АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН.ҚАРСЫ БАРЛАУ ҚЫРАНЫ

садбеноаЖұмақан Қалиұлы Садбенов – фашистік Германияға қарсы шайқасқан,одан кейінгі жылдардағы қырғи-қабақ соғыс кезінде мемлекеттің қауіпсіздігін қорғаған, елімізгеарнайы тапсырмамен келіп, астыртын жұмыс істеген сыртқы жаумен күрескен батыр аталарымыздың бірі. Ұлы Отан соғысы кезіндегі жанкешті ерліктері үшін және мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ұзақ жылдар бойы істеген нәтижелі қызметі үшін Жұмақан Садбенов І дәрежелі Ұлы Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және Кеңес Одағының көптеген жауынгерлік медальдарымен, сондай-ақ, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Жұмақан аға 1978 жылы полковник шенінде отставкаға шыққаннан бері Алматыда тұрады. Ақсақалдың майданда бірге болған қарулас достарының қатары бүгінде сиреп қалды, бірақ ұзақ жылдар Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде қызметтес болған әріптестері, кезінде өзі тәрбиелеген шәкірттері жақында болатын оның 90 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындалып жатыр. 

 

         Жұмақан Садбенов туған Алматының түбіндегі №3 деп аталатын кішкентай ауыл бұрын Талғар ауданына қараған, кейіннен Іле ауданына өтті. Отбасындағы 11 баладан ең үлкен апайы Нұрша мен осы Жұмақан ғана аман қалды, қалғандары сол жылдары жайлаған шешек індетінен қайтыс болды. Есі енді кіріп қалған кезде шешелері дүние салды. Бұл кезде Жұмақан 5 жасқа енді келген. Елде ұжымдастыру науқаны жүріп, артынша отызыншы жылдардың ашаршылығы басталған ауыр заман. Кішкентай Жұмақанды әкесі тұрмыс құрған үлкен қызы Нұршаға табыстады. Олар Алматыда тұратын.

–  Шәріп Бүркітбаев деген жездем жақсы адам еді, майданға кетіп оралмады, – деп Жұмақан аға сол бір қиын кездерді есіне алады. –  Сол кезде Алматы – Талғар жолы салынып жатқан, жездем сонда бригадир болды. Солардың қолында тұрып мектепті бітірдім. Соғыс басталғанда 10-сыныпқа көшкенмін. Көп ұзамай майданнан жаралыларды әкеле бастады. Көптеген зауыт, фабрикалар, театрлар Алматыға эвакуацияланды. Бізді Алматыға көшірілген «Мосфильмге» ағаш кесіп дайындадық. «Киров» зауыты да сол кездерде осында көшірілді. Біздің үйге сонда істейтін Николай дейтін инженер пәтерге тұрды. 1942 жылы күзде бізді әскер қатарына шақырды. Қазіргі «Алма-Арасан»моншасына қарама-қарсы жерде №1 қалалық монша болатын. Соның ауласына жинап майданға аттандыратын. Әкем келіп мені сол жерден шығарып салды. Мені Ташкент түбіндегі танк училищесіне жіберді, онда бір жарым жыл оқып, кіші лейтенант әскери атағын алдым. Одан әрі Мәскеуге барып қайта дайындықтан өттім.

Жастайынан жұмыс істеп шыныққан, разряды бар мықты спортшы, білімді Жұмақан Садбеновты әскери басшылық танкке отырғызғаннан гөрі алғы шептегі жау әскерінің аумағына білдіртпей кіріп-шығатын әскери барлауға жіберген дұрыс болар деп шешкен сияқты. Барлаушылар мектебінде кіші лейтенант Садбенов диверсиялық, байланыс, картография сияқты барлау қызметінің айла-тәсілдерін, қоян-қолтық ұрыстардың әдістерін үйренді. Сөйтіп, ол 4-Украина майданына аттанды. І-гвардиялық Армияның 351 дербес дивизиясының құрамында арнайы барлау взводының командирі болып тағайындалды. Алғашқы ұрысқа Карпат тауларында, Кошице қаласының маңында кірді. Әрі қарайЖұмақан Садбенов 11- атқыштар корпусының құрамында  шегінген жауды өкшелеп отырып, Прага қаласын азат етті. 1945 жылдың ақпанында бұлар «Кіші Германияға» кірді. Садбеновтың басшылығымен барлаушылар тобы бірнеше мәрте жау тылына барып «тіл» әкелді, фашистердің шабуылдау жоспарлары жөніндегі маңызды құжаттарды басшылыққа жеткізді, жаудың маңызды объектілеріне диверсиялық шабуылдар жасады. Сол жылы көктемде жау тылына барып жоғары шендегі вермахт офицерін құпия құжаттарымен байлап әкелгені үшін Жұмақан Садбенов Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды.

