АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

КЕМЕДЕГІНІҢ ЖАНЫ БІР

скачанные файлыСәуір айында Барселоннан Дюссельдорфке аттанған Germanwings компаниясының Airbus A320 жолаушылар ұшағы Альпі тауының құзына барып соғылды. Ұшақ бортында болған 144 жолаушы, 6 экипаж мүшесі сол мезетте көз жұмды. Әрине, қайғылы жағдай, алайда әлемді дүр сілкіндірген 120 адамның қазасы емес, апатқа не себеп болғаны еді. Апаттың неден болғанын анықтайтын арнайы комиссия ұшақта ешқандай ақау болмағанын, авиакатастрофаға тікелей кінәлі екінші пилот Андреас Любиц екендігін анықтады. Әуе кемесінің командирі әжетханаға шығып кеткенде Андреас кабинаның есігін жауып алған да, автопилотты өшіріп, ұшақты жартасқа қарай бағыттаған екен. Оның депрессияда жүргені артынан белгілі болды. Әлемдік статистика бойынша, соңғы отыз жылдың ішінде Андреас сияқты жан күйзелісіне душар болған 44 пилот өмірмен қоштасу үшін ұшақтарын жерге қадапты. Суицидке барғандардың барлығы ер адамдар, олардың мұндай қадамға баруына отбасындағы жағдайлар себеп болғанын сарапшылар артынан анықтаған. Жолаушыларды көкке көтеріп, қайтпас сапарға алып кеткен ұшқыштарға қатысты бірнеше  оқиғаларды мысалға келтіруге болады. Бұл әуе апаттарына жан күйзелісіне ұшыраған ұшқыштардың тікелей қатысы бар екендігін арнайы комиссия анықтаған. Осындай оқиғалардың жиілеуіне байланысты, қазіргі кезде дәрігерлер әуеге көтерілетін ұшқыштардың денсаулығына ғана емес, психологиялық жағдайына да қатты назар аударатын болды.

 

 Эрминио дос Сантос Фернандес — LAM Mozambique Airlines, рейс 470 (2013 жыл)

         Андреас Любиц Germanwings трагедиясын ұйымдастыруынан тура екі жыл бұрын осыған ұқсас, 33 адамның өмірін қиған қайғылы оқиға Мозамбикте болды. Капитан Эрминио дос Сантос Фернандес екінші пилоттың әжетханаға шығып кетуін пайдаланып, автопилотты ажыратып, ұшақты тіктеп жерге бағыттаған. Ұшқыш өз өзіне қол салуға дайындалып жүргені соңынан белгілі болды.

Гамиль эль-Батути – EgyptAir, рейс 990 (1999 жыл)

         1999 жылы 31 қазанда EgyptAir компаниясының Boeing 767-366ER ұшағы Лос-Анджелестен Каирға ұшып шыққан. Жолдағы Нантакет аралының маңында теңізге құлаған. Әуе кемесінің бортындағы 218 жолаушы жан тапсырды. Артынша америкалықтар жүргізген тексерулердің нәтижесі бойынша апаттың себебі –  екінші пилот Гамиль Эль-Батутидің қасқана жасаған әрекетінен болған. Мысырлықтар апатқа себеп болған механикалық ақау деген тұжырым жасады. Алайда, ұшақ бортында қандай тетіктер іске қосылғанын немесе істен шыққанын, ұшқыштардың не айтқанын жазып отыратын «қара жәшіктегі» мәліметтер америкалық комиссияның сөзін растайды. Эль-Батути «Аллаға сендім» деп сыбырлаған да,, ұшақтың жылдамдығын минимумға дейін азайтқан. Кеме капитаны Ахмед Эль-Хабаши оған кедергі жасамақшы болған екен, бірақ үлгермеген.

Цу Вай Мин – SilkAir, рейс MI 185 (1997 жыл)

         1997 жылы 19 желтоқсанда Boeing 737-36N Индонезия астанасы Джакартадан Сингапурге ұшып шықты. Ауа райы ашық, әуе кемесі ақаусыз, жаңа болған. Ұшақ он шақырымдық крейсерлік биіктікке көтеріліп Суматра аралының үстімен кетіп бара жатқан. Кенеттен ол аударылып түсіп, вертикалды бағытпен төмен қарай құлады. Бортында 104 адамы бар ұшақ дыбыстан жоғары жылдамдықпен келіп Палембанг аумағындағы өзенге тұмсығымен кірген. Ұшақтың қатты соғылғаны соншалық, ұсақ бөлшектерге айналып жоқ болып кеткен. Оның ең ірі бөлшегі 3 метр ғана болған. Тексеру барысында борттағы дыбыс жазу құралы алдын ала өшірліп тасталғаны анықталды. Авиактастрофаның негізгі себебі – ұшқыш Цу Вай Миннің суицидке баруға бел байлауы деген шешім шығарылды. Оның мойнында ірі сомадағы қарызы болған екен.

