

Сарапшылар атап кеткендей, Түркияның сайлауалды науқанда Украина мәселесін қамтуға мүдделі болуы ықтимал дегенін тағы бір қосымша фактілермен айқындай кетелік.

Негізінен, бір араласса бұл арада Түркияның оған құқығы бар. Себебі әлемдегі Қырым татарларының басым бөлігі осында тұрады: 6 миллионға жуық.

Бүгіндері муниципиальдық деңгейде сайлау өткізіп жатқан Түркия, мамандардың пікірінше, Украина жағдайын реттеуге еш ықпал ете алмайтын көрінеді. Онысын біз нақтылай алмаймыз, алайда сайлауда түрік саясаткерлері бұл мәселені өз ұпайларына жақсы пайдаланғаны анық. Мәселен, Түркия үкімет басшысы Ердоған партиясының әнұраны қазақ композиторынан ұрланған боп шығады. Ал қазақ композиторы, негізінен, қазақ-ноғай жырларын зерттеуші боп келеді. Сөйтіп «Домбыра» деген туындысын ұрлап алғандығына кешірім сұрап, Түркия БАҚ-тары кезек-кезек Арсылан Сұлтанбековты қонаққа шақырады. Өз кезегінде ол ноғай-қазақ-түріктің тарихымен байланысты жырлардың дерегіне тоқталып, оны домбырада, қобызда күмбірлетеді. Сол кезде Украинадағы Қырым татарларының да тарихы айтылады. Біздіңше бұл кездейсоқтық емес. Мүмкін композитор одан хабарсыз шығар. Бірақ түрік билігі «Домыра» әні арқылы ноғай мәселесіне түріктің қатысы барлығын сайлауалды үгіт-насихат науқанында осындай ұтымды жолмен пайдаланғанды жөн санаған секілді. Әйтпесе Арсылан Сұлтанбековтың «Домбыра» атты шығармасы 2013 жылдың 19 мен 21 желтоқсанында Стамбұлда өткен Turkvizyon фестивалін ашқан болатын. Сондықтан түріктердің композицияның бөтен біреудікі екенін білмей қалулары мүмкін емес секілді. Осылайша Ердоған отанындағы Қырым татарларының да оң ұпайына ие болуға тырысты.

Жалпы, Түркияда 6 миллион Қырым татары тұрады. «Қырымның түркі халқы» кітабында профессор Ялчин Кючюк Түркия билігіндегі Қырым татарлары өкілдерін тізбелеп шыққан. Олар: билік етуші Әділет партиясының бетке ұстар өкілі Әли Бабаджан, Түркия парламентінің спикері Джемиль Чичек, сыртқы істер министрі Ахмет Давутоглу, атақты түрік фирмасы – «Үлкердің» негізін қалаушы Сабри Үлкер. Сыртқы істер министрі Ахмет Давутоглу Украинадағы жағдайға байланысты Қырым татарларымен келіссөз жүргізіп, тұрғылықты халықты қиыншылықта жалғыз қалдырмайтындықтарын мәлімдеген. Ал Түркия премьер-министрі Реджеп Ердоған Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, егер Қырым татарларына қарсы қару қолданылса, онда Түркия Қара теңіз жағалауына Ресей кемелерін жолатпауға мәжбүр болатындығын мәлімдепті деген сөз де бар. Бірақ бұл мәлімдеме ресми тұрғыда расталмаған.

Керек дерек

Қырым татарларының саны:

Украинада – 248 мың адам (оның ішінде Қырымда – 243 мың)

Өзбекстанда – 90-150 мың шамада

Түркияда – 6 миллионға жуықтайды

Румынияда – 24,1 мың

Ресейде – 4,1 мың

Қазақстанда – 1,8 мың

Болгарияда – 1,8 мың адам

Автор: Кәмшат Сатиева