– 1945 жылы 8 мамырда біз Оломоуц деген фашистердің мықты бекінісін басып алып, әрі қарай шабуылдадық. Гитлердің капитуляция жасағанын сол маңдағы елдімекендердің бірінде естідік. Сол жерде Жеңісті тойладық, чехтар бізді сырамен сыйлады. Біздің дивизияны Стри қаласында таратып, мен 13-механикаландырылған дивизияның құрамында «бандерашыларды» жоюға жіберді. Оларды талқандағаннан кейін Батыс Украинадағы қалалардың бірінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі әскери комендант болып тағайындалдым. Сол кезде үлкен саяси оқиға болып саналғанКСРО Жоғарғы кеңесінің 1946 жылы 6 ақпанда өткенсайлауын ұйымдастырдық. ІІІ Рейх әскерлері бірнеше жыл қанаған Украина жерінде азық-түлік жағдайы өте қиын болды. Халық аш болды. Ауқатты адамдар қолдарындағы астықты бергісі келмей тықпалады. Осы кездерде біз тұрғындардың азық-түлік мәселесін жолға қоюға көмектестік. Сөйтіп, елге 1947 жылы бір-ақ оралдым. Алматыдағы Фрунзе аудандық комсомол ұйымының бірінші хатшысы мені Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігіне қызметке жіберді, – деп әңгімелейді Жұмақан Қалиұлы.

Жұмақан Садбенов Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі – Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жүйесінде қызмет еткен уақытта жедел уәкілдің көмекшісінен Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚК) жетекші жедел басқармасының бастығына дейін көтерілді, Қазақстан МҚК коллегиясының мүшесі болды. Батыс елдерінің КСРО-ға қарсы бастаған «қырғи қабақ соғысы»АҚШ және одақтастарының арнайы қызметінің барлау және басқа да арандату әрекеттерін белсендіргені белгілі. Оларды Кеңес Одағының әскери әлеуеті туралы кез келген ақпарат, соның ішінде мұнда жасалып жатқан атом бомбасы қатты қызықтырды. Осы кездерде Жұмақан Садбенов МҚК 2-бөлімінде (қарсы барлау) қызмет ететін. Жедел мәліметтер бойынша америкалық барлауды Семей өңірі қатты қызықтырып отырғаны белгілі болды. Қарсы барлау бағытында істейтін Садбенов жау агентін анықтап, ұстау шараларына белсенді араласты. 1951 жылы ол Семей ядролық полигоны жөнінде шпиондық ақпараттар жинау үшін Кеңес Одағының аумағына әуе арқылы түсірілген америкалық агент – нелегал «С-ны» қолға түсіру операциясына қатысты.

Соғыс жылдарында дұрыстап оқи алмаған өзінің замандас-құрдастары сияқты, Жұмақан Садбенов те оқуын кейіннен жалғастырды. 1955 жылы КСРО МҚК Жоғары мектебіне түсті. Мәскеуде оқып жүріп ол Комитеттің оперативтік бөлімдерінің құрамында қарсы барлау операцияларына қатысты. Осы жұмыстардағы көрсеткен нәтижелі жұмыстары үшін КСРО МҚК тарапынан марапатталды. Жоғарғы мектепті бітірген соң, Садбенов әскери қызметін әрі қарай жалғастыру үшін Қостанай облыстық МҚК басқармасына жіберілді. Мұнда ол бөлім бастығының орынбасары, содан кейін бөлім бастығы болып қызмет істеді. Осы жылдары Қазақстанда  тың игеру науқаны басталып, мұнда халық жан-жақтан жаппай көшіп келе бастады. Оның кәсіби және ұйымдастырушылық қабылеті осы жерде көрінді. Тың игеруге келгендердің ішінен Садбенов басқарған бөлім бұрын фашистердің қарамағында барлау қызметінде болған, басқа да қашып жүрген қауіпті бірнеше қылмыскерлерді анықтап, ұстады.

Өз жұмысын жақсы білетін, тыңғылықты, тәжірибелі қызметкер ретінде Жұмақан Садбенов 1964 жылы Мәскеуге, КСРО МҚК Орталық аппаратына ауыстырылды. Мұнда да ол жақсы жақтарынан көрінді. Мемлекет қауіпсіздігіне қатысы бар ірі қарсы барлау операцияларына қатысты, елдегі болып жатқан оперативті-саяси жағдайларға, өзгерістерге байланысты қарсы барлау қызметін жетілдіруге атсалысты. Жұмақан Садбенов Мәскеудегі МҚК Орталық аппаратында он жыл қызмет етті. 1974 жылы Қазақ КСР МҚК қайтып келген Садбенов 1978 жылы отставкаға шыққанша осы мекеменің белді басқармаларының бірін басқарды. Бұл кезеңде ол Кеңес Одағы тұсында кез келген республикада болуы мүмкін террористік және экстремистік әрекеттердің алдын алуға басты назар аударып, осы бағыттағы қызметті басқарды. Көптеген шәкірт дайындады. Оның оперативтік бай тәжірибесі, жоғары кәсібилігі, қарапайымдылығы, адамды үйіріп алатын кішіпейілдігі, жауапкершілігі үшін оны ұжымы, әріптестері сыйлады, қазірге дейін ұмытпай әрқашан байланысып отырады. Осындай біртоға мінезінің арқасында ақсақал бүгінде тоқсан жасқа  келіп отыр. Торқалы тойыңыз құтты болсын, ардагер аға, жүзге келіңіз деген тілек айтамыз!