Крис Фатсве — Air Botswana (1999 жыл)

         Жан күйзелісіне түсіп, өмірімен қоштасқысы келген тағы бір ұшқыш өзгелер сияқты жазықсыз жандардың өмірін қиған жоқ. 1999 жылы 11 қазанда Габороне әуежайынан ATR-42 ұшағымен әуеге көтерілген ұшқыш Крис Фатсве екі сағатқа жуық айналып ұшып жүрген. Ұшақта ол жалғыз өзі ғана болған. Ұшқыш радио арқылы бақылау-диспетчерлік пунктке хабарласып «мен өмірден кеткім келеді» деген, содан кейін ол  Ботсвана вице-президенті Яно Хаммен байланыстыруды талап етеді. Фатсве ұшақты Air Botswana офисіне қарай бағыттап, жарып жіберетіндігін айтады. Бірақ онда адамдар бар екенін естігеннен соң ATR-42 ұшағын әуежайда тұрған осындай екі ұшаққа қарай бұрып, төбеден соққан. Үш ұшақ жарылып, өзі о дүниеге аттанды. Ресми түрде әуе компаниясы бұл оқиғаны  суицидке жатқызды.

Сэйдзи Катагири — Japan Airlines, рейс 350 (1983 жыл)

 1983 жылы 35 жастағы әуе кемесінің капитаны Сэйдзи Катагири ұшып келе жатқан DC-8 жолаушылар ұшағының қозғалтқышын реверске (кері қозғалыс) қойған. Нәтижесінде ұшақ Токио шығанағына апатты жағдайда қонуға мәжбүр болды. Бортта отырған 174 жолаушының 24-і қаза тапты. Мұның алдында, әуежайға жақындап қалғанда пилоттың денсаулығы дұрыс емес екендігі хабарланған, Катагири кабинада отырып дауыс салып жылаған екен. Тексеру кезінде Сэйдзи Катагири ұшу алдында депрессиялық жағдайда болған, сонымен қатар онда жиі галлюцинация болған.

         Юнес Хайати — Royal Air Maroc, рейс 630 (1994 жыл)

         32 жастағы капитан Юнес Хайати 1994 жылы ATR 42-312 жолаушылар ұшағын бұрып әкеліп, тауға соқты. Ұшақ бортында келе жатқан 44 адам көз жұмды. Осыншама адамның өмірі сеніп тапсырылған жас жігіттің суицидке баруына махабаттағы сәтсіздік себеп болған екен. Өзіне қарамай қойған бір қыздың кесірінен өзі ғана өле салмай қаншама жанның өмірін қиған капитанның психикасы бұрыннан дұрыс болмаған деген шешім шығарылды.

         Брайан Дж Хеджлин –Сент-Джордж әуежайындағы оқиға (2012 жыл)

         2012 жылы өзінің қалыңдығын өлтірді деген айыппен іздеу жарияланған 40 жастағы пилот Брайан Дж Хеджлин Skywest компаниясының ұшағына мініп қашпақшы болған. Ол ұшақты ұшу жолағына қарай бағыттаған кезде әуежай ғимаратын қанатымен соққан, содан кейін бірнеше автокөліктермен соқтығысып, ақыры ұшып кете алмайтын болған соң басына оқ атып ұшақтың ішінде жан тапсырды. 

Владимир Серков – Новосибирск (1976 жыл)

         1976 жылы 26 қыркүйек күні елең-алаңда ұшқыш Владимир Серков Ан-2 ұшағына мініп, Новосибирск қаласындағы Северный әуежайынан рұқсатсыз көкке көтерілді. Ол төменгі биіктікте қаланы айналып біраз уақыт ұшып жүрген, содан кейін тұрғын үйлердің біріне бұрылып келіп үшінші мен төртінші қабаттың ортасына ұшақты ұрған. Серков сол жерде қаза болды, артынша лап еткен өрттен тағы төрт адам көз жұмған. Тексеру барысында ұшқышты мұндай жағдайға итермелеген қызғаныш сезімі болып шықты. Серковтың әйелі мұны тастап, дәл осы үйде тұрып жатқан басқа біреуге кетіп қалған екен.

         Кемедегінің жаны бір, деп бекер айтпайды. Әуеге көтерілген жолаушылардың өмірі тек ұшақтың техникалық ақауларына ғана емес, кейбір кездерде психологиялық дағдарысқа ұшырап, жан күйзелісіне түскен пилоттардың да жағдайына байланысты. Бірақ жоғарыда баяндалған оқиғалар өте сирек кездеседі. Егер күн сайын әлем бойынша 25 мың ұшақ көкке көтеріліп, қонып жатқанын ескерсек, ұшқыштардың психикалық дағдарысына қатысты отыз жылдың ішінде болған 44 жағдай аса көп емес.

Қайыржан ТӨРЕЖАН