Алматыда ҚР Білім және ғылым министрлігіндегі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты, Алматы қаласы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы және «Перспектива» ақпараттық–кеңестік тобы» қоғамдық қорымен бірлесе отырып «Интернет кеңістігі (KazNet) діни ахуалды зерттеу саласы ретінде» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді.
Жиынға әлеуметтік-гуманитарлық білімнің әртүрлі салаларындағы сарапшылар, «Ғылым Ордасы» базасында ғылыми кадрларды даярлау орталығының докторанттары мен магистранттары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары мен студенттері, журналистер, азаматтық қоғам өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Дөңгелеу үстелді құттықтау сөзбен БҒМ ҒК ФСДИ директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор ЗаремаШаукенова ашты. Басқосуды өткізудің мақсаты – қазіргі жағдайдағы Интернет кеңістігін барынша тиімді пайдалану жөніндегі ұсыныстарды талқылау, сарапшылардың жастар арасындағы діни ұстанымдарын пікірлерін тыңдап, тәжірибе алмасу болып табылады.
Бұдан әрі әңгімені баяндамашылар жалғастырды. Интернет-кеңістіктің қазіргі жағдайына келсек – бұл кез келген мән-мағынаны беру, белгілі бір бейнені қалпына келтіру, эмоция мен көңіл-күйді қалыптастыру және оларға әсер ету, дүниетанымдық ұстанымдарға ықпал ету, әрекет жасауға түрткі болу сияқты жан-жақты және шексіз мүмкіндіктерге ие өте тиімді байланыс құралы.Интернет халықтың барлықдеңгейі үшін өзара байланыс жасайтын қолжетімді құралға айналып келеді және ол қоғамдық міндеттердің ұйытқысы бола алады немесе интернет керісінше, халық арасына іріткі салу мақсатында да пайдаланылуы мүмкін. Баяндамашылар адамзат бүгінде қол жеткізіп отырған байланыс саласындағы ғылыми-прогресстің тиімді, тиімсіз жақтарына тоқталып, жан жақты талқылады.
–Заманауи ақпараттық қоғам жағдайында радикализм мен терроризммен күрестің әртүрлі аспектілерінің ішінде медиакеңістіктің мүмкіндігін кәдеге жарату өте өзекті болып табылады. Соңғы бірнеше онжылдықта жаһандану үдерісіне сәйкес БАҚ ықпалы айтарлықтай артып отырғаны рас. Қазіргі күні әрбір адам өзінің қай жерде өмір сүріп отырғанына қарамастан, телеарна, радио, ғаламтор желілері, газеттер мен журналдар және басқа да көздер арқылы кең ақпарат алу мүмкіндігіне ие. Сондықтан террористік топтар да және олармен күресетін құрылымдар да БАҚ көздерін өз мүдделеріне сай пайдалануға ұмтылады. Әртүрлі деректер террористік топтардың өз идеологияларын тарату, оны заңдастыру және лаңкестік әрекеттердің атын шығару мақсатында БАҚ мүмкіндіктерін пайдаланғылары келетінін көрсетіп отыр. БАҚ билік органдарына террористерді қылмыскер ретінде көрсету үшін және терроризммен күресуге қоғамдық қолдау алу үшін қажет. Медиакеңістікте терроризмге қарсы иммунитет қалыптастырудағы негізгі міндет – ол, бір жағынан, БАҚ бостандығын қамтамасыз ету, қоғамның ақпаратқа қол жетімділігін кепілдендіру арасында дұрыс тепе-теңдікті табу және, екінші жағынан, БАҚ-тардың радикализмді экстремизм мен террористік актілерді насихаттауына жол бермеу. Сондықтан медиакеңістіктегі бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдар терроризмге қарсы пәрменді күрес жүргізу үшін үнемі өзара ынтымақтасуы тиіс. Бұл екі тараптан да халықаралық құқық қорғау актілеріне, оның ішінде БАҚ бостандығы мен терроризммен күресуге қатысты құжаттарды басшылыққа алуды талап етеді. Осыған сай Қазақстан медиакеңістігінде қызмет ететін телеарналар мен басылымдар, интернет сайттары радикализмге қарсы тұрақты түрде ақпараттық насихат шараларын жүргізіп келеді, – дейдіФилософия, саясаттану және дінтану институтының докторанты Дәурен Дариябеков.