АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН.Дәрігер дефициті қатты сезілуде

th (3)Солтүстік Қазақстан облысындағы ауруханалар мен поликлиникалар елу шақты жас дәрігер мамандармен толықты. Олардың үштен бірі ауылдық жерлерде еңбек етіп жатыр.

         Соңғы он шақты жылдарда республика ауруханаларында дәрігер мамандар жетіспей жатқаны белгілі. Білікті дәрігерлерге әсіресе ауылдық жерлер қатты зәру. Осыған байланысты өңірлердегі денсаулық сақтау мекемелеріне жас мамандарды тарту үшін облыстық әкімдіктер барлық жағдайды жасаймыз деп отыр. Ең бастысы – жұмысқа тұрған жас маманға кабинеттің кілтімен бірге баспананың кілтін қоса беретін болды. Диплом алып шыққан жас дәрігерлерді бірден жұмысқа қабылдап алу үшін медициналық оқу орындарымен алдын ала келісімдер жасалуда. Солтүстік Қазақстан облысында еліміздің үш медициналық университетімен осындай келісімге отырған екен, биылғы жылы облысқа 47 дәрігер келіп жұмыс істеп жатқан көрінеді. Ал осы жылдың аяғына дейін облыстағы ауруханаларда қызмет ететін 75 жас маман келеді деп күтіп отыр. Оларға қызметтік пәтерлерді де дайындап қойыпты. Облыс ауруханаларында қазіргі кезде 120 дәрігер жетіспейді. Сондықтан жұмысқа келеміз деген дәрігер мамандарды бұл өңірде қуана қарсы алады. Жоғары оқу орынын бітіріп, дәрігер-хирург дипломын алып келген 24 жастағы Айнұр СақашоваЕсіл ауданындағы Явленка елді мекеніне келіп жұмысқа тұрыпты. Жалақысы жақсы, ұжымдары ұйымшыл жұмыс тапқанына риза, оның үстіне баспана мәселесін де шешіп алды. Бұл ауданға одан басқа стоматолог, эпидемиолог және терапевт сияқты жас мамандар келіпті.

         Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметтері бойынша, республикада дәрігерлер үшін барлығы 70 мың штаттық қызметтер қарастырылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша салалық мамандардың жетіспеушілігі 3833 орынды құрайды екен. Мамандар, әсіресе, Астана мен Алматы қалаларындағы медициналық мекемелерде жетіспей жатыр, бұл қалаларда шамамен 500 дәрігерлердің орыны бос тұр. Екінші орында тұрған Маңғыстау өңірінде 400 дәрігер жетіспейді. Шығыс Қазақстан облысына да осыншама дәрігер маман қажет. Қазіргі кезде Қазақстанның барлық өңірлерінде көптеген ауруханалар мен диагностикалық орталықтар ашылып жатыр, демек білікті дәрігерлердің тапшылығы әлі де бола бермек. Оның үстіне ауылдық жерлерге маман тарту қиын, баспана мәселесі тағы бар. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі осы проблеманы шешу жағын ойластырып жатыр.

Министрліктің мәлімдеуінше, соңғы екі жылдың ішінде дәрігерлер дефициті елімізде 35 пайызға қысқарыпты, бірақ жағдай толықтай өзгерген жоқ. Республика бойынша акушер-гинекологтар және анестезиолог-реаниматологтардың 200 штаттық қызмет орындарына мамандар керек, 150 педиатрдың орыны бос, терапевтер мен жалпы медициналық салалардың тәжірибелі дәрігерлері қазіргі кездерде дефицит мамандықтарға жатады. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бұл проблеманы шешумен бірнеше жыл юойы жүйелі түрде айналысып келеді. Дәрігерлердің жетіспеушілігіне қатысты мәселені шешу үшін халықаралық сарапшыларға жүгінбекші. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қарағанда, дәрігерлер дефициті тек Қазақстанда ғана емес, барлық елдерде бар көрінеді, әлем бойынша 4,5 миллион дәрігер жетіспейді екен.

Біздің елде медициналық жоғары оқу орындары Қарағанды, Ақтөбе, Семей, Алматы қалаларында КСРО кезінен бастап дәрігерлерді дайындап келеді. Оқу базалары, оқытушы-профессорлық құрамы да жақсы. Соңғы жылдары мемлекеттік грантпен оқитын студенттердің саны 70 пайызға (5 мың студент) дейін өсті, 30 пайызы ақы төлеп оқиды. Тегін оқып жатқан студенттер оқу орынын бітіргеннен кейін ауылдық жерлердегі мемлекеттік ауруханаларда кемінде үш жыл жұмыс істеуге тиіс. Бірақ бұл тәртіп 2019 жылдан бастап енгізілмек. Былтырғы жылы осы оқу орындарын бітіріп шыққан жас мамандардың 92 пайызы ауруханаларға жұмысқа тұрыпты, олардың жартысынан көбі сол орындар жұмыс істеп жатыр.