АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН.«БӨБЕКТІҢ» ІЗГІЛІКТІ ІСІ

бобекКеше еліміздегі орта білім беру орындарында соңғы қоңырау соғылып, оқушылар жазғы каникулға шықты. Бірақ Алматыдағы «Бөбек» сияқты кейбір білім ошақтары оқушыларға жазғы демалыс кездерінде де тәлім-тәрбие беру жұмыстарын жалғастыратын болады.

Бүгінде еліміздегі мектеп оқушыларының денсаулығын нығайту және рухани – адамгершілік қасиеттерін дамыту жолында көптеген жұмыстар атқарылуда. Бұл бағытта «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы жанындағы  «Өзін – өзі тану» оқу-сауықтыру кешенінің атқарып жатқан жұмыстарын ерекше атап өтуге болады. Мұнда негізінен еліміздің алыс аймақтарынан тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардың балалары,  ата – ананың қамқорлығынан айырылған балалар келіп демалып, сауықтырылады.

       –  «Өзін – өзі тану» оқу-сауықтыру кешеніне 7-15 жас арасындағы 1320 бала жыл бойы ем алып, сауықтырылады. Оқу мерзімінде 3 – 4 сынып балалары келсе, жаз айларында 7 – 15 жас аралығындағы балалар келіп демалады. «Өзін – өзі тану» оқу-сауықтыру кешені заман талаптарына сай  жабдықталған, онда тәжірибелі дәрігерлер тұзбен емдеу бөлмесі, тіс дәрігері кабинеті, альфа – капсула, УФО, уқалау бөлмесі,  балалардың демалатын бөлмелерінде балаларды қабылдап, емдік шараларын жүргізеді. Ал, барлық баланың ең жақсы көретін жері —  хауыз, мұнда білікті маманның көмегімен балалар денелерін шынықтырса, емдік дене шынықтыру бөлмесінде түрлі дене жаттығуларын жасайды. Сонымен қатар, балалардың оқу бағдарламасынан қалмауы үшін мектеп бағдарламасына сәйкес сабақтар, тәрбие сағаттары, үйірме сабақтары ұйымдастырылған және сенсорлық сабақтарға арналған кабинет, әдеби және оқулықтарға бай кітапхана, мерекелік іс – шаралар өткізілетін акт залы жұмыс істейді. Кешенде балалардың дұрыс тамақтануына ерекше мән берілген, күніне бірнеше рет түрлі дәрумендерге толы түрлі ас мәзірлері ұсынылады, сондай-ақ, жеміс-жидектер мен шөп шайлары, табиғи шырындар мен тұнбалар балаларға ерекше ұнайды, — дейді «Өзін-өзі тану» оқу-сауықтыру кешені директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары И.В.Семенкина.

Мұнда балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру жақсы жолға қойылған, сабақтан тыс уақытта таза ауада серуендеу, спорттық-қозғалыс ойындары, шығармашылық шеберханалары, интеллектуалды ойындар және топаралық сайыстар мен байқаулар, туған күн кештері тұрақты ұйымдастырылады. Әр апта сайын әсем қала – Алматының көрікті жерлерін тамашалап, кинотеатрларға, хайуанаттар бағына, қуыршақтар театрына, балалар кітапханасына, Тұңғыш президент паркіне бару, ұлттық мұражайды және тарихтан сыр шертетін саябақтарды аралатып көрсету дәстүрге айналған.

Жыл сайын оқу-сауықтыру кешеніне жазғы мезгілінде келісім бойынша келетін балалар саны артуда: 2012 жылы – 81 бала келсе, 2013 жылы – 102 бала, 2014 жылы – 186 бала, 2015 жылы – 246 бала келген. Жазғы демалыс уақытында «Бөбек» орталығы 7-15 жастағы балалардың ақылы түрде демалуына жағдай жасайды. Таза ауасымен,  сұлу табиғатымен ерекшеленетін аймаққа орналасқан жазғы лагерде естен кетпестей 12 күн демалуға болады.